Қылышын сүйретіп келген қыс
басқан жері сықырлап келіп қалды» деп Абай атамыздың өлеңінде сипатталатын қыстың өзіне тән әдемілігі мен көз тартар көрінісін талайлаған ақын-жазушылар шығармаларына арқау етіп келеді. Қыс дегенде ең алдымен, әппақ ұлпа қар елестейтіні анық. бір қызығы қарды әлемнің 50 пайыз жұрты өмірінің соңына дейін көре алмайды екен.
Тағы мына қызыққа құлақ түріңіз. Қар кристалдары формасы жағынан бір-бірін мүлде қайталмайды, тіпті, өзара ұқсас қар түйіндері де табиғатта кездеспейтін көрінеді. Сонымен қатар, қар түйіршіктерінің 90 пайызы ауадан тұратындықтан, жерге баяу түседі. Ақша, алқанат, көбік, күртік, қасат, қиыршық, омбы, ұлпа қар деген ұзын сонар тізбегі жалғаса беретін қардың қазақтың тілші ғалымдары 150-ге жуық атауын тізбектеп көрсеткен.
Қыстың ақ қары мен терезеге салған шимай-шатпақ қырауы, өзіне тән үскірік бораны мен аязы өз-өзімен астасып жатқан табиғи шеберлік дерсің. Ал, мәңгілік жер бетін ақ ұлпа қар басып, жыл он екі ай қыс болатын Антарктидада ең жоғарғы температура көлемі 89,2 градусқа дейін жетеді екен. Тағы бір айта кететін жәйт солтүстік полюсте қардың қаттырақ келетіні сонша, қол тисе темірді ұрғанда шығатын дыбысты беретін көрінеді.
Үркер жұлдызы көкке көтерілген сайын ауа райы суытып, күннің ерте батып, таңның ерте атуы бұл мезгілдің өзіне тән ерекшелігі. Біздің халқымыз келер қыстың қандай болатынын, кейде басқа жыл мезгілдерінің ауа райымен байланыстыра отырып болжаған. Мысалы, «Көктем ерте туған жағдайда, қыс ерте түседі», «Жаз жауынды болса, қыс боранды болады», «Жаз ыстық болса, қыс суық болады», «Қоңыр күз жылдам өтіп кетсе, ызғарлы қысты күту керектігін» айтып кеткен. Одан бөлек астрономиямен байланыстырып, жұлдыздардың орналасу ретіне қарай да ауа-райын болжап отырған. Қазақ күннің райына қарай кезеңдерге бөліп, атаулар да берген. Мәселен, желтоқсанның басында болатын алғашқы аязды «Қырбастың қызылы» деп атайды.
Желтоқсан айының қатты боран соғатын соңғы онкүндігі дана халқымыз «Теке бұрқылдақ» немесе текенің бұрқағы деген.
Сондай-ақ «Күннің таласуы» – деген бар. Ол халықтың таным-түсінігі бойынша, қаңтардың алғашқы кезеңінде күн бой көтеріп, ауа райы өзгеріп, қар жауады, сырғыма жүріп боран да болуы мүмкін. Сырғыма – боранның әсерінен сусып, жылжыған қар.
Қаңтардың соңғы күндеріндегі аязды «Қыс шілдесі» деген, бұл кезде түкірік жерге түспейтін сақылдаған қатты суық болады.
Ал, ақпан айында соқғатын ат құлағы көрінбейтін боран бар. Ол «Бөрі сырғақ». Айдың соңындағы сырғақ пен қатты боранды күндері қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасатындықтан осындай атау берілген.
Қалың жауған қардан жер бетінің қарасы көрінбей сазарып жататын қыстың ұзақ түндері кездеседі. Ондайды «Алатаң қыс» деп жатамыз. Бұл түндері де аяз өңменіңнен өтіп кететіндей болады.
Жалпы қыс мезгілі еліміздің аймақтарында әр уақытта түседі. Солтүстік және Шығыс өңірлерде қыс күздің ортасында-ақ түссе, Оңтүстік пен Батыста желтоқсан айының ішінде түседі. Дегенмен, биылғы жылы біздің аймаққа қар айтарлықтай ерте түсті. Қараша айының ортасында жер беті ақ мамыққа оранып, тұрғындар абдырап қалды. Аяздан жер беті көктайғақ болып, көлік апатынан келер қауіпті айтарлықтай жоғарылатуда. Сондықтан, жылдамдықты асырмай, жақындарымыз бен өз өмірімізді қауіпке әкелмейік.
Жұлдызай АНШАЕВА