Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсы адам – ел ырысы немесе абырой биігіндегі ардақты азамат туралы тебіреніс

Жақсы адам – ел ырысы немесе абырой биігіндегі ардақты азамат туралы тебіреніс

Қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданының Құрметті азаматы Әріп Битілеуұлының есімі мен еңбегі, бекзат болмысы мен азаматтық қадір-қасиеті Сыр өңірі жұртшылығына, әсіресе елдің де, ердің де қадірін білетін зиялы қауымға етене таныс. Абырой биігіндегі ардақты азамат үлкенге ізетті іні, кішіге арқасүйер аға, ағайынға қамқор, қоғамға сыйлы тұлға деп нық сеніммен айта аламыз. Себебі, елге қызмет етудің, қоғам мүддесі жолында жұмыс істеудің үлгісін көрсеткен азамат талай қиын кезеңдерде қажыр-қайраты мен күш-жігерін, білім-біліктілігі мен пайым-парасатын, тәжірибесі мен іскерлігін, тазалығы мен тектілігін бір арнаға тоғыстыра білген тұлға.

Халық даналығында «Асыл адам айнымас» деген тағылымы мол даналық сөз бар. Бүгін мерейлі мерейтойына зор абыроймен қадам басып жатқан Әріп Битілеуұлы туралы кімнен сұрасаңыз да айнымас адалдығын, тазалығын сөз етеді. Аға буын ардагерлер абырой биігіндегі ардақты азаматты қарапайымдылықтан танбайтын, әлдекімдердей сындарлы сәттерде өзгермейтін, сөзге ермейтін болмысы бөлек тұлға десе, әріптестері қолының да, жолының да, жанының да тазалығын жоғары бағалайды. Ал кейінгі буын жастар, бүгінде қырықтың қырқасына шығып, елуді еңсерген азаматтар Әріп Битілеуұлын ұстаз тұтады. Азамат үшін бұдан асқан бақыт, халық­тың, қоғамның шынайы құрметінен асқан құндылық жоқ шығар, сірә!

Осыдан екі жыл бұрын ардақты азаматтың ақ жолы туралы тебіренісіміз бен жүрекжарды лебі­зімізді жетпіс жас мерейтойында жазғанбыз. Араға екі жыл салып, жетпіс екі жасқа толған туған күніңде тағы да қолға қалам алуды жөн көрдік. Бұл – шынайы құрметіміздің, азаматтың ағалық асқақ абыройына деген інілік ізетіміздің белгісі деп түйсінуге болады. Оның үстіне өмірде ғұмыры ғибратқа толы тағылымды тағдыр иелері туралы қанша жазсақ та, қалай айтсақ та жарасады емес пе! Ең бастысы, Әріп ағамыз көңілдегі көркем ойларға арқау боларлық жылы лебіздер мен жақсы сөздерге әбден лайықты.

Жетпіске де, Әріп ағамыз бүгін толып жатқан жетпіс екі жасқа да Құдай бұйыртса бәрі жетеді. Бірақ сол мерейлі жасқа, адам өмірінің айтулы беле­сіне әркім әрқалай жетеді. Сыр елінің саңлақ перзенттерінің бірі, жүрегі ел деп соғатын, туған жерінің түлеуіне, өңірдің өсіп-өркендеуіне шын тілеулес, белгілі кәсіпкер-меценат, мемлекеттік қызмет саласында жауапты басшылық лауазымдарды абыроймен атқарып, құрметті зейнет демалысына шыққан Әріп Битілеуұлы Хожбанов бұл жасқа шаршамай-шалдықпай, асықпай-аптықпай, еңсесін тік ұстап, тізгінді нық ұстап жетіп отыр. Қай қырынан алсақ та үлгілі, өнегелі. Парасат биігінен сөз саптайды. Қолға алған, атқарған істері де көштен ілгері. Маңыздысы сол, ел-халық, өзіміз етене араласып жүрген сырдариялық ардагерлер мен ат үстінде жүрген азаматтар Әріп Битілеуұлының еңбегін жоғары бағалайды. Ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен азаматты мақтайды, мақтан тұтады.

– Мен ауданның он екі бірінші басшысымен жұмыстас болдым. Солардың ішінде жадыма сіңіп, жаныма ерекше әсер еткендері бар. Сол аза­маттардың бірі де бірегейі – Әріп Хожбанов. 2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылы» ретінде көп іс-шаралар ұйымдастырылды. Әрекең әкімдікке өзге­ріс­терге толы жаңа кезеңде келді. Ол кезде мен аудандық музейдің директоры едім. Жаңа келген әкім бірінші қадамын музейден бастады. Бұл жайт мені қуантты. Әрекеңнің мәдениетке, руханиятқа ерекше көңіл бөлетіні бірден түсінікті болды. Музей ғимараты үш бөлмелі, экспонаттар сыймай жатқан. Осы жайын әкімге Сейітмұрат ағай жеткізген еді. Көп ұзамай музейге тағы екі бөлме қосылды. Бұл бір ең­бегі ғана. Әрекеңнің аудан үшін жасаған жарқын істері мен бастамаларын сөз етсек, бір мақала емес, кітапқа арқау болады, – дейді «Құрмет» орденінің иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Алма Бақтиярова.

Турасын айтып, әділ бағасын беретін, өмірден көргені де, түйгені де мол Алма Сайранқызының па­йымды пікірін тыңдап отырып, бірер жыл бұрын көзі тірісінде «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Ширек Сқақов айтқан орнықты ойлар есіме түсті.

– Әріп ауданға қиын кезде келді. Ол кісі келген кезде шаруашылықтар бөлініп кеткен, күнкөріс қиын. Қолында жанар-жағармай, тыңайтқыш тапшы, тіпті жоқ, егіншілердің еңсесі түскен кезең еді. Әрекең ауылдарға инвестор тартты. Мұнай кеніші басшыларымен тіл табысып, «Мүлкалан» серіктестігін құрып, осы серіктестік есебіне мұнайшылардан қомақты қаражат түсірді. Мәмілегерліктің, іскерліктің қандай болатынын көрсетті. Бюджетте ақша жоқтың қасы еді, іскер азамат сол жоқтың орнын толтырды. Болмысы қарапайым, жан дүниесі бай азамат үлкенді сыйлаудың да үлгісін көрсетті. Осы кезге дейін маған арнайы ат басын бұрып, сәлем беріп тұруды ұмытпайды. Бір кезде аудан басқарды, ақсақал есебінде ақыл-кеңесімізді алды. Ол кез қайда, артта қалды, енді қайырылмаса да ешкім өкпелей қоймас. Әрекең ондай болмыстың адамы емес екен, оның мінез-құлқында өзгергіштік жоқ. Қалыпқа құйған қорғасындай. Мен оны осы қасиеттері үшін құрмет тұтамын, – деп ой түйіндеген еді марқұм Ширек Сқақов атамыз.

Иә, адал еңбекті ту етіп, ел мүддесін бәрінен биік қойған азаматтың еңбегі жөнінде өз естелігімен бөлі­сетін азаматтар ауданымызда көп. Қиын кезеңде аудан әкімі болып, ауданымызға көп өзгеріс әкелген Әріп Битілеуұлының айқын қолтаңбасы әлі де сайрап жатыр. Мәселен, іскер азамат бастамашы болып, бой көтер­ген «Парасат» алаңы әлі күнге Тереңөзектің аудан­ның экономикалық ғана емес, рухани-мәдени орта­лығы екенін айшықтап тұр. Сол кездегі аудан бас­шысының ұйытқы болуымен ауылдарда салынған әлеуметтік нысандар, мектептер, жөнделген жолдар, жаңартылған электр желілері, тазартылған каналдар, тіпті су тасқыны кезеңіндегі тындырымды тірліктер халықтың жадында. Көпшілік іскер азаматтың тарихи құндылықтарды ерекше қастерлейтінін, қазақы салт-дәстүрге жетік екенін де жоғары бағалайды. Мәдение­тін, пайым-парасатын, тазалығын үлгі етеді. Ал қарапайымдылықпен ұштасқан қамқорлығын, жа­­на­­­­шырлығын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Сон­­­­дықтан да болса керек сырдариялық ардагерлер «Біз парасатты, кеңпейілді, кемел ойлы Әрекеңді мем­лекеттік қызметтің эталоны деп бағалаймыз» дейді.

Әрекеңнің әдемі әлемі туралы тебірене сөз саптайтын, терең ой қозғайтын елге белгілі қайраткер-тұлғалар көп. Мәселен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, филология ғылым­дарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы «...Мен Әрекеңді жақын білетін жандардың бірімін. Ол – бой-сойы келіскен, түрі мен мазмұны әсем үйлесім тапқан, ойы терең, сезімі сергек, жаны жайсаң, кең пейілді, мейірман жүректі, салқын сабырдың иесі. Халқымыздың даналығында, «Тектіден текті туады, тек­тілік жолын қуады» деген сөз бар. Әрекеңнің әкесі Битілеу ақсақал жаппас ағайындардың белгілі ата­лықтарының бірінен шық­қан өз за­манының бі­лімді, ар­қалы аза­маттарының бірі болған. Анамыз Злиха жағы­нан да Әре­кеңнің тегін жерден жаратылмағаны жақ­ын туған-туыстарына, құ­да-жекжаттарына бел­гілі. Өмірде аза­мат­тың тала­бының оңға­рылып, тасының өрге домалай беруіне бірден-бір себепкер болатын оның сүйген жары, өмірлік серігі екендігі – заңдылық. Әрекең бұл жағынан да жолы болған жігіт. Бүгінде Әрекең абыз ата, Салтанат асыл әже. Олар немерелерін шексіз сүйеді, алғаусыз, тау суындай мөлдір махаббаттарына бөлеп, әлдилеп келеді. Отағасы мен отанасының бір-біріне деген ыстық сүйіспеншілігіне, сыпайы сый­ластығына негізделген орнықты отбасында әркез адамгершілік, сұлулық, патшалық құрады. Балалары Әсел, Айнұр, Жамбыл, Азамат, Әсем қазіргі заманғы, жаңа тұрпатты, заман ағымына дер кезінде үн қоса алатын үлгерімді, білімді, талапшыл, жаңашыл халқымыздың ұл-қыздары. Отбасындағы осы бір игі дәстүрлер Әрекеңнің немерелеріне жалғасқан» дейді. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, техника ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Қылышбай Бисенов «...Ойшыл жазушы Ф.Достоевский «Саған шынымен ең жақын адам ол – сенің өткен өміріңді білетін, болашағыңа сенетін, қазіргі жағдайың қандай болса, дәл солай қабылдайтын адам» депті. Мен үшін осындай достықтың жолынан айнымаған адамның бірі, ол – біздің Әрекең, Әріп Битілеуұлы Хожбанов. Әрекең – өз ісінің кәсіби маманы және әр уақытта айтатын салмақты ұсынысы, парасатты ойы бар азамат. Сондықтан болар, ол елге сыйлы, абыройлы. Жүзінен төгіліп тұратын мейірімділік, жылы сезім, салмақты да сабырлы мінезі адамды баурап тұрады. Қашан көрсең де байыпты қалпынан таймайды. Өмірге деген өз ұстанымы, пайым-парасаты, сан тараулы тіршіліктің жолы мен жөнін саралай білетін, тереңнен түсінетін қасиеттері азаматтық тұлғасын биіктете түседі. Әрбір азамат үшін ол өзінің игілікті ісімен, атқарып жүрген тіршілігімен, жасап жатқан жақсылығымен, қызметімен ортаға сыйлы болуы зор абырой, үлкен мәртебе» дейді.

Елдің де, ердің де қадірін білетін бұл азаматтардан асырып не айтуға болады?! Біз ардақты ардагерлердің пікіріне қосылып, жетпіс екі жасқа толып жатқан азаматтың айтулы белесі сексеннің сеңгіріне, тоқсанның төріне һәм ғасыр-ғұмырға ұлассын деп тілек қосқымыз келеді. Ата-баба аманатын ардақ тұтып, ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауын үзбей, қастерлеп келе жатқан Әріп ағамыз Салтанат жеңгемізбен бірге үлкен әулеттің асқар таудай алып қорғаны, ақылман басшысы болып, ұрпақтарының рахатын көріп, өмірдің жақ­сылықтарына кенеле бергей!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі

10 ақпан 2026 ж. 90 0