Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал қызметкер, мейірімді ана

Адал қызметкер, мейірімді ана

Атқаратын қызметімен әр адам ерекшеленеді. Бірақ кез келген салада барлық жан құрметтейтін бір қызметкер болатыны анық. Соның бірі – Жетікөл ауылдық фельдшерлік бекеттің кіші буын қызметкері Самал Сәрсенбайқызы.

Еңбек жолында табысын адалынан, маңдай терімен тауып жүрген Самал Тамабаева – Қоғалыкөл ауылының тумасы. Қызылорда гуманитарлық кол­лед­жін бағдарламашы мамандығы бойынша бітірген. Араға көп уақыт салмай 2009 жылы жолдасы Руслан Қожахметовпен бас қосып, Жетікөл ауылына келін болып түседі. Ата-енесінің бабын тауып отырған Самал екі ұл, бір қыздың анасы. Өмірлік серігі Руслан ауылдың мешітінде имам қызметін атқарып, игі істерге араласып, көпшіліктің алғысына бөленген жан. Ал қызмет жолына келер болсақ, фельдшерлік бекетке 2021 жылы жұмысқа орналасқан. Қазіргі таң­да мекеменің қарауылы, от жағушысы әрі кіші буын қызметін қатар алып жүрген Самал Сәрсенбайқызы жұмысына жауапкершілікпен қарайды.

– Бұл салада қызмет етіп келе жатқаныма көп уақыт өтпесе де тез сіңісіп кете алдым. Негізі медициналық бекет көршілес Аманкелді ауылының амбулаториясына қарайды. Бізде тек алғашқы фельдшерлік көмек көрсетіледі. Ауылда тұрғындар саны аз болғандықтан мекемеде екі адам болып қана қызмет етеміз. Менің қызметімнің ең маңыздысы қаралуға, емін алуға келген науқасқа таза әрі жылы, жайлы орта қалыптастыру. Күнделікті санитарлық тазалықты сақтай отырып, залалсыздандыру жұмыстарын жүргіземін. Бөлімшенің талапқа сай таза болуы ем алуға келген науқастардың көңілін жайландыратыны анық. «Адамға көмектесу – ең үлкен сауап» деген ұс­та­ным­мен еңбек етуді мақсат етемін. Ақ халатты абзал жандардың қызметін жауап­кершілікпен атқаруы, халыққа жанашырлықпен көмек­тесуі маған медицина саласында білім алуыма күш-жігер берді. Қазіргі таңда білімімді жетілдіріп, университет жанындағы медициналық колледжде қосымша оқу үстіндемін. Басты арманым – білікті медбике атанып, халыққа қызмет көрсету, – дейді Самал Сәрсенбайқызы.

Өзі көпбалалы отбасынан шыққан тоғыз ағайын­дының кенжесі. Аға-әпкелерінің ізін қуып, еңбек етуге құштар болған жан. Бүгінде өз отауының түтінін түтетіп отырған аяулы жар, үлгілі келін, мейірімді ана.

Г.ТАБЫНБАЙ

21 ақпан 2026 ж. 41 0