Көркем сөз оқудың үздігі
Әріп танып, мектепке алғаш барған күннен бастап, кітап оқуға құмар болған Анар Төленованы бұл сүйікті ісіне баулыған оның әжесі Әсия апа. Кезінде ауданда жауапты қызмет атқарған Әсия Масилова қолы қалт етсе, кітапханаға барып, жаңа кітаптармен танысуға асығатын. Енді міне, бұл қызығушылығы немересінің бойына дарығаны қандай керемет.
Анар Төленова – №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 6 сынып оқушысы, оқу озаты. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде оның қабілетін шыңдаған ұстазы Дариха Раманқұлдың еңбегі зор. Талапты оқушыны түрлі байқауларға апарып, үнемі жүлдемен оралуына бірден бір себепкер болған ардақты ұстаз. Анардың бастауыш сыныптағы жетістіктері бір портфолияға жинақталған. Көптеген дипломның арасында екінші сыныпта оқып жүріп, халықаралық қашықтықтағы олимпиадаға қатысып, үшінші орынды иеленгені үшін алған марапаты жас талапкерді көркем сөз оқуға деген ынтасын арттырды. Бұл күні Анардың өлең сөздерін жылдам жаттап алу мен есте сақтау қабілетінің ерекшелігін ескерген қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Ұлболсын Қалхоразова оқушыға күнделікті тапсырма беріп, оның нәтижесін қадағалайды.
Жақында Анар Төленова "Лидер.кz" республикалық дарынды оқушылар порталының қолдауымен ұйымдастырылған жалпы республикалық байқауға қатысып, "Көркем оқу" атты шығармашылық байқауда даралығын көрсетіп, ерекше өнерімен үздік деп танылып, І - дәрежелі дипломмен марапатталды. Он-лайн түрінде өткен байқауға қатысуға мүмкіндік берген ұстазы оқушысынан әлі талай жетістіктер күтеді.
Осы байқауда жеңімпаз атанған талантты оқушының тілге деген құрметі де ерекше. Анар ұлы ақын Абай Құнанбайұлының, ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін аз уақытта жаттап алуымен ерекшеленеді. Өлеңнің әрбір сөзіне, оның мағынасына мән беріп оқығанда, өзі де қалай жылдам жаттап алғанын сезбей қалады. Дарындылық деген осы емес пе? Оның өлеңге деген сүйіспеншілігі күн сайын арта түсуде.
Қолынан әдеби кітаптарды тастамай, ізденіп, оқып жүретін, жаны шағармашылыққа жақын Анар Төленова болашақта ұлағатты ұстаз болғысы келеді. Қазір бірыңғай білім алуға ден қойған талапты оқушы әдебиетпен қатар ағылшын тілін, математика пәнін ерекше сүйіп оқиды. "Талаптыға нұр жауар" демекші бос уақытын қосымша сабақтармен қатар қоғамдық жұмыстарға жұмсайтын Анар сыныбының белсенді оқушысы.
Бибісара ЖАНӘЛІ