Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қадірлі қарияға – айрықша құрмет

Қадірлі қарияға – айрықша құрмет

«Қариясын құрметтеген ел ардақты» дейді халық даналығы. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білу – даналықтың белгісі. Ал ел-халыққа еңбегі сіңген, ардақты азаматтар қашан да кейінгі буынға үлгі.

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев ауданның медицина саласына елеулі еңбек сіңіріп, бүгінде тоқсанның төріне шыққан шипагер, ардақты ардагер Сейтхан Дәужановты мерейлі тойымен арнайы құттықтады. Құрмет көрсету сәтіне аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар қатысып, куә болды.

– Сізді бүгінгі 90 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз аймақтың медицина саласының дамуына елеулі үлес қосып, мыңдаған адамдардың өміріне жарық сыйладыңыз. Жанқиярлық қызметіңіз, біліміңіз бен кәсібилігіңізбен тек өз заманыңыздың ғана емес, бүкіл қоғамның алғысына бөлендіңіз. Сіз жүзеге асырған әрбір іс – ардақты да абыройлы еңбек. Бүгін мерейлі жасқа жетіп, әрбір сәтті бағалағаныңызбен бірге, сіздің жас ұрпаққа үйретер өнегеңіз өлшеусіз. Сіздің медицина саласындағы ұстанымдарыңыз бен өмірлік тәжірибеңіз ұрпақ үшін мәңгілік қазына болып қала бермек. Сізді мерейтойыңызбен құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін, – деген аудан басшысы құрметті қарияға сый-құрмет көрсетті.

Өз кезегінде абыз ақсақал ел азаматтарына ақ батасын беріп, алғысын білдірді. Айта кетейік, биыл тоқсанның төріне шыққан ақ халатты абзал жан, алтын қолды дәрігер Сейтхан Дәужанов – қос ғасырдың куәгері. Ғұмыр бойы денсаулық сақтау саласында еңбек еткен абыз кеуде ақсақал адам жанының арашасы бола білген құрмет төріндегі азамат.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
25 ақпан 2025 ж. 117 0