Білікті жас маман
Мектепті жаңа аттаған көптеген оқушыдан «Болашақта кім болғың келеді?» деп сұрасаңыз, ойланбастан «мұғалім» дейтіні рас. Осындай бала шақтағы арманы орындалып, болашаққа нық сеніммен қараған жас маман – Алтынай Дәулетбаева бүгінде Шіркейлі ауылындағы №129 Ә.Жәмішов атындағы мектеп-лицейде қызмет етуде.
Алтынай Алмасбекқызы еліміз тәуелсіздік алған жылы дүние есігін ашқан. Сондықтан да болар оның бойында еліне деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімі мол. Мектеп қабырғасында үздік оқыған болашақ мұғалім қос бірдей жоғары диплом иегері атанған. Түрлі логикалық тапсырмалар мен есептерді еркін меңгерген Алтынай өзі білім алған қара шаңырақ Шиелі ауданында еңбек жолын бастайды. Өмірлік серігін біздің өлкеден тапқан жас ұстаз болашақтың тұтқасын ұстайтын білімді ұрпақ тәрбиелеп жатқанына дән риза.
– Мұғалім болу үшін ең басты қасиеттерді айтып беріңізші, – деп сауал қойғанымда ол өз сөзінде: «Мұғалім – елдің болашағын көркейтіп, рухын биікке көтеретін, жас ұрпақты тәрбиелейтін жауапкершілігі мол, киелі мамандық. Ондай мамандық иесі әрқашан да өресі биік, сөйлеген сөзінен, ойлар ойынан маржандай тізілген ілтипат пен парасаттың өрнектері, әсемдіктің әлемі көрінетін, көкірегі жақсылыққа толы, мейірімді, білімі біліктілікке ұласқан ізденімпаз, елжанды, адамгершілігі жоғары жан болуы керек. Мұғалім қызметінің ерекшелігі көптеген мамандықтар секілді педагогтың қолында өлшеуіш немесе химиктер секілді «приборлар» жоқ. Оның ең басты жұмысы – оқыту мен тәрбиелеу барысында пайда болған қарым-қатынасты басқару. Мұғалім нақты жағдайда қысқа уақыттың ішінде ең дұрыс педагогикалық шешімді таба білуі тиіс, ал мұның өзі әрқашан күрделі. Түптеп келгенде, қоғам мұғалімге ерекше жауапкершілік жүктейді. Мұғалім баланың білімін, икемділігін, әдетін, мұраты мен өмірлік мақсатын қалыптастырады. Қорыта айтқанда, әрбір адам өз кәсібін, мамандығын сүю керек. Сонда ғана белгілі бір мақсатқа жете аламыз», – деді.
Расында да «ұстаз» атты ұлы есімді игеру жолында аянбай тер төгіп жүрген жас мамандар мен білікті кадрлар дәл осы мектеп қабырғасында болуы тиіс. Себебі бұл мектеп тек аудан көлемінде ғана емес, облыс, республикаға танылып үлгірген.
Алтынай мұғалім болып қызмет еткеніне біршама ғана уақыт болғанымен, математика саласын еркін игерген. Түрлі дипломдар мен мадақтама қағаздарға толы партфолиясына көз жүгірткенде оның білікті жас маман аңғардық. Оқушының бойынан есепке деген қызығушылығы мен сабаққа деген ынтасын бірден байқайтын қасиеттерін де көріп қалдық. Ұжымдастарының ортасында беделі биік, білікті кадр. Мектеп басшылығы да ұжымның Алтынай Алмасбекқызы секілді жалынды жаспен толыққанына өте қуанышты. Үш тілді еркін меңгерген ұстаздың бойынан өзі атап көрсеткен қасиеттерді байқауға болады. Сөзімен айтқанды ісімен дәлелдеп жүр.
Қызметте ғана емес отбасында да Алтынайдың орны ерекше. Үш бірдей қызды дүниеге әкелген ана өз уақытын тиімді пайдаланып, үй шаруасында қатар алып жүр.
Бұл Алтынаймен танысқан бірнеше сағаттағы менің пікірім болатын. Осындай тәрбиесі жоғары, сапалы білімі бар маман әрқашан елдің мерейі. Болашақта ел абыройын асқақтататын, жас ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздардың қатары көп болса, ел келешегі кемел бола түспек.
Майя БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ