АРДАГЕРДІ АРДАҚТАҒАНДАР АЛҒЫСҚА БӨЛЕНДІ
Жақында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында аудан ардагерлеріне қызмет көрсетіп жүргендер аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақыптың «Алғыс хатымен» марапатталды. Шараға ауданның барлық саласының қызметкерлері және «Жас Отан» ЖҚ аудандық бөлімшесінің төрағасы А.Омаров және партия филиалының қызметкерлері қатысты.
Жиынды ашқан «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып қашанда қариясын құрметтеген халық үлкендерден үлгі алып, жақсылық жасауды үрдіске айналдырғанын атап айтты. Әркез ардагерлерді ардақтап, оларға құрмет көрсетіп, ризашылығын алу жолында жан-жақты жұмыстар жасалып келе жатқандығын жеткізіп, осы тұрғыда кейінгі толқын дәстүрлі істерді атқарып жүргенін айтты. Соның нәтижесінде, үлкендердің жастарға көңілі толатынын тілге тиек етіп, әр салада еңбек етіп жүрген жандарға «Алғыс хат» табыс етті.
Кездесуде Тереңөзек кенті аппаратының маманы Ж.Жансейітова қызметтің бәрі ел үшін, ардагерлер үшін жасалып жатқанын айтты. Өткенге үңіліп, бүгіннің баянды болуына талмай еңбек еткен жандарға құрмет мол екенін атап, еңбекті бағалап, алғыс білдірушілерге ризашылығын жеткізді.
Е.БЕРКІНБАЕВ