Аязды күні сақ болайық!
Табиғат ананың қатал мінез танытып, аязды, боранды болып келетін мезгілі әрине қыс айы екені белгілі. Әні-міне дегенше, қыс айының ең суық айы да басталды. Қытымыр қыстың қатқыл мінезі енді ғана байқала бастағандай.
«Сақтансаң, сақтаймын» демекші, қауіпсіздік шараларын басты назарда ұстау қыс мезгілінің басты талабы. Қылышын сүйреткен қыс айында салғырттық салдарынан түрлі қайғылы оқиғалар орын алуы мүмкін. «112» құтқару қызметінен дабылды ескертулер келіп те жатыр. Мұнан бөлек мамандар да ескертуде. Соған қарамастан ауа райының қолайсыз кезеңінде жолға шығып жатқандардың қатары көп. Жол қателікті кешірмейтінін естен шығармаған жөн.
Өздеріңізге белгілі ауа райы жылы болғанымен, сақтық шараларын қатаң сақтау керектігін естен шығармау керек. Осы аптадағы ауа райының қолайсыздығына байланысты қауіпсіздікті сақтау мақсатында ауданда жолдар тазартылып, тұз аралас құм себу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар мұндай жұмыстар ауылдарда да қарқынды іске асырылуда. Негізінен, ара-тұра жауған қар еріп, көктем мезгіліндей батпақты күндер аудан тұрғындарын әбігерге салуда. Мұндай ауа райында вирустық аурулардың өршитіні тағы бар. Қыс мезгілі болған соң сақылдаған аяздың болғаны да дұрыс шығар. Синоптиктердің мәліметінше, қыс күшіне енді мінеді екен.
«Қаңтар – боранның, ақпан – аяздың қаһарға мінетін айы» деп бекер айтпаса керек-ті. Қазақ халқы әр жыл мезгілінен бөлек, яғни олардың ішінде белгілі бір уақытты ерекшелеп отырған. Міне сондай болжамдардың бірі осы қаңтар айына да айтылған. Мысалы, қаңтар айының соңғы 15-29-ы күндердегі аяз қыс «шілдесі» деп аталады. Бұл күндері қыс күшіне еніп, сақылдаған сары аяз болады деп күтіледі. Сонымен қатар, малды да, жанды да қыс аязы қаңтарып қояды. Халық есепшілері үркер мен ай арасындағы бұрыш тіктөртбұрыш жасап орналасса, қыс шілдесі басталады деп есептеген.
Осы ретте, аудан тұрғындарына барынша қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеміз. Қыстан қысылмай шығуға қамданайық, ағайын!
Таңшолпан ҚАЛДЫБЕКҚЫЗЫ
Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ