Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 5 газет

21 қаңтар 2025 ж.

№4 газет

18 қаңтар 2025 ж.

№3 газет

14 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Махаббат мұнарасын тұрғызған жұп

Махаббат мұнарасын тұрғызған жұп

Танымал ақын, бірнеше жинақтың авторы, «Шабыт» фестивалінің лауреаты, облыс әкімінің «Тұран» сыйлығының иегері Нұрмұхаммед Әбілқасымов талантымен талайды тәнті қылғаны ел есінде. Өзге ақындардан ерек­шелігі оның мүмкіндігі шектеулі жан бола тұ­ра аузымен қаламды тістеп, өлең жазатыны оқырман қауымның таңданысын тудырды. Ақынның бабын тауып, өмірлік серігіне айналған аяулы жары Айгерім Нұрлановамен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Бүгінде 2 пер­зенттің анасы Айгеріммен эксклюзивті әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.

– Айгерім Қуанышқызы, ақын­­­ның жары ретінде ер аза­матыңыздың қандай қа­сие­­тін бағалайсыз?

– Мен жар таңдауда еш қате­лес­пеген екенмін. Нұрекеңнің әйел затына деген құрметі ерекше. Оның бойындағы басты қасие­ті зайыбын барынша сыйлауы деп білемін. Қолынан келгенше қол­дап отырады. Ешқашан жалған сөйлемейді. Өтірік айтқанды жек көреді. Шынайы, шындықты айтып, өз ұстанымынан таймайды. Бала­­ларына әркез қамқорлығын танытып отырады. Нәзік жанды жара­тылыс иесі болғандықтан, ер азаматымыздан мейірім, жылулық күтетініміз рас.

– Нұрмұхаммед ақын сізге қанша өлең арнады? Өзіңізге ұнайтыны қайсысы?

– Негізінен, ақынның жары болу оңай емес. Барлық сырды қас-қабағынан ұғынып отырамын. Оның жүректен шыққан өлеңдері адам санасын баурап алатыны сөзсіз. Кеңпейілді ер азаматым, аяулы жарым маған арнап бірнеше өлең жазғаны бар. Өзіме ұнайтыны: – Бойдағымда, жаным жалғыз жүдеді шын,
Ел алдында орындалды,тілегім шын.
Адастырмай жолымнан, Тәңір берген,
Сен менің жүрегімсің, тірегім­сің, – деген өлең жолдарынан бас­­талатын «Жан жарыма» туын­дысы. Жақында жолдасымның жа­ңа кітабы жарық көреді деп жос­парлануда. Облыс орталығында кітаптың тұсауын кеспекшіміз.

– Қазақтың дарынды азаматымен қалай таныстыңыз? Бақыт деген ұғымның құнды­лы­ғын сезіне алдыңыз ба?

– Екеумізді Алла Тағала қос­ты десем, қателеспеймін. Біз облыстық спорттық жарысқа бар­ғанда танысқан едік. Нұрекең шах­­­маттан бақ сынаса, мен үс­тел теннисінен өз шеберлігімді байқата алдым. Бірте-бірте тіл табыса келе, жұбымыз жарасып, арманымыз ортақ мүддеге айналды. Әрине, бақыт деген ұғымды алғаш перзент сүйген кезімде сезіндім. Ана бақытын сезініп, айрықша қуанышқа кенелдім.

– Жолдасыңыздың мінезін бір­­неше сөзбен суреттеп бере­сіз бе?

– Шындығында, сан түрлі болатыны жасырын емес. Өлең кұдіретін тереңнен сезінген жолдасымның көңіл-күйіне аса мән беремін. Кейде ашуға мініп, жауатын қара бұлттай көрінеді. Ал көңілді күліп отырса, күндей жарқырай түседі. Ақын жанын түсіне білген адам оның жаратылысында тылсым күш болатынын сезіне алады. Әрбір өлең шумағында зор тебіреністі, толқынысты, өмірге деген көзқа­рас­ты сезінуге болады.

– Жиі сырласасыздар ма?

– Бір-бірімізден сыр жасыр­май­мыз. Кейде сағаттап өткен күн­­ді еске аламыз. Болашақты бағ­дар­лай­мыз. Балаларымыздың ер­тең­­гі күніне жоспар құрамыз. Көп істе ақылдасып, ортақ шешім қабылдаймыз. Нұрекең өзі ха­қында «Арбадағы ақын жолы» тақы­ры­бында мөлтек сыр жазған еді. Сонда балалық шағы­­ның қиындыққа толы кезеңі сурет­теледі. Екеуміздің танысқан кез­дегі ішкі сезімі мен толқынысын кере­­мет баяндайды.

– Жаратылысы ерекше жан­­­­­ның зайыбы ретінде бас­тан өткерген қызық оқиға­лары­ңыз­ды айтып бересіз бе?

– Қызықты оқиға дейсіз бе? Біз­дің ең қызықты әрі тәтті, бақытты сәтіміз егіздеріміздің дүниеге кел­гені болар. Аяулы жарым мен «Пер­­зент­ханада» жатқанымда ақын Қалқаман Сариннен сүйінші сұ­рап­­ты. Қуанышты жаңалықты есті­ген ақын «Инстаграм» желісіне жариялап, дүйім жұртты хабардар етіпті. Жолдасым Қалқаман ақын­ға сәбилеріміздің есімін қоюға ұсы­ныс жасапты. Біз Қалқаман мен Қарақаттың ата-анасымыз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
21 қаңтар 2025 ж. 57 0