Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 10 газет

07 ақпан 2026 ж.

№9 газет

03 ақпан 2026 ж.

№ 8 газет

31 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728 
» » Туған жерді түлеткен

Туған жерді түлеткен

Жарық дүниеге келген пенденің тіршілік жұмағында жүрсе де, туған жерін сағынып, көңілі алаңдай беретіні рас. Әлдебір сиқырмен кіндігіміз байланып, көңіліміз арбалған қасиетті мекеннен табанымыз ажыраса, жанымыз жүдейді. Ал, оған қайта оралғанда мойнымыздан зілбатпан жүк тус­кендей боламыз. Иә, кіндік қанымыздың тамған жерінің орны ерекше.

Енді көңіл түбіндегі ойдан күн­делікті тірлікке қарай ауы­са­йықшы. Қазір қарап отырсаңыз, ауданы­мыздың ауыл­дары мүлдем өзгеше. Сонау совхоздар орнай бастаған өткен ғасырдың 60-шы жылдардағы қалыптасу, 90-шы жылдардағы тоқы­рау, осы ғасыр басындағы «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен қиын кезең кейінге қалып, ауыл өрке­ниетке бет бұрды.

Сыр өңірінің «Қазақстанның 50 жыл атындағы» совхозды, қазіргі Нағи Ілиясов ауылын білмейтін адам жоқ шығар. Міне, осы ауылдың өсіп-өркендеуіне, көркеюіне бір кісідей еңбек сіңірген Кенжебек Әнапияұлы жөнінде сыр шертеміз.

«Еңбек ер атандырады, даңққа бөлейді» дейді халық даналығы. Осы бір қасиетті сөзді ол жастайынан құлағына құйып өсті. Ауыл баласына диқаншылық кәсіп таңсық емес. Мектеп қабырғасында жүргеннен бастап, күріш отағына барады. Үй шаруасына да мығым болды Кенжебек. Сылаңдап аққан сұлу Сырдың жағасында өскен баланың әдібұлыққа жеткенде су мұрабы болуға ұмытылмайтыны кем­де-кем. Өйткені, мұрап, агроном болу Сыр өңірінде болат жолдың бойындағы инженер тәрізді қадірлі мамандық. Мұнда негізінен суармалы егіншілік дамыған. Кенжебек мектеп бітіргенде «Сыр елінде күріш деген дақыл бар, соны жырлап, соны айтыңдар ақындар» деп «қырғи тілді» Асекең жырлағандай, кү­ріш шаруашылығының дамып келе жатқан кезеңі еді. Ор­та мектепті алтын медальмен бітір­ген Кенжебек Әнапияұлы сол жы­лы Алматыдағы Қазақтың ауыл шаруа­шылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түсті. Білімді студент атанып, осы жоғары оқу орнының үш курсын аяқтағанда отба­сылық жағдайына байланысты сырттай бөліміне ауысты. 1966 жылы туған ауылы Тереңөзек кеңшарының №1 бөлімшесінде (Карл Маркс аталатын) қатардағы тракторшы болып еңбек жолын бастады. Қарапайым жұмыста қажырлы еңбегімен көзге түскен жас жігітті бөлімше басшылары есепшілікке жоғарылатты. Бұдан кейін ол әскер қатарына шақырылып, Өзбекстанның Кәттақорған қала­сын­дағы ракеталық әскери бөлімде үш жыл азаматтық борышын өтеді. Әскер қатарында жүргенде сержанттық мектепті оқып бітіріп, батальонның комсомол комитетінің секретары болды. Бұл лауазым көп жастардың қолы жетпейтін шақ еді ол кезең. Мектепті алтын медальмен бітіріп, иститутта да жақсы оқып, көзге түскен Кенжебек әскер қатарында да өзін алдыңғы саптан көрсетуге бар күш-жігерін жұмсады. Мұнда оған СОКП қатарына өтуге мүмкіндік туған. Бірақ, әскерде түпкілікті қалып қоюды қаламағандықтан, әрі ауылда оны ауылшаруашылық саласы күтіп тұрғандықтан, СОКП қатарына өтпеген. Әскерден келгеннен кейін Кенжебек күріш егуге білек сыбана кірісті.

Оның өнегелі өмір жолында сәу­лелі шағы көп болыпты. Бір ғана күріш шаруашылығы саласында 50 жыл­дан астам еңбек ету – азаматтың мықтысының ғана қолынан келетін кәсіп десек, артық айтқандық емес. Ал, үш бірдей батырдың қарамағында жұмыс жасау – Кенжебек тәрізді май­­талманның ғана маңдайына бұ­йыр­ған бақыт екенін өзі де тамсана әңгімелеуден жалықпайды. Есімдері елге белгілі басшыларымен қоян-қолтық жұмыс жасап, олардың тәрбиесін көрді. 1972 жылы сол кездегі шаруашылық басшысы, Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов есеп­ші болып жүрген жерінен №3 өндіріс бригадасының жетекшісі етіп тағайындады.

– Жұмысымды жанымды салып істедім. Өнім жаман болған жоқ. Одан кейін шаруашылық басшысы болып келген Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов бригадирліктен жоғарылатып, бөлімше басқарушысы етіп бекітті. Еңбек десе жанып тұра­тын жайсаң ағаларымның сенімін ақ­тап, жұмыс жасадым, – дейді К.Әнапияұлы.

Ал, 2004-2018 жылдары «Мағжан және К» ЖШС-де бас агроном болып, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің қарамағында жұмыс жасады.

– Абзал Жұмашұлы алдыңғы тол­қын батыр ағалары тәрізді халыққа жағдай жасауды бірінші кезекке қояды. Жұмысты ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлік, өндіріске жаңа технологияларды, күріштің жаңа сорт­тарын енгізу, ғылымға сүйене оты­рып, үнемі ізденіс таныту абзал азаматтың, білікті басшының күн­делікті жұмысына айналған, – дейді күріш өсірудің майталманы.

Бүгінгі күні 80 жасқа толып отыр­ған бас агрономнан ұстаздары мен шә­кірттері туралы да сұрадық.

– Өміріңде өзіндік із қалдырған ұстаздарың туралы айту әрине мәр­тебе. Менің ұстаздарым – Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов, бригада, бөлімше басқарған Айғали Тәутенов, бөлімше агрономы болып жұмыс жасаған Шахтай Есжанов. Оларды мен әрдайым қимастықпен еске аламын. Бүгінде ешқайсысы бұл өмірде жоқ. «Жақсы ағаларыма жұмақтан орын берсін Жаратқан» деп тілеймін! Ал, шәкірттеріме келсек, олар да бір шоғыр. Шаруашылықта тұрақты еңбек ететін тұқым агрономы Манарбек Тұрсынбеков, Асқар Әлиакбаров, жоғары оқу орнын біті­ріп келген Данияр Исин және тағы басқа да шәкірттерім бар, – дейді өз ісінің білгірі.

Майталман маман, ғалым-агро­ном Кенжебек Әнапияұлы жарты ғасыр­дан астам еңбегінде көптеген марапатқа ие болған. Ол – «Тың игерудің 50 жылдығы» медалінің, «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» төс­бел­гісінің, Сырдария ауданының «Құр­метті азаматты» атағының иеге­рі.

Бас агроном кезінде «Абзал және К» компаниясы, «Мағжан және К» ЖШС басшысының ұйғарымымен алыс-жақын шетелге іс-сапарға шы­ғып, олардан алған тәжірибесін шаруа­шылыққа енгізіп отырды. Ол – 2009 жылы Ресейдің Краснодар өлкесінде өзара тәжірибе алмасу іс сапарында болса, 2012 жылы бүкіл­дүниежүзілік күріш институты орна­ласқан Филиппин мемлекетінде «Кү­ріш генетикасы және селекциясы» атты халықаралық симпозиумға қа­тыс­ты. Ел ағасы 2015 жылы Вьетнам республикасында тәжірибе алмасу іс-сапарымен барған еді.
Иә, өмір – толып, толқыған өзен секілді. Ол әлсізді тереңіне батырып әкетсе, мықты адам дүлей толқынның өзін бағындырады. Әнапияұлы туралы осы әңгіме ел етегін жиған шақта өмірге келгендерге ертедегідей кө­рінуі мүмкін. Кешегі өмір шындығы бүгін тарихқа айналып барады. Еңбегімен ел құрметіне бөленген Кенжекең – өнегелі отбасының асқар­тауы, ақылшы, жол бастаушысы. Жұбайы – Манат Оразбекқызы екеуі тату-тәтті өмір сүріп келеді. Төрт ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсіріп, олар да өз орнын тапты. Енді немерелер ер жетті. Бұл кісі бұтағын жайған бәйтерек секілді. Жапырағы саялы, көлеңкесі мол. Сөз соңында:
Отырған орнын төр дейтін,
Қатардан озған дарасың.
Ісің бар мәңгі өлмейтін,
Жадында елдің қаласың, – дегім келеді.


Шахарбек НҰРСЕЙІТ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
07 ақпан 2026 ж. 70 0