Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас ұстаздардың жазғы лагері

Жас ұстаздардың жазғы лагері

Түркістан облысының «Ақсу демі» шипажайында «Pro Rest Teacher» тақырыбында жас ұстаздарға арналған кәсіби демалыс жазғы лагері ұйымдастырылды. Жас кәсіподақ көшбас­шыларын анықтауға, кәсіподақ қозғалысында жас­тар саясатын дамытып, көшбасшылар мен белсенділерді тартуға бағытталған оң бастама Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының ұйымдастыруымен өткізілді.

Жазғы лагерге Сырдария ауданынан да жас ұстаздар қатысты. Атап айтқанда, №42 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Піржан Төлеген, №132 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлзат Аманкелдиева, №36 мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі Оразкүл Сейтакбарова мен №210 орта мектептің математика пәні мұғалімі Заманбек Аманбековтер қатысты.

Іс-шараға Орталық комитеттің Ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің мамандары Индира Сақауова мен Асан Бітімбай қатысып, жас ұстаздарға салалық кәсіподақ жанынан құрыл­ған Жастар ісі жөніндегі кеңестің қызметі туралы ақпа­рат беріп, тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Рекрутинг және мансап басқармасының бас маманы Асқат Мырзабай «Chat GPT – жасанды интеллект» тақырыбында дәріс оқып, жас ұстаздарды жаңашыл болуға шақырды. Өз кезегінде «Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының басшысы Шәкизат Қаратайұлы «Ұлағатты отбасы – ұлт құндылығы» тақырыбында кездесу өткізіп, ұлттық және отбасылық құндылық­тарды қалыптастыруда мұғалімдерге жүктелетін міндет туралы айтты. Ал облыстық психологиялық қолдау орталы­­ғының басшысы Жұмагүл Баянова «Балада дұрыс репродуктивті денсаулықты қалыптастыру» тақырыбында тренинг­тер өткізді.

Жазғы лагерьде ұйымдастырылған іс-шаралар барысында Сырдария ауданы «Үздік таныстыру» номинациясын жеңіп алды. Піржан Төлеген «Шебер ұстаз», Гүлзат Аманкелдиева «Жаңашыл ұстаз» номинациясын иеленіп, бағалы сыйлық­тармен марапатталды. Осылайша жас ұстаздар аудан мерейін көтерді.

– Жас кәсіподақ көшбасшыларын анықтау арқылы оларды ынталандыру, қоғамдық жұмыстарға қатысуына қолдау көрсету – біздің басты мақсатымыз. Кәсіподақ қозғалысында жастар саясатын дамыту жұмыстары ауданымызда тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Көшбасшылар мен белсенділерді тарту­ға бағытталған оң бастамаға аудан мектептеріндегі жас педагог­тар белсене атсалысуда. Облыстық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының ұйымдастыруымен өткізіл­ген жазғы лагерде жинақтаған тәжірибесін аудан ұстаздары қызмет барысында қолданады деп сенеміз. Аудан мерейін асқақтатып, жақсы қырынан танылған ұстаздарға шығар­машылық сәттілік тілейміз, – дейді аудандық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Алмас Есназар.

«Тт» ақпарат
13 тамыз 2024 ж. 239 0