Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде «қызыл көйлек» киген бала көп

Елімізде «қызыл көйлек» киген бала көп

Өткен ғасырдың бел ортасында жазылған кейбір повесть пен романды оқығаннан байқайтынымыз, кейіпкердің балалары «қызыл көйлек киді» деген тіркес жиі пайдаланылады. Бұл дегеніміз – олардың қызылша дертіне шалдыққанын аңғартады. Бір үйден 5-6 балаға дейін дерттен көз жұмып, ата-анасының қиындыққа тап болатыны көркем әдебиетте жиі кездесетін. Заман өзгеріп, медицина дамыған тұста қызылшаның алдын алу тәсілін ғалымдар ойлап тапты. Қазіргі уақытта дертті жеңудің жалғыз жолы – вакцина алу.

Осыдан 63 жыл бұрын америкалық вирусолог Джон Эндерс ойлап тапқан вакцина дерттің таралуына едәуір тежеу болғаны белгілі. Осылайша, «қызыл көйлек» киген балалар саны азайып, дерттің асқыну белгісі бәсеңдей бастаған. Негізінен, MMR vaccine атауымен салынатын екпе қызылша, қызамық және паротитке қарсы біріктірілген түрде қолданысқа енгізілген. Өткен жылдың 12 айында аудан көлемінде вакцинаны 1 жастағы 630, 6 жастағы 691 бала алған. Өз кезегінде Сырдария аудандық ауру­ханасының иммунолог-дә­рігері Әділет Бостанов вакцина алуға байланысты мәлімет келтірді.

– Аудан көлемінде қы­зыл­шаға қарсы екпе алуға байланысты ата-аналарға түсіндірме жұмысын жүр­гіземіз. Вакцина – бала өмірінің қорғанышы. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, бала­ларға вакцина егу жұмысы тұрақты жүргізіледі. Әрине, көп жағдайда ата-ана арасында түсініспеушілік кездесіп жатады. Мұндайда қызылшаның қауіптілігін ескеріп, дәрігер кеңесіне жүгінген абзал. Бүгінде бала қызылшаға қарсы вакцина алмаса «Педиатрия және балалар хирургиясы» ғылыми орталығы науқастарды қабылдамауы мүмкін. Облыс көлемінде эпидемиологиялық ахуалдың күрделі болуына байланысты сақтық іс-шарасын күшейткен дұрыс, – деді иммунолог-дәрігер.

Қызылша дертінің белең алуы республика аумағында өткен жылдың қараша айынан бастау алған. Бұл ретте өңірімізде аталған дерт анықталған науқастардың 80 пайызы екпе алмаған салдарынан болған. Олардың 58 пайызы ата-аналардың қарсы болуына байланысты. Ал өңірімізде өткен жылы анықталған 339 деректің 71,1 пайызы екпе алмағандар қатарында.

– Жыл басынан бері аудан бойынша қызылша ауру­шаңдығына байланысты 3 нақтыланбаған жағдай тір­келді. Бүгінде сан түрлі вирустық белгісі бар дерттің басым бөлігі қызылшаға сәй­кес келеді. Сондықтан әл­сіздік, дене қызуының көтерілуі, бөртпе секілді сырқат белгісі пайда болған жағ­дайда қызылшаның бар-жоғын анықтау үшін нау­қастың зертханалық қоры­­тындысын күтеміз. Оң қоры­­тынды шықпаған жағ­­­дайда нақтыланбаған са­натқа жатқызылады. Қа­­­зіргі уақытта ау­дандық ауру­­ханамен бірлесіп, қы­зылша дертіне қарсы вакцина алуға байланысты жү­йелі жұмыс жасалуда. Осы күні 1 жаста 31, 6 жаста 45 бала екпе алды, – деді Сырдария аудандық санитариялық-эпи­­­де­миологиялық бақы­лау басқармасының эпи­де­­миологиялық бақылау, қыз­­­­­метті жоспарлау және тал­­дау бөлімінің басшысы Данияр Балтабаев.

Қашанда бейқамдық пен немқұрайлылық ата-ана тарапынан жасалмаған жағдайда бала өміріне қауіп төнбесі анық. Бүгінде денсаулық сақтау саласы бойынша өзекті мәселеге айналып отырған дертті ауыздықтау өз еркімізбен жүзеге асатыны нақты дәлелденіп отыр.

– Ауа-тамшы жолы арқылы түшкіргенде, жөтел­генде жұғатын дерттің бел­гісіне дене қызуы, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу, көздің қызаруы, жас ағу, әлсіздік жатады. Бөртпе пайда бола бастағанда алдымен бет пен құлаққа шығып, кейін бүкіл денеге жайылады. Ең қауіпті топқа 5 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, иммунитеті төмен адам жатады. Қызылшаның вирусты жоятын арнайы емі болмағанымен, дене қызуын түсіруге, сұйықтық көптеп беруге байланысты ем-шара жасалады, – деді аудандық аурухананың жұқпалы аурулар дәрігері Мереке Ізтаева.

Үлкен мегаполистерде қызылшаға қарсы балаларды созылмалы дерті бойынша екпе алмаған жағдайда ауруханаға жатқызуға шектеу қойылуда. Расында, эпидемиологиялық ахуалды аудандық аурухананың сала мамандары қатаң бақылауда ұстап отыр. Мәселен, эпи­де­миолог-дәрігерлер Гүл­зат Баджанова мен Гүл­мира Исаева ахуалдың күрделенбеуіне байланысты аймақ бөлінісіне сай жұмысты күшейтуге мүдделі.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
24 ақпан 2026 ж. 39 0