Жаңа кітап жарыққа шықты
Аудандық мәдениет үйінде өнегелі өмір иесі, Сыр өңірі мен Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуына айрықша үлес қосқан ардақты азамат, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Абызбай Маханбетовке арналған «Болмысы бөлек тұлға» атты ғұмырбаяндық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Тағылымы мол іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, аудан тұрғындары, текті тұлғаның ұрпақтары қатысты.
Іс-шараның басында «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері А.Маханбетовтің өмір жолы, атқарған қызметі туралы бейнебаян көрсетілді. Онда еңбек жолын білім саласынан бастаған ардақты азаматтың аудандық партия комитетінде, журналистика саласында жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, білікті басшы, іскер ұйымдастырушы бола білгендігі, халық қалаулысы ретінде де ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына зор еңбек сіңіргені насихатталды. Сондай-ақ құрметті зейнет жасына шықса да қоғамдық істердің бел ортасында болғаны көрсетілді.
Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімінде Мұрат Ергешбаев сөз сөйлеп, Абызбай Маханбетовтің өмірі өнегеге толы екеніне тоқталды.
– Өзі өмірден өтсе де өнегелі істері ұмытылмайтын тұлғалар болады. Біз білетін Абызбай Маханбетов сондай дара тұлғалар санатынан. Ол кісі туралы кім айтып, кім әңгімелесе де тек жақсы естеліктер айтады. Бұл жақсы тұлғаның жақсы аты ешқашан ұмытылмайтынын білдіреді. Мен де текті тұлғаның тек жақсы қасиеттерін білемін, одан өнеге аламын, құрмет тұтамын. Ол кісі партия органдарында, аудандық газетте ұзақ жыл жемісті еңбек етті. Ауданның дамуына, жоспарлардың сапалы орындалуына өзіндік үлесін қосты. Сондықтан аудан халқы ол кісіні әркез ұмытпайды. Ардагер аға-апаларымыздан әрқашан Абызбай аға туралы жақсы естеліктер естимін. Сірә, «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген даналық сөзді халқымыз осындайда айтқан шығар. Абызбай Маханбетовті жақынырақ танып-білуім Сырдария ауданына қызметке келгенге дейін қалыптасты. Түрлі жиындарда ол кісінің азаматтық, тұлғалық болмыс-бітімі, тазалығы ерекше назар аудартатын еді. Ол кісі сөз сөйлесе, өзінің айтар орнықты ойларын, пайымды пікірлерін тәрбиелік мәні зор мысалдармен көркемдеп жеткізетін. Ал, іс бастаса, сол іс нәтижелі аяқталғанша барлық күш-жігерін жұмсайтын. Мұнан бөлек, іс басында жүрген азаматтарға әркез тілектес болып, ағалық, үлкендік жанашырлығы мен қолдауын көрсетіп жүретін. Біз Абызбай ағаның ойларынан, көзқарастарынан жақсылықтың лебі есіп тұратынын сезінетінбіз. Иә, мұндай кісілердің есімі тарихта алтын әріппен жазылады. Осы кітаптың жарыққа шығуы, ел азаматтарының естеліктерінің жинақталуы да тағылымы мол іс. Бұл кітап – бір тұлғаға ғана емес, ауданның тарихына арналған еңбек деп білемін. Өйткені, кітапта талай жақсы кісілердің есімі аталып, жақсы естеліктер жазылғаны анық. Сол себепті, кітап шығару ісін қолға алып, игі істі жүзеге асыруға ниеттенген барша азаматтарға абырой-амандық тілеймін. Бұл кітап бір әулеттің ғана емес, қоғамның қазынасына, оқырманның олжасына айналарына сенемін. Ұмытылмайтын қайраткер-тұлғаның ұрпақтарының әкелерінің абыройлы жолын жалғап, егемен еліміздің дамуына үлес қосуына тілектестігімді білдіремін, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Мұнан соң мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанова, Қармақшы және Сырдария ауданының Құрметті азаматы Жақай Бодықбаев, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Қожбанов болмысы бөлек тұлға туралы өз естеліктерімен бөлісті, адамгершілік қасиеттерін жастарға өнеге етті. Атап айтқанда, текті тұлғаның есте сақтау қабілетінің жақсы екенін, қызмет барысында ұқыптылық, тиянақтылық, тәртіпке ерекше мән беретінін, ағайын-туысқа бауырмалдығын айтты. Сонымен қатар барлық істе өзі үлгі болып жүретінін тілге тиек етіп, кадр жасақтауға да ерекше мән бергенін жеткізді.
Өңірге белгілі тұлға туралы естеліктер айтылған соң құрметті меймандар жаңа кітаптың лентасын қиды.
Ғұмырбаяндық кітапта А.Маханбетовтің бала шақтан қариялық кезеңге дейінгі өмірі, тұлғаның болмыс-бітімі, атқарған еңбегі, ұлағатты істері мен тағылымды тағдыр жолы туралы мәліметтер жинақталған. Онда бірге қызметтес болған замандастарының, ағайын-туыс, ұрпақтарының естеліктері, фотосуреттері, ардақты жанның баталары қамтылған. Бұл кітаптың жарыққа шығуына ұрпақтары ұйытқы болды.
– Уақыт жүйрік екен. Тағдыр жолы тағылымға толы әкеміздің өмірден өткеніне де биыл бес жылға жуық уақыт болыпты. Осыған орай, әке рухына тағзым ретінде ғұмырбаяндық кітап шығарып, өмір жолын келер ұрпаққа өнеге етуді жөн санадық. Бұл бастамамыз әкеміздің көзін көрген аға буын өкілдері тарапынан қолдау тауып, кітапқа естеліктер тез жиналды. Бәрі де әкеміз туралы шынайы ықыласпен, адал пейілмен өз естеліктерін ұсынғанын ерекше айтып өткеніміз жөн. Кітапты құрастыруға үлес қосқан, ой-пікір білдірген барлық азаматқа шын жүрегімізбен шексіз алғысымызды білдіреміз. Бұл кітап ауданның дамуына үлес қосқан тарихи тұлғалардың тағылымды шежіресінің жалғасы боларына сенеміз, – дейді ұрпақтары.
Жаңа туындыдағы материалдардың жинақталуына Ақтөре Ибрагимұлы редакторлық етсе, Ердос Беркінбаев техникалық редактор болды. Оқырманға жол тартқан кітаптың таралымы – 250 дана.
Кітаптың тұсаукесер рәсімінен кейін ардақты азаматтың рухына арналып ас берілді.
Ердос Беркінбаев