Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қараша шегесін шағады, желтоқсан көпірін салады

Қараша шегесін шағады, желтоқсан көпірін салады

Біз ол кезде 5-6 жастағы бала едік. Табиғаттың тылсымына терең бойлай білмесек те, Жаңа жыл мерекесі жа­қын­дағанымен әлі қар жау­ма­­ғанына, жылдағыдай ақ­­­­­қа­ла жасап, шанамен ой­на­ма­­­­ғанымызға кәдімгідей қа­па болғанымыз есімде. Сол жылы қар тым кеш түсті. Қыс қытымырлығын көрсет­кенімен, жылдың ал­ғаш­қы қары желтоқсан айы­ның 31-і күні ғана жауған болатын.
Біздің өлкеге қыс кеш келетін еді. Тіпті, күн суытып, қыстың ызғары сезілгенімен кей жылдары қар мүлде аз түсетін. Ал биыл жағдай басқаша. Қараша айының ортасынан енді аса бергенде қалың қар жа­уып, түнімен жауған қардан таңертең омбылап межелеген жерімізге әзер жеттік.
«Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай, Қыстың басы, бірі ерте, біреуі жәй» дегендей, «аязбенен қызарып ажарланған» «кәрі құда» қыс биыл осылайша ерте түсті. «Қардың ызғары бар» дейді халық. Қар түскелі ауа температурасы да күрт төмендеді. Ауа-райының бұлай тосын мінез танытатынын арнайы мамандар бұған дейін болжап, хабарландыру жасаған болатын. Қараша айының алғашқы онкүндігі жылы болады деп мәлімдеме жасаған синоптиктер екінші онкүндіктің қарлы, ызғарлы болатынын да алдын ала ескерткен. Мамандардың айтуынша, үшінші онкүндікте аяз басылып, күн райы қайта қалыпқа кел­мек. Ал желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында боран, көктайғақ, 30 градусқа дейінгі суық күтіледі.
«Қарашаның қары қанша күн жатса, сонша ай қыс болады» дейді синоптиктер жоқ кезден-ақ аң-құсқа, табиғат құбылыстарына қарап ауа-райын болжаған дана қазақ. Бұл тәмсілге сенсек, биылғы қыс едәуір ұзақ болмақ. Себебі, 16-17 күндері жауған қар ерімек тұрмақ, желмен бір жаққа ығып, әлі де айналаны қа­лың қар басып жатыр. Қардың ерте және қалың түсуі бір жағынан пайдалы болса, қысқа қамданып үлгермегендер үшін ауыртпашылық келтіруде.
Қардың қалың жаууы жердің ылғалдылығын арттырып, құнарын молайтуда табиғи «дәрумен» болып табылады. Ауа-райының бір ысып, бір суығанынан бұл күнде тұмау дертінің де асқынып тұрғаны белгілі. Ендеше қар жауып, табиғат тазарғанда, ауадағы түрлі вирустар мен бактериялар төмен температураға шыдас бермейді екен. Бұл өз кезегінде ауру-сырқаудың алдын адып, азаюына себепкер болады екен.
Десек те, «қыс келгенмен, бізге әзір қар түсе қой­мас» деп топшылап, автокөлігін маусымға да­йын­дамаған көлік иелерін бір күнде жауған қалың қар абдыратып тастады. Мамандар тайғанақ жол­ға төзімді қыстық дөңгелек салып үлгермеген жүр­гізушілерге өте абай болу қажеттігін ескертеді. Се­бебі, күндізгі күн сәулесімен аздап еріген қар суы кеш кіре көктайғаққа айналуда. Жазғы дөңгелекпен жолға шыққан автокөлік иесі көлігін тізгіндей алмай қалу қаупі бар. Бұл өз кезегінде жаяу жүргіншілерге де зардап тигізуі мүмкін. Қыс айлары басталған тұста салғырттық салдарынан түрлі қайғылы оқиғалар орын алып жатады. «Қыстың қамын жазда ойла» деген даналықты халық бекер айтпаса керек.
Қазақ тілінде жыл айларының атаулары сол айдың ауа-райына, табиғаттың құбылыстарына, ырымдар мен ұлттық мейрам немесе салт-дәстүрге байланыс­ты аталған. Қарашада жердің оты кетіп, бет бедері қоңырқай тарта бастайды. Ай атының осылай аталуы да содан болса керек. Бұған байланысты қазақ танымында «қараша үй», «қараша халық» ұғымдары бар. Сондай-ақ, қарашадағы алғашқы қардың түсуіне орай осылай аталған деген нұсқа да бар.
Қараша – күздің ызғарлы суығы күш алып, терістіктен ызғырық жел соғатын, аспанды бұлт қаптап, жаңбыр жауып, жаңбыр арты қарға ұласатын мезгіл. Құстардың жылы жаққа ұшып, жылы мекенін қимай кететін қиқулы шақ. Десек те, қараша қарлы болғанымен, қыс жайлы болса деген үміт пен тілек бар. Не болса да, қыстан қысылмай, мал-жан аман шығуды жазғай. «Қараша шегесін шағады, желтоқсан көпірін салады» дейді. Бұл қос айдың өзара жалғасып қысқа ұласатынынан хабар береді. Ендеше, күн қанша суытып, тәніміз жаурағанымен, жанымыз бен жүрегімізде мәңгілік көктем орнасын.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
20 қараша 2021 ж. 450 0