Аудан әкімі Нағи Ілиясов және Шаған ауылдарының тұрғындарымен кездесті

Аудан басшысы кездесу барысында аймақ бойынша атқарылған жұмыстар мен әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді атап көрсетті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен Сыр өңірінде мақсатты бастамалар қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асуда. Биыл облыс аумағындағы барлық елді мекендер орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Тұрғындарды электр энергиясымен қамту бағытында құны 11 млрд. теңгеге 38 жоба жүзеге асырылуда. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында жақында ғана Катар еліндегі іссапарда үкіметаралық келісім шеңберінде қуаттылығы 1100 МВт, құны 800 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысын салу келісілді. Жаңа бу газ қондырғылары Сырдария ауданының аумағында салынатын болады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде 6 білім ордасы пайдалануға берілді. 4 мектеп жаңа оқу жылына дейін табысталады. Құны 8 млрд. 400 млн. теңге болатын дарынды балаларға арналған 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты жақын күндері ашылады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 нысан салынып, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Бүгінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың бастамасымен ауданда ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Аудан халқы 100 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Соңғы 3 жылда 670 млн. теңгеге Тереңөзек кенті, Шаған, Қоғалыкөл, Аманкелді елді мекендерінде ауыз су желілері жаңартылды. Тереңөзек кенті, Қалжан ахун, Сәкен Сейфуллин, Асқар Тоқмағамбетов және Н.Ілиясов елді мекендерін газдандыру жобасы толық аяқталды. Сонымен қатар, құны 2,6 млрд. теңгеге Шаған ауылын газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Аудан орталығында құны 1,5 млрд. теңге болатын «Руханият» орталығының құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Өткен жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында құны 241,1 млн. теңгеге Тереңөзек кенті және Аманкелді елді мекеніндегі медициналық нысандар күрделі жөндеуден өтті. Биыл Шаған ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимараты 361 млн. теңге қаржыға күрделі жөндеу жүргізілуде.
Есепті кездесулер барысында тұрғындар өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан басшысы барлық мәселе назарда болатынын айтып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі