Шағанда медициналық нысан жаңартылды
Жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайымен бірге денсаулығына жіті көңіл бөлетін мемлекет тарапынан ұлт саулығына баса назар аударылып келеді. Осы күні Сыр өңірінде денсаулық сақтау саласын жаңғырту бойынша ілкімді іс көп. Оның ішінде инфрақұрылымды жаңартуға зор мүмкіндік берілуде. Мәселен, жыл көлемінде 5 мыңға жуық халық тұратын Шаған ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимараты күрделі жөндеуден өтуде.Жақында аудан әкімі Берік Сәрменбаев Шаған ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөндеу жұмыстары барысымен танысты. Аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікеновпен бірге медициналық нысанды аралап, мердігер мекеме өкілімен кездесіп, құрылыс сапасына баса назар аударды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен соңғы үш жылда облыста денсаулық сақтау саласына 441 млрд теңге қаржы бөлініп, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медициналық нысан жаңадан салынды. Бұдан бөлек, облыс әкімі аудандардағы медициналық нысандарға күрделі жөндеуге қолдау көрсетуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен бөлінген 328 млн теңгеге Шаған ауылындағы дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткізіліп, жұмыстар аяқталуға жақын. Дегенмен, сапасына аса назар аудару қажет. Жөндеу жұмыстары толық аяқталғаннан кейін «Медициналық оңалту» бөлімшесі көшірілетін болады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Расында, ауылдағы ағайынға барлық мүмкіндік қарастырылып, жаңарған ғимарат қолайлы орта қалыптастыруға жағдай жасайды. Сырдария ауданында бұған дейін Нағи Ілиясов ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория салынса, Аманкелді ауылындағы ескі ғимарат жаңартылды. Қазіргі уақытта Тереңөзек кентінде облыстық деңгейде науқастарды қабылдайтын «Паллиативтік көмек» және «Медициналық оңалту» бөлімшелері халыққа қызмет көрсетіп тұр.
Аудан басшысы мердігер мекеме өкіліне құрылыс барысындағы кемшіліктерді көрсетіп, сапаға қатаң талап қойды. Тиісті салалық орынбасары мен сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Б. ОРДАБЕКОВ











