Құрылысшы ақын ұстаздыққа орала ма?
Өз басым Бақытжан Қалымбетпен танысқаныма он төрт жыл болыпты. Талай мықтының томағасын сыпырып, көптеген шығармашыл жастың «шеберханасына» айналған Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің №1 оқу ғимаратында ақынмын деген толқын жиналады. Жыл сайын ауылдан ағылып келген жалынды жастың басым бөлігі қаламды жанына серік етеді немесе біржолата жеріп кетеді. Қоңыр үнімен оқырманына төгілте өлең оқып тұратын кейіпкерімнің өмірі мүлде басқа арнаға ойысқан. Қазір ол – құрылысшы. Кейде ойланам, дипломы бар мұғалім, шабыты мен қабілетін басқара алатын ақын құрылыста не жоғалтты?– Бәке, қалайсыз, қандай тірлік қылып жатырсыз?
– Інім, құрылыстамын. Қара жұмысқа жегіліп, бүйірден қысқан нарыққа төтеп беріп жүрміз. Ойламаған жерден құрылыстың қазанында қайнап, кәдімгі қарапайым жұмысшы қатарындамын.
– Өлең жазып жүрсіз бе?
– Әрине. Қолым қалт еткенде өлең жазамын. Тек мұғалімдік қызметке орналасудың сәті түспеді.
Расында, жоғары оқу орнының дипломы шаң басып, сандықтың түбінде жатқаны өкінішті. Бақытжан Абдоллаұлы құрылыс алаңында жүрмеуі тиіс еді. Мектеп қабырғасында қызмет етіп, оқушысына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беретін нағыз уақытында екенін біліп отырмыз. Осыдан 3-4 жыл бұрын аудан және облыс көлемінде өткізілетін мүшәйрада жүлдегер қатарынан көрінетін жас ақынның тас қалаушыға, лай толы шелекті таситын жұмысшыға айналғанына қынжыламыз.
Бақытжан негізінен тоғыз жасында мектеп табалдырығын аттаған. Аралдың Жаңақұрылыс ауылында дүниеге келіп, Іңкәрдариядағы мектепке алғаш сабаққа барған. Ал ақиық ақын Асқар Тоқмағанбетов ауылындағы білім ошағын тәмамдаған. Сөз арқылы әлемді салатын суретшінің сан алуан тақырыптағы жыры бар. «Ақын көрмегенді көреді, айтпағанды айтады, сезбегенді сездіреді» деген ұғымды еш уақытта жоққа шығара алмаймыз. Қарапайым сөзді өнерге айналдыратын ақын жүрегінің қалауы – Жарқынай есімді аруға түскен.
Шиелінің аруымен көңіл жарастырған құрылысшы һәм ақынның жасы бүгінде 36-ға келді. Жөн-жосықты білетін Бәкең өлең – ақынның тынысы, сөз – оның қанаты екенін жақсы аңғарады. Мамандықтан, әрине, қазіргі жұмысынан жаңылысқанымен, шығармашыл азамат өмірлік жар таңдаудан қателескен емес. Барға қанағат етіп, жоқ болса қиындықты бірге еңсерген ерлі-зайыпты екі қызды тәрбиелеуде.
– Кімге келдің дейсің бе? Саған келгем.
Саған келгем бір-екі қадам жерден.
Алып-ұшып жеткенде пәк көңілім,
Қолымдағы барымды саған бергем, – деп жырлаған ақын өлеңінен мұң мен сыр анық байқалады. Жабыққан сәтте ғашығына сыр шертетін Бақытжан Қалымбет өлеңінің өміршең екенін аңғартады. Әрине, күні бойы құрылыс басынан табылып, күйбең тірліктен қажитын ақыннан төрт тағандап тұра қалатын өлең шығу қиын. Кейде ұйқас пен тармақтан ауытқу болғанымен, өлеңнің мазмұнын ашуға ақын талаптанады. Ел танитын ақын болып, оқырманға шығармашылығын мойындату үшін көптеген ізденіс қажет.
Бақытжанның әкесі осы кезге дейін ауылда мал бағып, бақташы атанған. Өрісте төрт түлікті күзеткен Абдолла ақсақал баласының жоғары білім алуын қалады. Шын мәнінде, Абдолланың ұлы әлі талай өзін әдеби ортада танытуға қарымы жетеді. Тек оған барынша шыңдалу керек. Құрылыстағы жұмысына айтар уәжіміз жоқ. Дегенмен, шығармашылық адамы өзге ортада жүріп, бастапқы қалпынан тайқып кетуі мүмкін.
Студент кезімізде дәріске келген ғалым Шанжархан Бекмағанбетов 25 балаға зер сала отырып:
– «Араларыңда кім ақын?» – деп сұрақ қойған еді. Ешбір мүдірместен барлық бала қол көтерді.
Сонда көреген ұстазымыз: «Төртінші курсқа дейін нағыз ақыннан бір-екі ғана адам қалады» деген болатын.
Бізден екі курс жоғары оқыған Бақытжан Қалымбет нағыз әдебиетті жаны сүйетін жастармен ұшырасты. Оның тобында ақын, сол кездің өзінде шығармашылық кешін өткізіп жүрген Ботакөз Бексары бар еді. Жігіттер жағы да шығармашылықтан қара жаяу емес. Аралдың «Толқын» газетінде қызмет еткен, кейін мұғалімдікке бет бұрған Мәди Құрманәлі, «Жалағаш жаршысы» газетінің бас редакторы Кенжетай Қайрақбаев, «Қоғам ТВ» телеарнасының журналисі Нұрдәулет Қалабеков, Шымкент қаласында асабалық қызмет атқарса да, шығармашылықтан алыстамаған Әділхан Төлегенов кейіпкерімізбен замандас әрі үзеңгілес болды. Ақындық қасиетті бойына құт санаған інілері Нұрлан Тәшім-тегі, Серікхан Жүзеев, Асылхан Ерниязов сырлас досқа айналды.
Қазір олармен Бәкеңнің байланысы үзілгенімен, түбі алдағы уақытта тілегі бір замандастар кейіпкерімізді ақындық өмірге, шығармашылық әлемге қайта әкелетініне сеніп көрейікші.
– Тағдыр әлі ініңді талай сынар,
Бірақ оған мен емес, қарай тұрар.
Ағасы бардың деуші еді жағасы бар,
Сен бар жерде жігерлі ән айтылар,
Сен жоқ жерде өкпе мен наз айтылар, – деп ағаларына қарата жыр арнаған Бақытжан Қалымбет іздеушісі бар ақынға, өз мамандығымен еңбек ететін ұстазға айналса деген тілегіміз бар.
Балтабай ОРДАБЕКОВ











