Қыз-келіншектердің сырласы

Бүгінде жемісті еңбек етіп келе жатқан білікті акушерка ауданға қарасты Қалжан ахун ауылындағы фельдшерлік-акушерлік бекетте қызмет атқарады. Қызметіне адал маман болашағын медицина саласына арнауды, соның ішінде акушерка болуды мақсат етеді. Армандаған мамандығын меңгеру үшін Жамбыл медициналық колледжіне оқуға түсіп, «акушер ісі маманы» бойынша оқуын тәмәмдайды. Қазіргі таңда сол бала күнгі арманы орындалып, 9 жылға жуық ана мен бала денсаулығының сақшысы болып табанды еңбек етуде. Жауапкершілік пен жұмысына деген адалдықты бірінші орынға қоятын жас маман осы ауылдың тумасы.
– Ең алғашқы еңбек жолым осы жерден басталды. Мен ауылдағы барлық әйел адамдарды, аяғы ауыр әйелдерді есепке алып, денсаулығын қадағалап, уақытылы дәрігерге көрінуін, аман-есен босануын қадағалаймын. Өткен жылы дүниеге 22 сәби дүниеге келсе, биыл 8 әйелдің аяғы ауыр. Жұмыс барысында неше түрлі жағдайларға кезігіп жатамыз. Осыдан 5 жыл бұрын ай-күні жақындап қалған келіншекті фельдшер Оразкүл Мұратова екеуіміз үйінен босандырып алған кезіміз де болды. Ана мен бала денсаулығын қорғауға атсалысып, көмек көрсете білу абыройлы іс деп білемін және де өз мамандығымды мақтан етемін, – дейді тәжірибелі акушерка Дана Болатқызы.
Өзінің біліктілігі мен тәжірибесі, ақ адал еңбегінің арқасында ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп келеді. Қызмет барысында жеткен жетістіктері жетерлік. Өз ісінің маманы жауапкершілігімен, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келе жатқан кейіпкеріміз әріптестерінің арасында сыйлы.
–Дана өз қызметіне жауапкершілікпен қарайтын, адал атқаратын мақтаулы маман. Еңбегімен алғыс алып жүрген медбике. Әрбір жүкті әйелдің көңілін таба біледі, – дейді әріптесі, мейірбике Жанат Жұмаділ.
Дана Дүйсенбаева қызметінде тәжірибелі акушер болса, отбасында асыл жар, аяулы ана. Жолдасы Жәнібек Абдрашовпен 2018 жылы отбасын құрған. Берекелі шаңырағында 2 бала тәрбиелеп отырған ата-ана.
Антына адал, қызметінен қуаныш пен бақыт таба білген Дана Болатқызына ауыл тұрғындарының алғысына бөлене беріңіз демекпіз.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА