Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№4 газет

17 қаңтар 2026 ж.

№3 газет

13 қаңтар 2026 ж.

№2 газет

10 қаңтар 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Қара шеңгел

Қара шеңгел

Бүгінде ел жадынан ұмыт бола бастаған, сандаған ел жайлаған мекендер аудан көлемінде жетерлік. Атап айтар болсақ, Тереңөзек кентінің оңтүстік аумағы, Сырдың төменгі ағысының оң қапталын ала биік алқапты жерлері қазіргі оқушылар жазғы тынығу-сауықтыру лагерінен 1-1,5 шақырым қашықтықта «Көлбай», «Қара шеңгел», «Жансымақтың ағашы», «Әсет мешіті» секілді шағын елді мекенде халық ғұмыр кешіпті.

Елдің бұлай қоныстауына дария суының нәрлі әрі айналадағы өзен-көлдің балығы тіршілік көзі болуы себеп болған. Ну қалың қамы­сының құнары малға жыл бойына азық әрі ықтасын болған. Осындай киелі мекен өз уақытында еліне талан­тымен танылған талай тұлғаны дүние­ге әкелген.

«Жансымақтың ағашында» халқына қалт­қысыз қызметін көрсеткен сынықшы әрі емші Жансымақ болса, «Әсет» мешітінде қазақтың Қалтайы дүниеге есігін ашады. «Қара шеңгел» 1903 жылы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, мұғалім, қоғам қайраткері Сара Есованы дүиеге әкелген. Ал енді бізге таныс та бейтаныс Сара Есова кім?

Құжаттарда Сара Есова Тереңөзектің «Қара шеңгелінде» туған дейді. «Ол қай Қара Шеңгел?», «Оның тегі кім?», «Бұл өңірге қалай, қандай себеппен келген?» деген сұрақ бойынша ұзақ зерттеу нәтижесінде ол кісінің кейбір беймәлім өмір жолын тереңнен сараладық. Ел болған соң елді мекен атауы қайталана беретіні заңдылық. Сараның дүниеге келген «Қара шеңгелін» іздеу, ел ішінде көнекөз қариялардан сұрастыру кезін­де, жоғарыда атап өткен «Қара шеңгел» еке­ніне көз жеткіздік.

Сараның тегіне байланысты деректі табу оңай болмады. Кезінде осы «Қара шеңгелде» ұлы жүздің ошақты байлы аталығының халқы өмір сүрді дегеннен кейін, рулық шежіре бойын­ша іздеу жүргіздік. Нәтижесінде, кіші жүз «Қаракесек» руы­нан шыққан Ақтан батыр ауылының белгілі азаматтарынан мәлімет беруші Ақтан батыр мен Сара туралы зерттеу еңбектерін жариялаған, бүгінде Астана қаласының тұрғыны, белгілі журналист Шамша Айтуғановтың құнды дерегіне ден қойдық. Бұл кісінің естелігінде Ақтан батыр­дың тікелей ұрпағы Сәтбайқызы Сара Есова болып шықты.

Ал Сараның әкесі Сәтбай бұл өңірге не себеппен келген десек, атасы Ақтан батыр өз заманында әйгілі Жанқожа батырдың қарулас серігі болған. Жанқожа қолы орыс әскерінен жеңіліс тауып, өзі Қызыл ішінде бой тасаласа, Ақтан батыр Ақтөбе өңіріне, кейін ұрпақтары жан-жаққа бытырай бет-бетімен қаша қоныстануында екен.

«Адамның басы – Алланың добы» де­ген­­дей, Сәтбай осылай Сыр бойындағы Тереңөзекке келіп қоныс тепсе керек.

Сәтбай Сырдариядан балық аулап, оны орыс саудагерлеріне сатып, отбасын асырайды. Алайда өмірдің қиыншылығы амалсыздан тұрмыстық жағдайымен Қазалының «Итемген» деген жеріне қоныс аударғанмен, тұрмыс онда да жөнделмей, Түркістан темір жолының бойындағы бүгінгі Шиелі ауданына қарасты Сұлутөбе станциясының маңына барып қоныстанады. Бұл жерде Сәтбай Нарзулла Раджибаев деген өзбектің дүкенінде жұмыс атқарады. Онда ағайынды Раджибаев­тар бірі дүкен ұстаса, бірі мектеп ашқан екен. Сәтбай отбасының осы ауылға көшіп келгеніне бір жыл толғанда Сара жеті жасқа толып, 1910 жылы мектеп табалдырығын ашып, 1915 жылы аяқтап шығады.

1915 жылы Орынбордағы «Бағбустания» деген атпен танымал әйелдерге арналған татар училищесіне оқуға түседі. Осы учи­лищенің негізін қалаған татар педагогы Бағбустан Мук­линова еді. Оқу орында оқыған төрт жыл ішінде Сара ислам негіздерін, татар және орыс тілдерін, арифметика, қолөнер, тарих, география және жаратылыстану ілім­дерін меңгереді.

1919 жылы осы оқу орынын ойдағыдай аяқтап, Ақмешітке оралып, бастауыш қазақ-татар мектебіне мұғалім болып орналасады. Осы жылы комсомол мүшелігіне өтіп, елде социализм құрылысына белсене араласа бас­тайды. Оның басшылығымен өңірде панасыз қалған балаларға балалар үйі салына бас­тайды. Олардың қажеттілігіне арналған қаражат жинауға да атсалысады.

Сара Есованың жеке өзі алыстағы ауыл­дарды аралап, елдегі әйелдер өмірі, көп әйел алушылық және қыздарды малға сатуға қарсы күрес жүргізудің маңызын түсіндіру жұмыстарымен тікелей айналысады. Бұл істе оған қазақтың белгілі қыздары Алма Оразбае­ва, Нағима Арықова, Мәдина Бегалиевалар көмектеседі. Уақыт өте келе бұларды «Қазақстандағы әйелдер қозғалысын ұйым­дастырушылар» деп атайды. Ел ішіндегі осындай еңбектерінің нәти­жесінде қызыл киіз үйлер тігіліп, сол жерде әйелдерге құқықтық мәселелер бойынша кеңестер беріледі.

Сауатсыздықты жою, тіпті медициналық көмек те көрсетіледі. 1920 жы­лы коммунистік партия билетін алады да, Ғани Мұратбаевпен бірге Түркістанда комсомол ұйымының орталық комитетінде жұмыс істей бастайды. Елі үшін атқарған игі істерінің атқарылуы Ғани Мұратбаевтың тікелей көмегінің нәти­жесі әрі осы кісінің көмегімен Сара журналистика саласына бет бұрады. Қамқоршы ағасы Ғани Мұратбаевты былай ес­ке алыпты «Ғани тек қоғам қайраткері ғана емес сонымен қатар ол – өнер қайраткері де еді. Ол әнді өте жақсы көретін әрі өзі де керемет ән салатын. 1921 жылы Орынбордағы Қазақстан ком­со­молының 1 съезі кезінде Ғанидың тапсырмасы бойынша Ерғали Алдоңғаровтың үйінде көркемөнерпаздардың үлкен кешін ұйым­дастырды. Бұл кешке А.Затаевичті де шақырғанбыз. Затаевичке Ғани Мұратбаев­тың Ерғали Алдоңғаровтың, Алма мен Мадиналардың әндері қатты ұнап А.Затаевич, Ғанидың орындауындағы «Дудар-ай» мен «Қатын жырау» өлеңдерін нотаға түсірген еді» дейді өз естелігінде.

1922 жылғы күзде партияның жергілікті облыстық комитетіне «мұсылман қыздары арасында жұмыс ұйымдастыруға көмек көр­­сет» деп Жетісуға жібереді. Бұл жерде кітапхана, мектептер мен халық үйлерін ашып, жергілікті әйелдерді өңірдің саяси жұ­мы­сына тартуға атсалысады. Әйелдердің білім алуы ұзақ уақыт әрі ыждағатты жұмысты талап етті. Ол әйелдер арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында, Қарақалпақ автономиялық облысында, Сырдария мен Алматы округтерінде жиналыс өткізіп, әйелдер арасында үлкен еңбек атқарады.

Жетісу облыстық комитетінде жүрген кезінде журналистикаға бет бұрып, 1923 жылы ол «Тілші» газетінің жауапты редакторы, екі жылдан кейін араб тілінде шығатын «Теңдік» газетінің, Казкрайкомның «Әйел теңдігі» журналының редакторы болады. 1924 жылдың басында «Жетісу әйелі» газетінің жұмысын басқарады. Ол осы қыз­метінде қазақ халқының мәде­ниеті, тарихы және ұлттық құндылық­тарын терең зерттеп, жазған шығармалары арқылы оқырман қауымға жеткізе білген. Сараның поэзиясы мен прозасы халықтың рухани әлемін, өмір сүру саясатын, дәстүр­лерін шеберлікпен суреттеп жеткізе алған.

1927 жылы өмірінің бір қуанышты күн­дерінің бірі деуге болар, қоғам қайраткері қа­зақ­тың біртуар перзентінің бірі Ораз Исаев­қа тұрмысқа шығады. Асқар Тоқмағанбетов «Ораз жөнінде ойда қалғандар» естелігінде «мен ол кезде Алматы қаласындағы Калинин мен Фурманов көшесінің түйіскен жеріндегі №5 үйде тұратын едім. Ойда жоқта телефон сылдыр ете қалды. Арғы жақтан «совнаркомнан Ораз Исаевтың көмекшісімін, сіздің бүгін Ораз үйіне келіп кетуіңізді сұрайды» деген соң сағат алтыға он минут қалғанда есігінің алдына келгенімде гүлдерге су құйып жүрген Ораз: «ау, Сәтбайқызы Сара, ақын келді, шық бері» деп дауыстады.

– Асқар ма, төрге шық, қазір-қазір деп ішкі үйден Сара шыға келді. Асқар, аманбысың, Ораз жездең қол алып, сәлем берді ме? Күйеу деген иіліп тұратын болар, – деп жарқырап Сара келген еді.

Байқасаңыздар, Сара Асқарды жерлесім деп іштарта көрсеткен құрметі емес пе? Иә, Сара мен Ораз отбасындағы қуанышты сәттердің бірі – 1930 жылы дүниеге Нұрлан есімді ұлы дүниеге келуі еді. Ал 1932 жылы елдегі қиын жағдайға қарамастан екінші баласына жүкті Сараны Марксизм-Лениннизм инсти­тутына оқу үшін Алматыға жібереді. КСРО халықтарының тарихы пәнінің оқыту­шы­сы мамандығы бойынша дәріс алады.

1937 жылы осы оқу орнын ойдағыдай тәмәндаған соң Қазақ педагогикалық инс­ти­ту­ты­ның жалпы тарих кафедрасын бас­қаруға жібереді. Сара осы жылдың күзінде алғаш рет Сталиндік репрессиялармен бетпе-бет ұшырасады. Оны Казкрайком хат­шысы Ізмахан Құрамысовқа қатысты түсінік беруге тартады. Ол чекистердің қысы­мынан қорықпай, «контрреволюция­нер» Құрамысовты саяси сауатты және жігерлі партия қызметкері деп көрсеткен адам­дардың бірі болды. Алайда көп кешікпей өзіне де «контрреволюционер» кебін киюіне тура келеді, оны да революцияға қарсы деп айыптайды.


Бұл жөнінде екінші ұлы Бекеттің мәліметіне жүгінсек. «Менің әкем Ораз Исаевқа 1938 жылы жаз айында қызметімен барлық құжаттарыңды тапсырып, Мәскеуге жаңа қызметке тағайындауға келсін. Отба­сы­мен бірге келсін деген бұйрық келеді. Осы бұйрыққа сенген әкем мен анам барлық құжаттары мен қызметін өткізіп, анамды және анамның анасы Ажар әжем, менімен ағам Нұрлан бәріміз поезға отырып, жолға шықтық. Мәскеуге бірнеше шақырым қал­ғанда үстерінде арнайы киімдері бар бір­неше адамдар келіп, қолдарындағы вагонды тінту және тұтқындау туралы ордерін көрсетіп, вагонды тінтіп шығып әкем мен анамды сол жерде тұтқындап, бізді келесі поезбен кері қайтарып жіберді. Әжем Ажар ағамыз екеуімізді ертіп, Батыс Қазақстандағы бір ауылдағы әкемнің туыстарына тапсырып, өзі Қызылордасына кетті. Ағайынды екеуміз 1939 жылдың көктеміне дейін осында тұрдық. Әкемді сол 1938 жылғы 29 тамызында халық жауы деген желеумен ату жазасына кесіп, сол күні үкім орындалады. Анама халық жауының әйелі деген айып тағып, тергеуге алынады.


Анам сегіз ай тергеуде болып, өзінің сыйлас кісілеріде қолын созады. Атап айтса В.Лениннің жесірі А.Крупская да анамның ісіне араласып, Сталиннің қабылдануында болып, «күйеуі үшін әйелін айыпты ету болмайды» деп қарсылық танытса, бір жағынан «кінәсі толық анық емес, ісінде қылмысы жоқ анықталмаған қылмыс» деп анамызды 1939 жылы босатады.

Анамыз сегіз ай ұзақ тергеуден босанып, шыға бізге келіп, бізді Алматыға алып келді. Алматыға келгенімізбен, жағдайымыз мәз болмады.

Отбасының негізгі асыраушысы анам бол­ғандықтан, үкімет анамызға қызмет бермей қатты күйзелісте жүргенімізде әжеміз Ажар Қызылордаға кетті. Сонда Аралдың Мойнақ деген мекенінде анамның туған ағасы Есов Ерғали балық комбинатында қызметте, әжеме сол нағашымыз балық беріп жібереді екен. Оны қалада сатып, бүкіл жанұяға тамақ еттік. Ол кезде бір үйде анам, анасы және інісі Тұрсын және біз екеуіміз барлығы алты жан болдық. Әйтеуір анамыз музейге ғылыми қызметкер болды. Нағашымыз Ерғали да қылмысты болып, ол да әрең құтылды дейді» Бекет. Осындай тағдырдың сынағына мойымаған, қайта өршілене алға ұмтылған Сара соғыс аяқтала музей директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, ал 1955 жылдан бастап музей директоры қыз­метін он жеті жыл үзбей атқарады.

Оның тікелей қатысуымен елімізде этно­­графиялық және тарихи материалдарды жинау бойынша ірі экспедициялар ұйымдастырып, жиналған жәдігерлер 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде атқарған еңбегі жоғары баға­ланып, бір жылдан кейін кеудесіне «Құрмет белгісі» орденін тағады.

Сара туралы әріптестерінің бірі Райхан Қосмамбетова: «Оның есте сақтау қабілетіне таң­қалатын едік. Ол жетпіс жасында Блоктың он екі поэмасын жатқа білетін. Әсіресе, Есенинді, Блокты ерекше жақсы көретін еді» деп еске алатын.

Ол кісі – ел ішіндегі өнер адамдарын да қатты құрметтеп өткен жан. Атап айтар болсақ, әлемді таңқалдырған әнші Әміре Қашаубаевтың жерленген жерін табуға өзіндік үлесін қосқан. Ал қазақтың бейнелеу өнерінің хас шебері Қастеев өз естелігінде «Қаражаттан қиналған шағымда Ораз Исаевқа барғанымда, Ораз мол қаражатпен көмек берген, сол ақшаны алуға өтінішті жазып беруші Сара Есова еді, ол Ораздың хатшысы еді» дейді.

Уақыт өз дегенін істейді екен. Өмірдің небір сынына сынбаған Сара 1982 жылы 52 жасында қайтыс болған. Үлкен ұлының қазасын көтере алмай, 1984 жылдың 15 сәуірінде өзі де бұл дүниеден өтеді.


Жәнібек МАХАНБЕТ,
өлкетанушы,
Төлеп МЫХАНОВ,
еңбек ардагері
17 қаңтар 2026 ж. 181 0