Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

13 желтоқсан 2025 ж.

№94 газет

09 желтоқсан 2025 ж.

№93 газет

06 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Тұрмысы түзеліп, түтіні түзу ұшқан ауыл

Тұрмысы түзеліп, түтіні түзу ұшқан ауыл

Ауданның елді мекендеріне сапарымыз Жетікөл ауылымен қорытындыланды. Аудан орталығынан ең шалғайда жатқан ауылдың тыныс-тіршілігімен танысу үшін сәрсенбінің сәтті күні көлікке мініп жүйтки жөнелдік. Алдымызға қойған мақсатымызға жету жолында алдымен ауыл әкімшілігіне соғып, мамандармен пікірлестік. Ауылдың даму қарқынын көзімізбен көріп, еңбек адамдарымен пікірлесіп, кәсіпкерліктің даму барысымен таныстық. Көше, жол, жарықтанудың жай жапсырына қанық болдық.

Жетікөл ауылының құрылуы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталу кезеңімен тұспа-тұс келеді. Қан майдан Кеңес әскерлерінің Жеңісімен аяқталғаннан кейінгі 1946 жылдың жаз мезгілінде елді мекеннен қашықтау «Манабай» көлінің бойына №10 колония көшіп келген. Ол кезеңде бұл маң айнала су болған. «Қайырсуат», «Қышқұдық», «Балықтыкөл», «Қарой», «Манабай» көлі, «Қожабай» көлі, «Жыңғылдыкөл» осы төңіректі айнала орналасқан. Осы жетікөлдің орналасуымен елді мекен «Жетікөл» атанған. Ал «Манабай» маңайы биіктеу болған соң 1947 жылы колония осы маңға орналасады. Колонияның іргетасы қаланып, қылмыстық жауапқа тартылғандар осында еңбек еткен.

1949 жылы төңіректі топан су басады. Осы шақта колония жер деңгейінен биік орналасқан «Бұқарбай» құмына көшкен. Бұл жерге бүкілодақ бойынша қылмыскерлер жеткізілген. Колонияда 1500-дің үстінде адам болып, 1949 жылдан бастап мұнда құрылыс қарқын алған. Көктем шыға үйлер бой көтеріп, клуб, монша салынған. Азықпен қамтамасыз ету үшін №1, 2, 3 алқапқа егін егілген. Клуб, монша, мал қорадан бөлек басшыларға 8 үй салыныпты. 1957 жылдың күзінде колония Қызылорда қаласына көшіп, желтоқсан айынан бастап бұл жер облыстық атқару комитетінің сауын фермасы болып ашылады. 150 бас сиыр, 50 басқа жуық жылқы бағылып, ет қалаға өткізіліп отырған. Алғашқы директор болып Орынбай Қылышбаев тағайындалған. 1958 жылы шаруашылық облыстық мал азығын дайындау фермасы болып ашылған. Жекеден мал қабылдау басталып, арнайы мал қабылдайтын мамандар тағайындалған. Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан 500-700 басқа дейін мал сатып алынған. Қой-ешкілер де сатып алынып, етке өткізілген. Мал басының көбеюіне байланысты егістік ұлғаяды. Соның нәтижесінде алғашқы техникалар алынған.

1962 жылдан бастап Жетікөл мал азығын да­йындау шаруашылығы, мал бордақылау орны болып белгіленеді. 1968 жылдың наурыз айында Сырдария аудандық мал бордақылау совхозына директор болып Сартай Мыханов келген. Ол қазіргі ауылдағы тұрғын үйлердің іргетасын қалап, елді мекеннің жағдайын жасаған азамат ретінде елдің есінде қалған. Совхозға қыруар қаржы бөлініп, техникалар берілгенде жұмысты жүйелі ұйымдастырып, аудандағы маңдайалды шаруашылық саналған.

1985-1986 жылдары шаруашылық жұмысы қайта тоқырауға ұшырайды. Алға жылжу жоқ. Малдың басы 1500 бастан аспайды. Мал азығында да жетіспеушілік бар. Мамандар малды көбіне жайылымдық жолмен семіртуге көшкен. Соның салдарынан мал шығыны орын алған. Осы шығындардың орнын толтырып, шаруашылықты түлету үшін облыстық партия комитеті 1986 жылдың ақпан айында Жарылқасын Камаловты директор етіп тағайындайды. Шаруашылықта техникалар жаңартылып, жұмыс жүйеге қойылғанда еңбеккерлер қатары жас мамандармен толыққан.


1988 жылы Ауыл шаруашылығы министрінің «Шығында отырған совхоздарды қосып, ірілендіру керек» деп Жетікөлді Айдарлы совхозына қосуға шешім шыққан. Совхозда жоңышқа көлемі 2500 гектарға, жүгері көлемі 700 гектарға жеткен. Жұмыстардың ұтымды ұйымдастырылуының арқасында мұнда бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізілген. Атап айтқанда, 1993 жылы совхоздың мал бордақылау алаңында 9400 бас өгіз, 150-ден аса жылқы тұрған. Одан бөлек, 1500-ге жуық сиыр, 23000 қой болған. Осыншама түлікке 27000 тонна сүрлемдік мал азығы дайындалған. Ол үшін 2000 гектер жерге жоңышқа, 1100 гектар жерге жүгері егілген.
Кезінде Айдарлы, Аманкелді ауылдарының құра­мында болған шағын ауыл тәуелсіздік жылдан кейін, яғни 2005 жылы ауылдық округ болып қайта құрылады. Бүгінде тарихы сонау колониядан басталған елді мекен шағын ауыл болса да тұрмысы түзеліп, түтіні түзу ұшқан ауылдың қатарында.

– Ауылдық округ бойынша 145 отбасында 649 халық тұрады. 1 тыл ардагері, 72 зейнеткер, 20 мүмкіндігі шектеулі азамат, 13 «Алтын алқа», 13 «Күміс алқа» иесі және 26 жас көпбалалы ана бар.

Ауылдық округте көктемгі және күзгі уақытта санитарлық тазарту және көркейту-көгалдандыру айлығын өткізуге қаржы қаралды. Қалдықтарды полигонға тасымалдайтын мердігер мекеме «Нұр» ЖК-мен келісімшарт жасалып, қалдықтар шығарылуда. Ауыл ішіндегі ағаштар, электр баға­налары әктеліп, аяқсу арықтары тазартылып, темір шарбақтар сырланды. 1000 дана көшет сатып алынып, отырғызылды. Елді мекенде балалар ойын алаңын қайта жаңғыртуға байланысты Қожан қожа ата мен М.Әуезов көшелерінің бойына балалар ойын алаңы және жаттығу алаңын дайындау және орнату жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу жарияланды. Жобаны «QazProduct» ЖШС ұтып алып, қазіргі таңда тиісті жұмыстары жүргізілуде.


Сондай-ақ аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесу барысында жиі көтеріліп келетін тұйықталған көшелердің арасына қиыршық тас төсеу қажеттігі мәселесі де өз шешімін тапты. Елді мекен бойынша бірнеше көшеге ағымдағы жөндеу – қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді ауыл әкімі Өмірбек Тоқпамбетов.


Жетікөл жастары белсенділік танытуда. 2023 жылы Жастар бригадасы құрылған. Бригада ауылға қарасты «Көктөбе» деген жерге бақша дақылын егіп, егінді жинап алды. Елді мекен ішінен өтетін «Хозцентр», «Жыңғылдыкөл», «Военторг» каналдарына тазалау жұмыстары толығымен жүргізіліп, аяқсу мәселесі шешім тапқан. Осыған байланысты ауыл тұрғындары егін шаруашылығына бет бұрған. Қазіргі таңда тұрғындардың 60 пайызы бақша дақылын егумен айналысуда. Биылғы жылы 70 гектарға жуық жерге бақша дақылын еккен.
Кәсіпкерлікті дамыту бағытында елді мекенде бірқатар жоба іске асты. Жыл басынан бас­тап 4 кәсіпкер жаңадан тіркелсе, жалпы тіркелген кәсіпкерлер саны – 60.


– Осы жылдың 11 айында жұмыспен қамту орталығы арқылы 18 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 3 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 12 адам қоғамдық жұмысқа, 3 адам жастар тәжірибесіне жолданды. Жұмыссыздық деңгейі осы кезеңде 5 пайызды құрады. Тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік себеті берілді. Демеушілер есебінен барлық 1-сынып оқушыларына мектеп сөмкесі мен оқу құралдары тарту етілді. «Ардагелерді ардайық» жобасы аясында аудан әкімінің қолдауымен елді мекеннен 2 ардагер «Сарыағаш» шипажайына барып демалып келді, – деді атқарылған жұмыс барысы туралы ауыл әкімі.

Шағын ауылдың бүгінгі тірлігіне көз сүйсінеді. Бұл тұрғындардың хал жағдайы жақсарып, кәсіпкерлікке ден қойғандардың қатары көбейгенін көрсетеді. Тұрғындардың дені мал шаруа­шылығымен айналысып, жерге егін егіп, нәпақасын алуда. Ауылдың дамуы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, тұрмыстық жағдайының жақсаруына оң әсерін тигізуде.


Бибісара ЖАНӘЛІ

13 желтоқсан 2025 ж. 32 0