Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » AMANAT: Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің жай-күйіне зерделеу жүргізілді

AMANAT: Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің жай-күйіне зерделеу жүргізілді

Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың хаттамалық тапсырмасына сәйкес Сырдария ауданындағы Бесарық, Н.Ілиясов ауылдарындағы әлеуметтік нысандарға және Тереңөзек кентіндегі халықтың осал топ иелеріне берілген тұрғын үйлердің жай-күйіне, «Руханият» орталығының жұмысына зерделеу жүргізілді.

Зерделеу жұмысына «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, Фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы, аудан әкімінің орынбасары, «Әкімдік» бастауыш партия ұйымының мүшесі Роллан Еспенбетов, Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, «Тоқтыбаев» бастауыш партия ұйымының төрайымы Жанна Сәркеева, Партиялық бақылау комиссиясының хатшысы Алтынай Жүнісова арнайы қатысты.

Мониторинг барысында спорт, денсаулық сақтау саласы нысандары, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған тұрғын үйлердің техникалық жағдайы қаралды. Ғимараттардың сапасы, инфрақұрылыммен қамтылуы, абаттандырылу деңгейі және тұрғындардың ұсыныс-пікірлері назарға алынды.

– Бюджет қаражаты жұмсалып, халықтың сұранысына сәйкес пайдалануға берілген әрбір нысан талапқа сай болуы керек. Бұл бағытта аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы арнайы тапсырма беріп, тапсырма бойынша жұмысшы топ құрылды. Жұмысшы топ құрамында «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының да өкілдері бар. Бүгін Партиялық бақылау комиссиясы мүшелерімен бірге әлеуметтік нысандарға және Тереңөзек кентіндегі халықтың осал топ иелеріне берілген тұрғын үйлердің жай-күйіне, «Руханият» орталығының жұмысына зерделеу жүргіздік. Ендігі мақсат – анықталған кемшіліктерді жою, мердігер мекеме өкілдері жауапкершілікпен қарауы қажет. «AMANAT» партиясы облыс әкімінің талабын қолдайды, әрбір нысанның халыққа сапалы қызмет көрсетуін, талапқа сай болуын бақылауда ұстайтын болады, – деп атап өтті «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, Фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы.


Зерделеу нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша тиісті мекемелерге нақты ұсыныстар беріліп, оларды жою мерзімдері белгіленді. Сонымен қатар, тұрғындардың өтініштері тыңдалып, өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұндай бірлескен бақылау шараларының мақсаты – бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету, халыққа сапалы қызмет көрсету және әлеуметтік нысандардың ұзақ мерзімді әрі қауіпсіз пайдаланылуын қадағалау. Алдағы уақытта да мониторинг жұмыстары жүйелі түрде жалғасатын болады.
14 ақпан 2026 ж. 49 0