«Жыр жазамын Абайдың үлгісімен»
Ауданымызда небір талантты, дарынды оқушылар бар. Ертеңінен үміт күттіретін жалынды жастың бірі – ақжармалық Тұмарлан Өмірбек. Әкенің қанымен, ананың сүтімен бойына ақындық өнер дарыған дарынды жігітті шырқау шабыт талай биік белестерге жетелеп келеді. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының поэзиясын сүйіп оқитын ол дара тұлғаның өмірінен, өлеңінен көп үлгі алады.
Тұмарлан жақында облыстық дәстүрлі Абай оқуларына қатысып, жүлделі екінші орынды еншілеп қайтты. Айта кетейік, бұл жылы аталған байқауда бас жүлде мен бірінші орын берілмеді. Яғни қазылар алқасының шешіміне сәйкес ең жоғары марапат екінші орыннан басталды. Ал жүлделі орынды біздің жерлесіміз көптің ішінен үздік шығып, өз қанжығасына байлады. Абай Құнанбайұлының дүниеге келген күні қарсаңында жыл сайын ұйымдастырылатын Абай оқулары биылғы жылы да өз дәрежесінде өтті. Байқауға облыс орталығы мен аудандардан кіл үздіктер қатысып, бақ сынады. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бөлімі бойынша қатысушылар ақынға арнаған өз жанынан шығарған арнау өлеңдерін оқыды. Бәйгеге Тұмарлан Өмірбек «Абай – дара, Абай – дана қазақта» тақырыбындағы өлеңін ұсынды. Көпшілік алдында өз өлеңін мәнерлеп, беріле оқыған жас өркен қазылар алқасының көңілінен шықты. Сөйтіп, аудан абыройын асқақтатып, жоғары дәрежелі жүлдеге қол жеткізді.
Жырдан тұмар тағып, үлкен өмірге кең тыныспен қадам басып келе жатқан Тұмарлан – Ақжарма ауылдық округіндегі №130 Абай атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы. Биыл мектеп бітіріп, өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқалы отырған жас дарынымен қатарластарынан оза шауып келеді. Бұған дейін де республикалық, облыстық байқауларда топ жарып жүрген ол болашақта математика ғылымына бет бұрғысы келеді.
– Бала күнімнен Абай атамыздың өлеңдерін сүйіп оқыдым. Әдебиет әлеміне еркін бойлауыма ата-әжелерім мен ата-анамның және мектептегі ұстаздарымның ықпалы зор болды. Менің әдебиетке деген қызығушылығымды біліп, бойымдағы қабілетті аша білуде қолдау көрсетті. Қарап отырсақ, өмірдегі кез келген сұрақтың жауабын Абай атамыздың философиялық ой-толғамдарынан табуға болады. Сол себепті де ақын шығармашылығына жиі ден қоямын. Түсініп оқуға, ғибрат алуға тырысамын. Өлең жазуда да Абай атамнан үлгі алып келемін. Болашақ мамандығым ретінде қазіргі заман талабына сай ғылыми математика бағытын игергім келеді. Бірақ, ақ қағаз бен қара қаламды жанымнан бір сәтке тастамаймын деп ойлаймын. Себебі, шығармашылық адамына қағаз-қаламмен сырласу әркез жаңаша шабыт береді, – дейді ойлы жас.
– Тұмарлан 5-6 сыныптардан бастап өлең жаза бастады. Ақындық қасиет оған аталарынан берілген. Өз атасы Өмірбек те, нағашы атасы Бақыт та жанынан өлең шығаратын кісілер. Әкесі жағынан бауырларының да қалам алып, өлең жазатын қасиеттері бар. Міне, біздің Тұмарланға ақындық қасиет осылай дарыған. Талантты оқушы ауылымыздың, ауданның атын шығарып, түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Жақында Түркістан қаласында өткен республикалық байқаудан жүлделі бірінші орынмен оралған ол бұған дейін де талай бәйгеден жүйрік шықты. Биылғы Абай оқуларының облыстық кезеңінде дара шығуы да жалынды жастың талантының шыңдалып келе жатқанының көрінісі. Бұл Тұмарланның алғашқы да, соңғы да жетістігі емес. Жалынды жас қазақ елінің атын асқақтатар елдің ұланы болса деген тілегіміз бар, – дейді жас дарынның ұстазы Мейрамкүл Данышпанова.
Қызмет барысында аудандық білім бөлімінің мамандарымен байланыс орнатып, осындай дарынды оқушыларды ұсынуын сұрадық. Тиісті сала мамандары көп ойланбастан Тұмарлан Өмірбек есімді оқушының көзге түсіп, зеректік танытып, түрлі байқауларда жеңімпаз атанып жүргенін айтты. Біз Тұмарланмен байланыс орнату кезінде оның расында да жалынды, жігерлі жас екеніне көзіміз жете түсті. Алдымызға ұсынған алғыс хат пен дипломдарының көптігінен оқушының зор талабын байқадық. «Талаптыға нұр жауар» деген. Ендеше ақжармалық жас түлекке шығармашылық табыс пен сәттілік тілейміз.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ