Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнегелі өмір иесі

Өнегелі өмір иесі

Тағдыры тағылымға толы Анар Ізбасарова апайдың барлық саналы ғұмыры аудан орталығындағы білім ұяларының қара шаңырағы саналатын №35 бұрынғы М.И.Калинин, қазіргі И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицеймен тығыз байланысты. Ұлағатты ұстаз Тереңөзек кентінде дүниеге келіп, аталған мектепте 10 жыл білім нәрімен сусындаған. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өзіне бастауышта сабақ берген Ұлтай Болғанбаева апай тәрізді ұстаз болғысы келуді армандаған. Осы бір асыл арман мектеп бітірген жас қызды Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеге алып барыпты.
Арнаулы орта оқу орнын бітіргеннен кейін Анар Ізбасарова сүйікті мектебімен қайта қауышып, енді шәкірт емес, қолында табақтай дипломы бар бастауыш мектеп мұғалімі болып, еңбек жолын бастады. Ұстаздық еңбек оңай емес, әрине. Осындайда "Әлемдегі ең қиын да, күрделі, жауапкершілігін ештеңеге теңей алмайтын жүк - адам тәрбиелеу" деген салмақты сөз еске түседі. Дегенмен, Анар Қарымсаққызы алған бетінен қайтпай, арманын жүзеге асыруға құлшыныспен кірісті. Және де жас мұғалім білімнің негізі - бастауышта екенін әрдайым жадында ұстады.
- Мен ұстаздық жолымды бастағанда білім ұясын Қазақ ССР-не еңбек сіңірген мұғалім Алданазаров Сақыбек ағай басқаратын. Тәлімгер ұстазым Қаражанова Нағима апай болды,- деп еске алады жастық жылдарын Анар Қарымсаққызы. - Осындай білікті ұстаздардан үйрене жүріп, педагогикалық тәжірибем жинақталды, шәкірт жүрегіне жол тауып, еңбегім жанды. Менің ұстаздық еңбегімнің халыққа танылуына мектеп директоры Ажар Әзқожаева апайдың да еңбегі зор болды.
А.Ізбасарованың "Білім негізі - бастауышта" тақырыбындағы іс-тәжірибесін аудандық білім бөлімі плакат етіп шығарып, аудан мектептеріне таратты. Сондай-ақ ізденімпаз ұстаз білімін одан әрі жетілдіруді де ұмытқан жоқ. Еңбектен қол үзбей жүріп, 1975 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын сырттай оқып, бітірді.
Озық іс-тәжірибесімен ауданға танылған білікті ұстаз облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының бастауыш класс бірлестігінде де сабақ өткізді. Бұл дәріс әріптестері тарапынан жоғары бағаланып, соның нәтижесінде облыстық білім басқармасы жас ұстаздың іс-тәжірибесін кітапша етіп шығарып, облыс мектептеріне таратты. Оның 1982, 1984, 1985, 1986 жылдары республикалық "Бастауыш мектеп" журналында "Бастауыш сыныпты оқыту іс-тәжірибесі туралы" мақалалары үздіксіз жарияланды. Сондай-ақ облыстық педагогикалық оқуда "Оқушыларды қазақ тілі сабағында адамгершілікке тәрбиелеу" деген баяндамасы жоғары бағаланды. Ол ізденімпаздық, белсенді қызметінің нәтижесінде әріптестерінің қолдауымен оқу, жоғары мектеп және ғылыми мекемелер қызметкерлері кәсіподағының ХХ, ХХІ, ХХІІ облыстық конференцияларына делегат болып қатысты. Белсенді жан 1979 жылы "Оныншы бесжылдық екпіндісі" белгісімен марапатталса, 1984 жылы "Аға мұғалім" атағына ие болды. Ал 1986 жылы "Ыбырай Алтынсарин" медалімен марапатталды. Жоғары санатты мұғалім 1988 жылдан 1994 жылға дейін мектеп директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарды. А.Ізбасарова 1995 жылы зейнет демалысына шықса да, мектеппен байланысын еш уақытта үзбей келеді. Ауданда, мектепте өткізілетін қоғамдық жұмыстардың, іс-шаралардың бел ортасында жүреді. Ол 2010 жылдан бастап №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы. Мектептің педагогикалық ұжымымен бірлесе отырып, ардагерлер ұйымына арнайы бөлме ашып, "Қарттарым - асыл қазынам" атты стенд ардагерлермен өткізілген іс-шаралардан, жеке ардагерлер өмірі туралы альбомдар жасақтады. Ардагерлер ұйымының бастамасымен жас ұрпақтарға ұлттық салт-дәстүрлерімізді, ата-бабаларымыздың асыл мұрасын қадірлеуге үйрету мақсатында "Бабалардан-ұлағат, ұрпақтарға-аманат" атты іс-шара жанұя сыйластығы туралы "Еркек-майдан, әйел-тыл", ұстаз еңбегін құрметтеуге арналған "Ұрпағына үлгі болған ұстаз" дөңгелек үстелі, "Жаныңда жүр жақсы адам", "Бар жақсылықтың бастауы-ұстаз еңбегінде" деген тақырыпта кездесулер өткізілді. "Өзгенің бақытын аялап, өзінің уақытын аямаған" ұстаздың шәкірттері республика, облыс, аудан көлемінде ел жүгін арқалап, халық шаруашлығының әр түрлі саласында еңбек етуде.
Ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, өз үлесін қосып келе жатқан ұстаздың еңбектері еленіп, ол 2004, 2006 жылы аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, 2010 жылы облыс әкімінің Алғыс хатымен, 2008, 2010 жылдары облыстық білім департаментінің құттықтау хатымен, Тәуелсіздіктің 20 жылдығында аудан әкімінің Алғыс хатымен, 2006, 2009, 2012, 2014 жылдары аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Ұлағатты ұстаздың өнегелі өмір жолы "Ай дидарлы аналар", "Сырдария", "Болсайшы, ұстаздардың бәрі осындай" атты кітаптарға енді. "Сырдария ауданының Құрметті азаматы" атанды.
Саналы ғұмыры білім саласына арналған Анар Ізбасарова апай қандай мақтауға да лайық жан. Ардақты ұстаз жан серігі Сабыр ағаймен бірге ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Бүгінде балдай тәтті немерелер сүйіп отырған бақытты отбасының шамшырағы. Бүгін ардақты ана, ұлағатты ұстаз, өнегелі өмір иесінің туған күні. Апайға шын жүректен зор денсаулық, мол бақыт тілейміз. Ақылшы ұстаз, ардақты ардагер болып жүре беріңіз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

23 ақпан 2020 ж. 1 148 0