Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Абырой биігіндегі алғашқы ұстаз

Абырой биігіндегі алғашқы ұстаз

«Білім негізі – бастауышта қаланады», – дейді білікті педагогтар. Иә, «Жаста берген тәрбие – жас шыбықты игендей» екенін бастауышта дәріс беретін әрбір ұстаз жақсы біледі. Біздің кейіпкеріміз Мирамкүл Әкімжанова алғашқы ұстазына еліктеп, өскенде бастауыш сынып мұғалімі болуды алдына мақсат етіп қойды. Өйткені, оны балалар әлемі қатты қызықтыратын.

М.Әкімжанова кент орталығындағы №35 орта мектепті бітіргеннен кейін Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының бас­тауыш сыныптар педагогикасы және әдістеме факультетіне оқуға түсті. Білімге зерек, алғыр қыз студенттік жылдарын ізденуге, қоғамдық жұмыстарға арнады. Жоғарғы оқу орнын 1983 жылы бітіргеннен соң өзі түлеп ұшқан №35 орта мектепке бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Міне, содан бері табаны күректей 37 жыл өтіпті.

«Қырық жыл мұғалім болсаң да, қырық минуттық сабаққа дайындал» деген қағиданы білікті ұстаз әрдайым жадында ұстайды. Білімді оқытушының бастауыш сынып шәкірттеріне беретін дәрістері дидактикалық мақсатының айқындылығымен, логикалық мазмұнымен ерек­шеленіп, сабақ жоспарына сәйкес сөздік және көрнекі құралдарды пайдалана отырып, тапсырманы ұғынықты етіп түсіндіреді. Бұл шәкірттердің білімге, жаңаны білуге деген қызығушылығын арт­тырады. Шығыс халықтарында айтылатын: «Бала қымбат болса, баланың тәрбиесі одан да қымбат» деген тәмсілді білікті педагог өз жұмысында әрдайым басшылыққа алады. Үнемі ізденісте жүретін білімді, білікті педагог өз кә­сі­бінен бай тәжірибе жинақтады. 2003 жылы жарық көрген облыс мұғалімдерінің «Математикадан дидактикалық материалдар» кітапшасына іс-тәжірибесі енгізілді. Ізденімпаз ұстаз білімін үнемі жетілдіріп отырады. Ол 2008 жылы «Бастауыш білім беру деңгейінде жеке тұлғаға бағытталған педагогикалық және ақпараттық технологияларды пайдалану тиімділігі», 2012 жылы «Тұлғаны әлеуметтендіру және қалыптастыру тәрбие үдерісін дамытудың жаңа амалдары» атты оқыту курстарын бітірген.

Бастауыш сыныпта терең теориялық білі­мін практикамен ұштастыра білетін тәжі­рибе ұстаздың зерттеп жүрген тақырыбы – оқу­шы­ларды шығармашылық жұмысқа баулу. Соған орай, ардақты жанның 1999–2012 жылдары республикалық «Бастауыш мектеп» журналына іс-тәжірибесі жарияланған. Сондай-ақ, он екі жылдық білім беруге көшу жағ­дайында мұғалімдердің кәсіби-педагогикалық дайындығына қатысты республикалық ғылыми-практикалық пән конференцияларының жинақ­тарына М.Әкімжанованың баяндамасы енген.

Ізденімпаз ұстаздың ауданның білім беру саласындағы еңбектері де орасан. Ол 1994 жылы аудандық «Жыл мұғалімі» конкурсына қатысып, бірінші орынды жеңіп алды. Соған орай аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Білім саласындағы көп жылғы еңбегінің нәтижесінде Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, облыстық білім департаментінің, Білім және Ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен, 2008 жылы «Астанаға – 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

2017 жылы «Мектепке дейінгі бастауыш жалпы орта білім берудегі өзекті мәселелер: тәсілдері мен шешу жолдары республикалық конференция­да баяндамасы тыңдалып, жинаққа енген.

2011 жылдан бері №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей директорының бастауыш оқу ісі орынбасары болып еңбек ететін Мирамкүл Әкімжанова – «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалінің иегері. Өткен жылы ҚР Білім және ғылым министірінің Алғыс хатымен марапатталса, кешегі мұғалімдер күнінде осы саланың облыстық кәсіподақ комитеті «Бір көлік» шипажайына жолдама сыйлады. Өйткені, Мирамкүл Наушақызының екі бірдей шәкірті биыл мектеп-лицейді «Алтын белгіге» бітірген болатын. Сондай-ақ аудан әкімінің қабылдауында болып, Алғыс хатпен марапатталды.

«Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» дейді халық даналығы. Қазіргі ғылым мен білім дамыған заманда білікті мұғалімдердің бәсі арта түседі. Олай болса, жас ұрпақ болашағының жолында аянбай тер төгіп жүрген, талай шәкіртітң абырой биігіндегі алғашқы ұстазы атанған Мейрамкүл Әкімжановаға шығармашылық табыс­тар тілейміз.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ
07 қазан 2020 ж. 1 064 0