Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шалғай ауылдағы медициналық бекет

Шалғай ауылдағы медициналық бекет

Өткен жылдың қорытындысында ауданнан шалғай жатқан елді мекен Жетікөл ауылы жөнінде, оның тыныс-тіршілігі жайында арнайы бет әзірленген болатын. Газет тілшілері жыл бойы жоспар бойынша барлық ауылдық округке сапарлап, елді мекеннің еңбек адамдары мен кәсіпкерлері туралы газетте арнайы бет әзірледі. Сол мақсатпен «Жер жәннаты Жетікөлдің» медициналық бекетінің жұмысын көріп, елге көрсетіп отырған қызметін де арнайы бетке арқау еттік.

Жетікөл ауылының құрылуы аты айтып тұрғандай «Қайырсуат», «Қышқұдық», «Балықтыкөл», «Қарой», «Манабай» көлі, «Қожабай» көлі, «Жың­ғыл­­дыкөл» атты жеті көлдің атауымен байланыс­ты. Осы төңіректі айнала орналасқан жеті көлдің құрметіне «Жетікөл» атанғанын ел-жұрт жақсы біледі. Ауыл құрылған жылдан бастап басқарған басшылар мал шаруашылығына ден қойып, мал басының көбеюіне атсалысқан. Содан соң мал азығын дайын­дау шаруашылығы, мал бордақылау орны болып бел­гіленген. Елді мекенге қоныстанған тұрғындар үшін ауылда жаңа тұрғын үйлер салынған. Жүйелі ұйым­дастырылған жұмыстың нәтижесінде ауылдың аты облысқа танылып, аудандағы маңдайалды шаруа­шылық саналған.

Өткен ғасырдың ауыртпалық кезеңінде тоқы­рауға ұшыраған совхоздың жұмысы біржолата тоқ­тағанымен ауыл халқы ескі қоныстан көшпей әрбір үйдің түтіні түзу шығып, елдің бірлігі сақталған.

Бүгінде тарихы терең ауыл аудандағы халық саны ең аз елді мекеннің бірі. Мұнда тұрғындарға меди­циналық алғашқы көмек көрсететін шағын болса да өз емдеу мекемесі бар. Ауылдық медициналық бекет алғашқыда фельдшерлік акушерлік бекет болып ашылған. Кейін ауыл акушері қысқартылып, қазір тұрақты бір ғана фельдшері бар медициналық мекемеге айналған. Ауылға жақын орналасқан Аман­келді ауылынан тұрғындардың денсаулығын бақылауға, ауырып, ем іздегендерге дәрігер Жанар Аманкелдина келіп, медициналық қызмет көрсетеді.

– Жетікөлдегі медециналық бекет 2013 жылы пайдалануға берілген. Қазір мұнда фельдшер мен кіші буын медицина қызметкері тұрақты жұмыс істейді. Ауылдағы 145 отбасындағы 649 халыққа медициналық көмек көрсетіп отырған дәрігер мен фельдшердің жұмысы қауырт десе болады. Тәуліктің кез келген уақытында ауырып қалған жанның жанынан табылуға асығып, алғашқы көмек беретін де осы мамандар. Ауылдағы 1 тыл ардагері, 72 зейнеткер, 20 мүмкіндігі шектеулі азамат, 13 «Алтын алқа», 13 «Күміс алқа» иесі, 26 жас көпбалалы ана, 14 жасқа дейінгі 118 баланың денсаулығы алдыңғы қатарда бақылауда болады. Өткен жылы 10 әйел аман есен босанып, сәбилерін қолына алды. Негізгі міндетімізге жауапкершілікпен қарап, аурудың алдын алуға күшімізді саламыз, – дейді тәжірибелі дәрігер Жанар Аманкелдина.
Ауыл фельдшері Айман Шаяева – дәрігердің сенімді серігі. Фельдшер жанына дауа іздеп келген әрбір жанға дәрігердің нұсқаулығымен ем-шара жасап, аса қиын жағдайда алғашқы көмек беретін ауылдағы жалғыз медицина маманы. Ол екі жыл сайын жасына байланысты тұрғындардың профилактикалық тексеруден өтуіне жауапты. Ал кіші буын медицина қызметкері Самал Тамабаева емдеу мекемесінің тазалығына, санитарлық жағдайына жауапты. Ол күнделікті жұмысына тиянақты, әрі науқас жандардың жайлы жерде ем алуына жағдай жасайды. Медициналық бекеттегі қабылдау бөлмесі, ем-шара бөлмесі мен егу бөлмесінің мұнтаздай таза болып тұруына күшін салады.

«Денсаулық – зор байлық». «Дені сау адам – елдің ертеңгі жалғасы». Сондықтан ауыл тұрғындарының жаны да, дені де сау болуы үшін аянбай тер төгіп, уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерен.

Елі мен жері құт, берекелі ауыл Жетікөлмен қо­ры­тындыланған сапардан ой түйгеніміз – шағын ауылдың бүгінгі көрінісіне көз сүйсінеді. Таза, түзу жолы бар, көшесі электр шамымен жарқыраған ауыл­дың ахуалы да жақсы. Тұрғындар қыс мезгілін артқа тастап, көктемгі науқанға дайындық үстінде. Ауыл халқының дені мал шаруашылығымен айналысып, жерге егін егіп, нәпақасын алуды мақсат еткен. Ауылдың дамуы, тұрғындардың денсаулығы – жайлы өмір сүруіне, тұрмыстық жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізуде.

Бибісара ЖАНӘЛІ
21 ақпан 2026 ж. 38 0