«Тоқтыбаев» бастауыш партия ұйымында кездесу өткізілді
«AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы А.Ибрагимұлы Тереңөзек кентіндегі «Тоқтыбаев» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесті. Сондай-ақ партияның 2003 жылдан бері мүшесі болып, партиялық жобаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып, бүгінде Тоқтыбаев» бастауыш партия ұйымының жұмысына жетекшілік етіп келе жатқан Ү.Жұмабаеваға партияның Атқарушы хатшысы Д.Кәрібектің Алғыс хаты табыстады.
Еркін форматта өткізілген басқосуда «AMANAT» партиясының тарихы мен даму белестері, жобалары мен жоспарлы жұмыстары, сондай-ақ құндылықтары туралы айтылды.
– Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен дамуында «AMANAT» партиясының өзіндік орны бар. Партия тарихи кезеңдерде ел мүддесін бәрінен биік қойып, ортақ Отанымыздың өркендеуіне өз үлесін қосты. Бұл жұмыстарға аудандағы 3 мыңнан астам партия мүшесі де атсалысып келеді. Жалпы партияның есігі тұрғындар үшін әркез ашық. Біз күні кеше тұрғындар үшін өзекті мәселелерді талқылап, фракция отырысын өткіздік. Фракция отырысында Жол картасындағы орындалмау қаупі бар іс-шаралар бойынша тиісті бөлім, мекеме басшыларының есебін тыңдадық. Партия ауданды дамыту бағытындағы жұмыстарды сапалы орындалуын, уақытылы жүзеге асуын тұрақты бақылауда ұстайды. Сол жұмыстарды бастауыш партия ұйымдарының мүшелерімен бірлесе жүргізуге ынталымыз, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Бастауыш партия ұйымы мүшелерімен өткен кездесуде ұсыныс-пікірлер де айтылды. БПҰ төрағасы Үміт Жұмабаева бастауыш партия ұйымының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Жиын қорытындысында алда атқарылатын жұмыстар пысықталып, ортақ мүдде жолындағы мақсат-міндеттер айқындалды.