Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекемен құттықтады

Аудан әкімі ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекемен құттықтады

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Салтанатты іс-шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, медицина саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.

Мерекелік іс-шарада аудан басшысы денсаулық сақтау саласына жасалып жатқан қолдауларға тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың денсаулығы – елдің қалыпты дамуының кепілі екендігін үнемі айтып келеді. Себебі, денсаулық сақтау жүйесі – экономиканың маңызды салаларының бірі, ал мықты денсаулық – экономикалық дамудың іргетасы. Бүгінде Мемлекет басшысының қолдауымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен Сыр өңірінде медициналық қызметке қолжетімділік артуда, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруде кешенді жұмыстар жүргізілуде. Президент бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 28 медициналық нысан салынды. Жылына 10 мың адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар жаңа Қан орталығы ашылып, ел игілігіне қызмет етуде. Ана мен бала өмірін қорғауда көпбейінді облыстық аурухана базасында 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Облыс орталығында емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухана құрылысы жүруде. Соңғы екі жылда облыстың барлық елді мекеніндегі денсаулық сақтау мекемелеріне 225 жаңа санитарлық автокөлік табысталды. Халық сұранысына сәйкес 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100 пайыз қамтамасыз етілді. Осылайша, аймақта санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі толық шешімін тапты. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 4 млрд. теңге қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» орталығы ашылып, қажетті дәрі-дәрмек алынды, облыстық онкология орталығын құны 1 млрд. 100 млн. теңге тұратын скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Мұндай кешен республиканың 3 өңірінде ғана бар. Қазір шалғай елді мекендердегі тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетуде, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Ауданда да медицина саласын дамытуға үлкен қолдау көрсетілуде. Аймақ басшысының қолдауымен аудандық аурухана жанынан облыстық деңгейде науқастарды қабылдайтын «Паллиативтік көмек» және «Медициналық оңалту» бөлімшесі бар жаңа емдеу мекемесі ашылып, халық игілігін көруде. Өткен жылы Аманкелді ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл Шаған ауылындағы дәрігерлік амбулатория жөндеуден өткізілуде. Ағымдағы жылы су қысымды мұнарасын ауыстыру және станцияны қайта жаңғырту жұмыстарына 125 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы ауданға 15 жедел-жәрдем автокөлігі беріліп, барлық елді мекен санитарлық автокөлікпен толық қамтамасыз етілді.

Кәсіби мерекеде аудан әкімі ауданның денсаулық сақтау саласына қызмет етіп жүрген бірқатар ақ халатты абзал жандарды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің төсбелгісімен, облыс және аудан әкімінің "Алғыс хатымен" марапаттады.

Мерекелік іс-шарада облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков та әріптестерін құттықтап, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, «СЕНІМ» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерінің салалық кәсіподағының «Құрмет грамотасы» және «Алхыс хатын» табыс етті.

Салтанатты іс-шара барысында медицина саласының қызметкерлері мен ауданның көркемөнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

14 маусым 2025 ж. 360 0