Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Елді бірлік пен еңбекке жетелеген ардагер

Елді бірлік пен еңбекке жетелеген ардагер

Қазақ халқының үлкенге құрмет көрсету, қадірлеу, сөзіне құлақ салу, кішіпейілділік таныту қасиеті ерекше. Бұл өзге халықтан даралайтын, қанына сіңген қасиет. Біз Аманкелді ауылына сапарлаған кезімізде ардақты қариялармен сөйлесіп, пікірлестік. Соның ішінде жасы сексеннен асқан Серікбай Алтынбеков ағамыздың дуалы сөзі, берекелі әрекеті, терең ойы мен дариядай ақылына тәнті болдық.

Ауыл ардагері саналы ғұмырын адал еңбекке, қарапайым жұмысқа арнаған азамат. Өзінің өнегелі өмірі арқылы қоғамның рухани және адамгершілік құндылығын қалыптастыруға әлі күнге дейін үлес қосып келеді. Туған ауылы Аманкелдіде өсіп-өркенін жайған қария ұрпағына ұлылығын ұялатып, әулетіне, ауыл ақсақалдарымен тұтас бір қауым елге бас-көз болуда.

Дана халқымыз үлкенге қарап бой түзеген. Алдыңғы буыннан үлгі ала отырып, соларға ұқсауға тырысқан. Осы күнге дейін қалыптасқан ізет-иба ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, алдымен үлкендерге жол беріп, батасын алу аға буыннан бері қалыптасып келе жатқан, елдігіміздің жарқын үлгісі екені рас.

– 1945 жылы осы ауылда туып-өстім. 1962 жылы онжылдықты бітірген соң, екі сыныптың балалары совхозға жұмысқа кірдік. Қырық баланың үшеуі ғана оқуға кетті. Совхоз Аманкелді болып құрылғанда Әбутәліп Алтыбаев деген совхоз басшысы бізді өз қамқорлығына алды. Таңның атысымен шаруашылықтың жұмысына кірісеміз. Шөп ору, шөп тиеу, қандай қара жұмыс бар соның барлығын атқардық. Кейін шоферлық курс оқып бітіріп, жүргізуші болдым. Қара жұмыстан қашқан құрдастарымды көрмедім. Бір-бірімізге арқа сүйеп, совхоздың жұмысында ысылып азамат болдық. Зейнетке шығардың алдында «Бис» мұнай компаниясында жүргізуші болдым. Шүкір, жұбайыммен бала-шағамызды бағып, қақтық. Қазір ұрпағымның қызығына кенеліп отырмыз, – дейді қадірлі қарт.

Күләнипа Құрманбаевамен отандасқандарына 51 жыл болған ерлі-зайыптылар өмірге 4 қыз бен 1 ұлды әкелген бақытты ата-ана. Күләнипа апа есепші болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке абыроймен шыққан асыл ана.

Сексеннің сеңгіріне келген қария ауылдағы сыйлы әрі құрметті әулеттің жасы үлкені, қазыналы қарты. Елді бірлік пен адал еңбекке жетелеп отырған, ешкімнің ала жібін аттамай, әділдіктің туын ұстанып, көпке үлгі көрсетіп отырған ардагер.

Расында ардақты да абыройлы Серікбай аға көпті көрген қария. Әке ұлағатын текті тіршілігімен, қазақы қалпымен сақтап, қасиетін жаңғыртып отырған ақсақал. Оның өмірлік мол тәжірибесі мен үлгі-өне­гесін ұрпағы асқан парасатпен ұстанып, әке жолы жаң­ғыруда, ұрпақ сабақтастығымен жалғасуда.

– Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге бұрыннан қалыптасқан, қаймағы бұзылмаған ауылдың тұр­ғындарымыз. Үлкенге ізет көрсеткен дана халқы­мыз «Қариясы бардың – қазынасы бар» деген қанатты сөз қалдырған. Бұл – үлкенін құрметтейтін, кіші­сін ізеттейтін елге ғана тән қасиет. Әкем соғыс ардагері болды. Анам Күнбосын тоғыз баланы дүниеге әкелді. Бауырларымның үлкені болдым, барлығына қамқор болып ер жеттім. Әскер қатарынан келген соң бостан бос жүру деген жоқ. Қара жұмыс істеп, ата-анамызға жәрдем бердік. Қазірде қол қусырып отыру жат нәрсе. Бақшалық жердегі жеміс ағаштарын баптап, мал бағамыз. Қазіргі ауылдың тіршілігіне көңіліміз толады. Дегенмен ауырмайтын адам жоқ. Аудан орталығына бару қарт кісілерге оңай емес. Өзіміздің ауруханамызды қайта іске қосса осындағы жақын маңдағы ауыл тұрғындарына да өте қолайлы болар еді. Дәрігеріміз бар, амбулаторияның жағдайы да жақсы. Осы өтінішімізді жеткізгіміз келеді, – деді көптің көңілінде жүрген сауалды жолдаған Серікбай Алтынбеков.

Ауыл ардагері бала тәрбиесі туралы да жақсы сөз айтты. Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады деп, Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесімізді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат ету секілді ұлт құндылығы жайында айтып, батасын берді.

Бүгінгі таңда ардагерлерге қамқорлық көрсету, ардақтау арқылы ұлт болып ұйысу – болашаққа салынған даңғыл жол, нық қадам.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
30 қыркүйек 2025 ж. 207 0