Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызметіне адал үлгілі жан

Қызметіне адал үлгілі жан

Адал еңбек пен жауапкершілік – бас­ты құндылықтың бірі. Кез келген салада өз ісіне шынайы берілген, қарапайым, өнегелі жандар болады. Олар көпшіліктің көзіне көрінбей еңбек еткені және атқарған ісі арқылы үлкен құрметке ие. Осындай жандардың бірі – Бесарық ауылына қарасты дәрігерлік амбулаторияның кіші буын қызметкері Ғалия Абдраманова.

Ғалия Ишанбайқызы негізінен Амангелді ауылының тумасы. Ол 1976-1985 жылдар аралығында ауылдық №42 орта мектепті жақсы нәтижемен бітіріп, Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың ағылшын пәні мұғалімі мамандығына түседі. 1988 жылы белгілі бір себеппен оқуын толық аяқтай алмай, академиялық үзіліс алған. Бұған қарамастан еңбек жолын 1988-1994 жыл аралығында білік­тілігімен ауылдың балабақшасында тәрбиеші маман­дығымен бастаған. Сол жылы Бесарық ауылына келін болып, өмірлік серігі Бақыт Бәкіровпен бас қосып, шаңырақ көтереді.

Тынбай еңбек ету, сабырмен іс істеу өмірлік ұстанымына айналған. Тұрмысқа шыққаннан кейін келіндік қызметі мен бала тәрбиесін қолға алып, ата-ененің разылығын алған. Арқасүйер тірегімен 2 ұл, 2 қызды тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Ауылдық амбулаториядағы еңбек жолын 2012 жылы бастап, үй шаруасы мен жұмысты қатар алып жүрген еңбекқор жан 5 немеренің әжесі. Өзінің қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, әр іске тиянақты қарауы оның болмысын айрықша ерекшелендіріп тұрады. Кейіпкеріміз тек ісімен емес, мінезімен де үлгі бола білген еңбек адамы.

– Осы салада қызмет етіп келе жатқаныма 13 жылдан асыпты. Бастапқы жұмысқа орналасқан жылдары үй тірлігі мен жұмысты қатар алып жүру қиындық туғызатын. Қазір келінім бар, шүкір! Қолым ұзарып, әже болып отырмын. Немерелерімнің барлығы ұл бала. Жолдасым екеуміз балаларды оқытып, тәрбиесіне көп көңіл бөлдік. Қазір үлкен қызым мұғалім, екі ұлым да жұмысшы мамандар. Біреуі – жүргізуші, екіншісі –дәнекерлеуші. Ал кіші қызым оқуын биыл бітірді. Жұмысым екінші үйім сияқты. Әріптестерім де бар құрметке лайық. Дәрігерлік амбулаторияның тазалығын сақтау біздің жауапкершілігімізде. Емделуші науқастардың жайлылығы әркез бірінші орында. Сондықтан олардың тез сауығуы мен ақ халаттылардың қызметінің сапасы артуы үшін барымызды саламыз, – дейді Ғалия Абдраманова.

Кез келген ортаға шуағын төге білетін асыл жан әріптестерінің арасында да сыйлы. Оның мейірімге толы жүрегі нағыз әже болмысын айқындайды. Ол үшін жұмыс – тек міндет емес, жүрек қалауымен атқаратын іс. Науқастардың тез оңалуына зор үлес қосатын қарапайым қызметкер. Ол жас буынмен тіл табыса білетін, әріптестеріне қолдау көрсете алатын шынайы жанашыр жан. Қызмет барысында еңбегі еленіп аудан көлемінде бірнеше рет «Алғыс хатпен» марапатталған.

Адам өмірінің мәні – жүріп өткен асуына із қалдыру. Ол із міндетті түрде үлкен істермен өлшенбеуі мүмкін. Кейде сол із – адал еңбек, төзімді мінез, кішіпейіл болмыспен көрініс табады. Осындай қасиетті бойына дарыта білген ардақты жан – Ғалия Ишанбайқызы нағыз қарапайымдылықтың үлгісі.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
29 шілде 2025 ж. 560 0