Ғаламдық жылыну: қыс «жоқ» емес, тұрақсыз
Сыр жұртшылығы биылғы қыс туралы сөз қозғағанда «қыс жылы болды», «бұрынғыдай қыс жоқ», «биыл қар аз жауды» дегенді көп айтады. Иә, өткен жылдың соңғы айында кірген қыс мезгілі адамдарды әбігерге салмады. Жылылық лебін сездіріп, қыстың сәні – қар көп жаумады.Жыл басындағы айдың да жылы болып жылжып өтуі шаруаға жайлы болғанымен, «табиғат-ананың өз дегені бар шығар» деп, ақпан айынан мезгілдің суық мінезін күтті. Шынымен де ақпанның басында тәулік бойы үздіксіз жауған қарды ел-жұрт қуана қабылдап, «ауа тазарды», «тұмау-сырқау кетеді» деп болжады. Жер бетін жапқан ұлпа қардың да «өмірі» ұзаққа бармады. Қар соңы жылы ауа райына ұласып, бас-аяғы бірнеше күнде қалың жауған қар еріп кетті. Әдетте «қардың аязы болады» деп ойлаған қараша халық, ысқырық аязды жауын-шашын алмастырғанына таң тамаша болды.
Шын мәнінде бұл Қазақстанның оңтүстік пен батыс аймағында орнаған табиғи құбылыс. Яғни басқа өңірлерде қалың жауған қар мен үскірік аязды қыс айы сақталып тұр. Дегенмен біздің аймақтағы табиғаттың мұнша жылы қабақ танытуын жаһандық жылынумен байланыстыратындар да жоқ емес. Бұл – әлемде болып жатқан құбылыс.
Расында климаттың өзгеру мәселесі соңғы жылдары алаңдатарлық жағдайға жеткені мәлім. Оның айқын көрінісін қазіргі табиғаттың мезгіліне қарап анық байқауға болады. Қыс мезгілінің тым жылы өтуі – жаһандық жылынудың салдары деп айтуға негіз бар, яғни жер бетіндегі орташа температураның артуы осы мәселеге әкелуде. Сонымен қатар зерттеу нәтижелері ауаның ластануы мен өнеркәсіптің жылдамдықпен өсуі, жасыл ағашты ормандардың өртке орануы мен ғасырлар бойы ұйықтап жатқан жанартаулардың оянуы осы жаһандық жылынудың басты себебі болуда.
Ауа температурасының қалыпты жағдайда болмауының негізгі себебін зерттеген ғалымдар күннің белсенділігінің артуымен түсіндіреді, яғни болып жатқан климаттық өзгеріс осы Күн жүйесіне, оның белсенділігіне байланысты. Сонымен қатар жаһандық жылынуға әкелетін фактордың қатарында адамның жасаған әрекеттері де бар. Жер бетіндегі адамның белсенділігі, өмір сүру қағидасы, өнеркәсіптің, көліктің тым көптігімен байланысты. Көліктен шығатын көмірқышқыл газы ауаға әсер етеді. Көмірқышқыл газдан да бөлек улы газдың жеткілікті мөлшерде таралуы негізгі себептің бірі. Адамдар мекен ететін ғаламшар өте жоғары деңгейде қызып жатқандықтан, мұздықтардың еруіне, сонан соң мұхит деңгейінің көтерілуіне әсер етуде. Бұл ғаламдық мәселе біздің елімізді де айналып өтпеді. Жаһандық жылынуға әкелетін ауа райының күрт ысып, рекордтық температураға дейін көтерілуі немесе кей өңірлерде жауын-шашынның мөлшерден көп түсуі тасқын суға әкеліп, үлкен мәселе туындатуда.
Қазақстан тарапынан климаттың өзгеруіне экологиялық ахуалдың да әсері бар. Бір ғана Арал проблемасы, теңіздің сусыз қалуы тұздың ауаға тарауы және елімізде өндірілетін мұнайдың әсерінен климаттың өзгеріске ұшырауына әкеп соқтыруда.
Жаһандық жылыну туралы мәселе қозғалғанда ең ғаламдық түйткіл ауызсудың тапшылығын айтпау мүмкін емес. Өмір нәрінің жеткілікті мөлшерде болмауына мұзды мұхит, яғни Антарктиданың еруіне, содан соң мұхит деңгейінің өсуі әсер етеді. Бұл ауызсудың таусылуына алып келетін қауіп. Ал ауызсусыз адам өмірі болмайды, құрғақшылықтың кесірінен жер бетіндегі миллиардтаған адамның өмірі қиылады. Сондықтан жер шарындағы климаттың өзгеріске ұшырауын халықаралық сарапшылар ең өзекті мәселе екенін айтып, дабыл қағуда.
«Климатты зерттеу соңғы 50 жылда жақсы қарқынмен жүргізіліп жатыр. Жаһандық жылынудың алдын алуды тоқтатпау керек» дейді сарапшылар.
Көптің есінде болар, 2017 жылы орын алған әлемдегі ауа температурасының рекордты деңгейге көтерілуі тарихқа енді. Осы жылдары Арктикада ауа температурасы көтеріліп, мұздықтар еріді. Осыған байланысты Еуропада аномальді ыстық тіркелді. Грецияда өмірі болмаған +46 градусқа дейін ыстық болған. Италияда да құрғақшылық пен ыстық ауа райы ұзақ сақталса, Жапонияда жаз басталмай жатып аптап ыстықтан адамдар зардап шеккен.
Керісінше жаз кезінде суық ауа райы да орын алғаны, тіпті қар мен бұршақ жауғаны, шын мәнінде, тосын сый деп білерсіз. Мезгілсіз қатты суықтың кесірінен адам шығыны да болған. Бұл Ресейде маусым айында бұрын-соңды болмаған ауа райы деп тіркелген. Ғаламшардың әр бөлігінде әртүрлі ауа райының орын алуы – осы климаттың өзгеруі себебінен дейді мамандар.
Ауа температурасын зерттейтін мамандар, климатологтар жаһандық жылынудың салдарынан адамдар зардап көретінін айтады. Бұл жер бетіндегі адамдардың денсаулығына әсер етеді деген сөз. Ыстық ауа райы ұйқысыздыққа әкеліп, психологияның бұзылуына әсер етеді. Сондықтан ғаламдық мәселеге айналған жаһандық жылынудың алдын алу бойынша эколог А.Әміртайдың пікіріне құлақ салсақ:
«Жаһандық жылынудың алдын алуға болады. Ол үшін әлем елдері келісімшартқа отыру керек. Қазіргі кезде Еуропа елдерінің бірқатары балама энергия көздеріне 30-40 пайызға көшті. Осы бағытта Америка, Еуропа елдері жақсы жұмыс жасап жатыр. Қазақстан, Ресейге жаһандық жылыну мәселесін алдын алуға байланысты қыруар жұмыс атқару керек. Мәселен, біздің елімізде балама энергия көзін пайдалану тек 1 пайыз ғана. Бұл өте қиын жағдай. Жер шарының болашағын, ұрпағымыздың болашағын ойлауымыз керек. Істейтін жұмыс өте көп» дейді маман.
Жалпы айтқанда, жаһандық жылынудың көрінісін өзіміздің өңірдегі ауа температурасынан да аңғаруға болады. Әсіресе биылғы қыс мезгілі борансыз, қатты аязсыз өтіп, мезгілдің соңғы айына да жетті. Мұны да климаттың жалпы жылынуымен байланыстырамыз. Қыс айларының жылы болуына ауа айналымының өзгеруі, яғни Арктикадан келетін суық ауа толқындары әлсіреп, оның орнына Атлант жақтан немесе оңтүстіктен жылы ауа жиі кіруі әсер етті. Сондай-ақ қардың аз түсуі де басты себеп. Қардың болмауынан, жер де суымайды. Ал қар – табиғи салқындатқыш. Тағы бір себеп – мұхиттағы құбылыстардың ықпалы. Яғни мұхиттағы құбылыстар біздің аймақтың ауа райына да әсер етуде.
Тағы бір адамдарды таңғалдырған табиғи құбылыс – қыста жаңбырдың жаууы. Оның себебі туралы мамандар ауа температурасы 0°С маңында немесе одан жоғары дейді. Қыс болса да, жер бетінде ауа плюсқа шығып кетсе, қар емес, жаңбыр жауады. Сондай-ақ жылы ауа массалары келуімен, оңтүстіктен немесе батыстан келген жылы, ылғалды ауа суықты ығыстырып тастауда. Климатологтар қыста жаңбырдың болуын «жоғарыда қар, төменде жаңбыр» деген қағидамен түсіндіреді. Бұл жиі болатын құбылыс: бұлттың ішінде қар түзіледі, бірақ жерге түскенше еріп кетеді. Айналып келгенде мұның барлығы климаттың өзгеруі. Бұрын қыста тұрақты аяз болса, қазір температура құбылып тұр. Кейде минус, кейде плюс. Соның кесірінен жаңбыр жиілеп кетті.
Сондықтан қыстағы жаңбыр – «қыс жоқ» деген сөз емес, қыс тұрақсыз болып бара жатыр дегенге саяды. Мұндай тұрақсыздықтың қауіпті жағдайы – жаңбырдан кейін мұз болып қатуы. Сондықтан жаяу жүргінші де, көлік жүргізушісі де абай болғаны жөн.
Бибісара ЖАНӘЛІ











