Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мейірімді медбике

Мейірімді медбике

Медбикенің жұмысы адам өмірімен байланысты болғандықтан аса жауапты, әрі қиын. Медицина мекемесінде медбикенің орны бөлек. Ол дәрігердің науқасқа тағайындаған емін жүргізумен қатар, тұрғындардың денсаулығын қадағалайды. Әсіресе шалғайдағы медбикенің жұмысы ауыр, жұмысы көп. Кез келген уақытта науқасқа алғашқы жәрдем көрсететін де медбике.

Ауыл медбикесі Ғазиза Тілеубаева 38 жылдан бері Іңкәрдария ауылындағы фельдшерлік акушерлік бекетте еңбек ететін ең тәжірибелі маман. Оның алғашқы еңбек жолы өзі туып-өскен көршілес жатқан Жаңадария ауылында басталғанымен, 1985 жылы іңкәрдариялық азаматқа тұрмысқа шыққан соң, осы ауылда өмірі мен қызметі бір арнаға тоғысқан. Алғашқы еңбек жолында ауылға қарасты Қарақасқа учаскесінде фельдшер болып жұмыс істеген медбике малшы отбасылардың денсаулығын қадағалап, уақытылы ем-шара алуына, екпесін салуға күш салды. Осы 15 жылға созылған қызметін мінсіз атқарған соң ауыл фельдшері соңғы 23 жылдан бері ауыл орталығындағы медициналық мекемеде қажырлы еңбек етуде.

– Медбикеге жүктелген міндет көп. Осы уақытқа дейін бес дәрігермен жұмыс істедім. Бұрын ауылда емхана, стационар бар болатын. Қазір ауыл халқы санының азаюына байланысты фельдшерлік акушерлік бекет болып құрылымдалды. Мекемедегі 5 медбикенің жауапты міндеті бар. Мен балалар медбикесімін. Ауылдағы 14 жасқа дейінгі балалардың денсаулығын қадағалап, уақытылы екпе алуын, профилактикалық тексеруден өтуін қадағалаймын. Негізінен ауылда 14 жасқа дейін – 230, 1 жасқа дейін – 16, 0-5 жасқа дейін 76 бала бар. Жыл сайын 15 шақты нәресте дүниеге келеді, – дейді тәжірибелі балалар медбикесі Ғазиза Тілеубаева.

Ұзақ жылғы қызметінде түрлі жағдаймен бетпе бет келген медбике, біздің жұмыста «8 сағат істедім, жұмысым аяқталды» деген нәрсе жоқ. Ауру деген күн-түнге, жыл мезгіліне қарамайды. Кейде үй бетін көрмей жұмыс істейтін кездер болады» дейді.

– Адамдарға кез келген уақытта, оқыс жағдайдың бәрінде керекпіз. Мысалы, аяқ астынан әйел босанып қалуы мүмкін. Ол кезде әйелдің де, баланың да жағдайын ойлап, тезірек перзентханаға жеткізуге қамданамыз. Жұмыс істеп жүріп, жас мамандарға осы қызметтің қыр-сырын үйретіп үлгереміз. Оларға: «Бірінші өздеріңді сақтаңдар, ауырмауға тырысыңдар, сосын өте таза болыңдар», – деп өмірлік кеңес береміз, – дейді бізбен әңгімесінде Ғазиза Құдабайқызы.

Халықтың денсаулығы үшін алғы шепте жүретін ауыл медбикесі кейде дәрігерден бетер жұмыс істеуге мәжбүр болады. Өмір мен өлім арпалысқан шақта дұрыс шешім қабылдау – ақ халатты абзал жанның біліктілігіне, тәжірибесіне байланысты.

– Ғазиза Құдабайқызымен 2005 жылдан бері бірге еңбек етеміз. Арамыздағы жасы ең үлкені, тәжірибесі мол. Ол кісіден тиянақтылықты, таза, ұқыпты болуды үйрендік. Ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын бес саусақтай біледі, кімге қандай медициналық көмек көрсету керектігіне де аса мән береді. Ауыл балаларының уақытылы екпе алуын қадағалайды. Кейде ата-аналар тарапынан түсінбеушілік туындаса, түсіндіру жұмысын жүргізуге асығады. Өз жұмысына жауапты медбике қоғамдық жұмыстың да ортасында жүреді, – дейді әріптесі Гүлмира Қонақбаева.

Иә, медбике науқасқа қажет кезде үміт сыйлауы керек. Медбикенің жұмысына ең қажет нәрсе – өз ісіне және науқастарға жауапкершілікпен қарау. Әр емнің өз уақыты бар, соны ұстану керек, таза жүру керек. Тағы бір қажет нәрсе – білім. Жалпы барлық маманға білім керек, медбикелерге ол екі есе қажет.

Бүгінде отағасы Дастан Молданбетов – зейнеткер. Ол қырық жыл су шаруашылығында жұмыс істеген азамат. Ерлі-зайыптылар төрт баланы тәрбиелеп өсірген, оншақты немере сүйіп отырған ауылдың қадірменділері. Балаларының үлкендері түрлі салада еңбек етсе, кенжесі мектеп оқушысы. Жүрегі кең, мейірімді, сөзі де, алақаны да шипалы медбике ауыл балаларының ешқандай дертке шалдықпауын күн са­йын тілеп отырады. Ауыл тұрғындарына мейлі ол жас бала болсын, егде жастағы қария болсын тек үміт сыйлайтын қамқоршы.

Бибісара ЖАНӘЛІ

24 мамыр 2025 ж. 163 0