Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ халатты абзал жан – Айман

Ақ халатты абзал жан – Айман

Фельдшер қызметі – жауап­кершілікті, төзімділікті, жана­шырлықты және шұғыл шешім қабылдай білуді талап етеді. Ауыл тұрғындары үшін фельдшер – тек медицина маманы ғана емес, сенімді көмекші әрі денсаулық сақшысы. Науқастарға рухани қолдау көрсетіп, мейірімділік пен жанашырлық танытатын, Жетікөл ауылының бар тұрғынына мейіріммен қарайтын фельдшерлік қызметті абыроймен атқарып жүрген – Айман Шаяева. Ол – өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайту жолында тынымсыз еңбек етіп келеді. Күн-түн демей шақыртуға шығып, әр науқастың жағдайына бей-жай қарамайды.

Медицина саласында аянбай ең­бек ететін медбике адам ден­саулығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Науқастарға күтім жасап, жағдайын үнемі бақылап отырады. Жетікөл ауылындағы фельдшерлік жұмысында Айман Шаяева жүкті әйелдер мен балалардың жағдайын қадағалап, профилактикалық жұ­мыс­тар атқарады. Бұл қызмет үлкен жауапкершілікті, төзімділікті және халыққа деген жанашырлықты талап етеді. Ауыл фельдшері – ауыл тұр­ғындарының денсаулығын қор­ғау­да маңызды рөл атқаратын, елге жақын әрі сенімді маман.

Айман Шаяева 36 жыл бұрын Қармақшы ауданына қарасты Ақжар ауылында дүниеге келген. Мектеп жасында-ақ ақ халатты абзал жанды дәрігер болуды армандайды. Мектеп түлегі арманын мақсатқа айналдырып, Қызылорда медициналық колледжінен фельдшерлік маман­дықты игеріп шыға­ды. Алғашқы жұмыс орнын Қармақшы ауда­нындағы «Темір жол» бекетінде мед­бике қыз­меті­нен бас­тай­ды.

Бойжеткен Айман өмір­лік серігін Амангелді ауы­лынан кезік­тіріп, шаңы­рақ көтереді. Жұмы­сын тоқ­татпай халыққа көмегін тигізіп қамқорлық көрсете білген Айман 2015 жылдан бастап қазіргі таңға дейін Сырдария ауданына қарасты Жетікөл ауылының медициналық бекетінде фельдшерлік қызметті үздік атқарып келеді.

– Жетікөл ауылында фельдшер болып жұмыс жасап жатқаныма да он жылдан асты. Осы уақытқа дейін қуанышты, кейде қиын сәттер жұмыс барысында көп кездеседі. Соған қарамай алға ұмтыламын. Білімімді шыңдаймын, үйренемін деп өз алдыма мақсат қойғанмын. Үнемі жанымнан табыла білген көмектерін аямайтын Амангелді ауылының дәрі­геріне, медбике апайларына алғыс білдіремін. Отбасым менің жұмысымды әрдайым қолдап отырады. Жолдасым Ерсұлтан Қасымов жеке кәсіппен айналысады. Бірге тәрбиелеп, өсіріп отырған Алланың берген 6 бала-шағамыз бар, – дейді ауыл фельдшері.

Осындай жауапты қызметпен қатар, көпбалалы ана болу – үлкен еңбек пен мейірімділікті талап етеді. Көпбалалы ана отбасында тәрбие мен жылулықтың тірегі болып, балаларын ізгілікке, еңбекқорлыққа баулиды. Ол қызмет пен отбасын қатар алып жүріп, сабырлылық пен төзімділіктің үлгісін көрсетеді.

Айман Шаяеваның кәсібіне деген адалдығы мен адамгершілігі көпке үлгі. Ауыл халқы оның біліктілігіне сенім артып, ақыл-кеңесіне жүгінеді. Оның ең басты ұстанымы – әр нау­қастың денсаулығын жақсартып қана қоймай, оларға үміт сыйлау. Осындай жанашыр жандардың арқа­сында ауыл медицинасы дамып, халық­тың денсаулығы нығая түсуде. Әрбір жанның дертіне дауа болып, үміт отын жағатын ақ халатты абзал жанның еңбегі қашанда құрметке лайық.

Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА

21 ақпан 2026 ж. 33 0