«ҚЫЗЫЛ КӨЙЛЕК» ДЕРТКЕ ДАУА БОЛА МА?
Мектептен келе сала 10 жасар балам:
– Анашым, мен қызылша болдым ба? – деп сұрады.
– Иә, бес жасыңда ауырдың, оны неге сұрадың, – дедім мен де.
– Мен енді қайта ауырмаймын ба? – дейді асығып.
– Әрине, ауырмайсың – дедім, жауабыма қуанатынын сезіп.
– Бүгін мектепте бізге медбике апай қызылша туралы айтты. Ол жұқпалы екен...
Мен баламның сөзінен бала үшін аты қызық естілетін дерт туралы әлде де білгісі келіп тұрғанын біліп, бар білетінімді айта бастадым.
Суық тигендей басталатын аурумен көбіне жас балалар ауырады. Ыстығы көтеріліп, тәбеті болмайды. Бірнеше күннен соң денесіне қызыл бөртпелер шығады. Осындай кезде әжелеріміз баланы жылы ұстап, үйден шығармаған. Үйде науқас бала бар деген белгі ретінде сыртқы есіктің тұтқасына қызыл мата байлап қойған. Бұл сырттан келген кісіге берілетін белгі болса керек. Ал, баланың үстіне қызыл киім кигізу, жай ырым деп ойлаймын. Жұқпалы дерт ауа арқылы тарайды. Сондықтан сау баладан бөлек ұстап емдеген. Дәрігерлер қызылшамен ауырмау үшін немесе жеңіл өтуіне арнайы екпе егеді. Екпесі бар бала аз күнде сауығып кетеді.
Иә, бұл кесел қиын-қыстау кезеңде талай баланы жалмағаны белгілі. Бәрі арнайы екпенің болмауынан. Қазір бұл кедергі жойылды. Дүниеге келген сәбиге түрлі дерттен қорғау үшін екпе егіледі. Сөйтіп, кеселдің асқынуына жол берілмейді. Жалпы, кез-келген ауруға өз бетіңше ем жүргізуге болмайды. Міндетті түрде дәрігерге көріну керек.
Қызылша ауруы биылғы жылдың өзінде Астана қаласында ең көп тіркелгендігі анықталған. Республиканың өзге өңірлерінде Атырау, Түркістан, Ақмола облыстары мен Шымкент қаласында да көптеп кездесуде. Біздің облыста осы жылдың 17 қаңтарына дейін 2 жағдай тіркелген. Аудандағы эпидахуал туралы дәрігер-инфекционист Гүлжан Евниеваның айтуынша өткен жылы және жыл басынан бері қызылша дерегі тіркелмеген. Енді аталған жұқпалы аурудың алдын алу үшін дәрігер кеңесіне құлақ түрейік.
– Қызылша жұқпалылығы өте жоғары аурулар қатарына жатады. Әсіресе, тамаққа жарымайтын немесе туберкулез ауруына шалдыққан балаларға қауіпті. Ауру адаммен байланыста немесе қасында болғаннан кейін он күннен соң суық тию белгілері бойынша басталады: бұлар — қызу, тұмау, көздің қабынуы және жөтел. Ауру сәт сайын үдей түседі. Ауыз іші қабынып, ісініп, іш өтуі мүмкін. 2 немесе 3 күннен кейін ауыздың шырышты қабығында тұздың жартысындай кішкентай ақ дақтар көріне бастайды. Одан кейін екі немесе үш күн өткен соң құлақта және мойында, сосын бетте және денеде, ең соңында қол мен аяқта бөртпелер пайда болады. Денеге бөртпелер шыққаннан кейін баланың жағдайы жақсарады. Бөртпелер 5 күннің ішінде шығып болады. Кейде тері астына қанның құйылуы (қара қызылша) салдарынан шашыраңқы қара дақтар (көгерген жерлер) байқалады. Бұл дерттің өте күшті екендігін білдіреді. Мұндай жағдайда дәрігерлік көмек керек.
Емдеу жолдарына келсек, бала төсекте жатуы керек, сұйықты көп ішіп, құнарлы тамақ жегені жөн. Егер ол қою тамақты жей алмаса, сұйық сорпа беріңіз. Егер балаға емшек ему қиынға соқса, онда емшекті сауып, сүтті қасықпен ішкізіңіз.
Көздің бүлінуін болдырмау үшін мүмкіндігінше А дәруменін беріңіз. Қызу көтерілгенде және бала тынышсызданғанда парацетомол беру қажет. Егер құлағы ауырса, антибиотиктер ішкізген жөн. Өкпесінің қабынғандығын, менингитті немесе құлақ пен асқазанның қатты ауырғандығын білдіретін белгілер байқалса, дәрігер шақырыңыз. Егер баланың іші өтсе регидрационды су беріңіз.
Алдын алу шараларына тоқталсақ, қызылшамен ауырған баланы басқа балалардан бөлек ұстау керек. Әсіресе, тамаққа жарымаудан болатын аурумен ауыратын, туберкулезбен немесе бойға сіңіп кеткен басқадай аурумен ауыратын балаларды сақтандыру керек. Қызылшамен ауырып жатқан баласы бар үйге басқа үйдің балаларының келуіне болмайды. Қызылша ауруы бар үйдің балалары бұл аурумен ауырмаған жағдайда мектепке, дүкенге немесе басқа да қоғамдық орындарға 10 күнге дейін баруына болмайды. Жас балалар ағзасының қызылша ауруына қарсы тұрып, шетінемеуі ушін олардың жетіліп, ет алуы қажет. 8 айдан 14 айға дейінгі бала қызылшаға қарсы егіледі. Бұл маңызды дертті әрбір ата-ана білгені жөн.
Б.ЖАНӘЛІ