Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Піржан – үздік педагог

Піржан – үздік педагог

Жан-жақты белсенді, ұдайы жеңіске, алға қадам басуға ұмтылатын жалынды жастар барда елдің ертеңі жарқын, болашағы кемел. Піржан Төлеген – осындай жалынды жастың бірі. Өзінен кейінгі буынға ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеу ісін қолға алған ол республикалық «Үздік педагог – 2025» байқауының жеңімпазы атанып, Сыр ұстаздарының мерей-мәртебесін арттырды. Жыл үздіктерін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова марапаттап, арнайы төсбелгіні табыс­тады.

Сырдария ауданына қарасты №42 Қ.Баймағанбетов атындағы мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Піржан Ержанұлы – педагог-зерттеуші, бірнеше республикалық байқаудың жүлдегері. Оның шәкірттері де биік белестерді бағындырып, ғылыми жобалар мен олимпиадаларда алтын, күміс жүлделерге ие болып келеді. «Менің басты мақсатым – ауыл балаларын дамыту, көтермелеп, ғылымға деген қызығушылығын арттыру» дейді жас ұстаз.

Дарынымен көзге түсіп, жұлдыздай жарқырап, биік белестерді бағындырып жүрген талапты жастың жеңісі – аудан педагогтарының кәсіби біліктілігі мен еңбегінің жоғары деңгейін дәлелдейтін қуанышты жаңалық болды. Өз кезегінде білім саласындағы әріптестері үздік педагогты күтіп алып, сый-құрмет көрсетті. Сыр ұстаздарының қажырлы еңбегі мен білім сапасын арттырудағы жүйелі жұмысының нәтижесін көрсеткен маман зор қолдау мен құрметке ие болды.

Жас маман білім саласына елеулі үлес қосып, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болып жүрген жайы бар. Ендеше біз де жас ұстазға сәттілік тілей отырып, ұдайы абырой биігінен көріне беруіне тілектестік білдіреміз!

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
29 қазан 2025 ж. 107 0