Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Айдарлының қазыналы қарты

Айдарлының қазыналы қарты

Айдарлы ауылында 88 жастағы Бегалы Ақжігітов деген қазыналы қарт тұрады. Нағыз еңбек адамы. Жас күнінен қызметке ерте араласып, бейнетке біртабан жақын болған. Елді мекенге сапарымыз барысында қазыналы қарттың шаңырағында болып, аз-кем дидарластық. Көкірегі шежіреге толы сүйегі асыл азамат колхоз бен совхоздың шаруасын ширатқан жан.

Үлкен кісілер жас ұлғайған сайын көңілшек болатыны рас. Біз қарияны іздеп барғанымызда көңілі жадырап, қуанып қалғанын аңғардық. Әңгіме барысында Бегалы Оржанұлының Қызыл ту колхозында, Аманкелдіде он­жылдық орта мектепте білім алғанын білдік. Бұдан 69 жыл бұрын мектепті бітірген ақсақал көлік тізгініне отырып, егіншілікпен айналысқан. Жер жыртып, бидай еккен. Масақ теріп, тылда еңселі еңбегімен танылған. Комбайнмен егін шаруашылығы саласында қажыр-қай­ратын көрсете білген.

– Менің балалық шағым жұмыс жасаумен тығыз байланысты болды. Расында, 9 жасымда есекпен бидай тасып, қара жұмыстың машақатын сезіндім. Өз кезегінде совхоздың сиырын, институттың түйесін бағып, қой шаруа­шылығына да ден қойдым. Бейнетпен келген табыстың адал болатынын жақсы білемін. Отбасында 6 ағайындының ішінде үйдің төртінші баласымын. Кез келген егінге, малға байланысты жұмыстың барлығы ауыртпалықсыз болмайды. Өрістен келген малды жай­ғап, санын көбейту жолында барынша табандылық таныт­тық. Осы күні Айдарлы ауылының көп жасаған қария­сының қатарындамыз. Тоқсан жасқа таяғаннан кейін денсаулықтың сыр берер жері көп екен. Өмірден көр­генімізді ізімізден ерген ұрпағымызға айтып отырамыз. Қазіргі тұрмыстың тіршілік ауаны біздің кезімізбен салыстыруға келмейді, – деді ақсақал.


Қария – шежірелі шынар, өтіп кеткен дәуірдің куәсі, бүгінгі күннің – тірі аманаты десек, қателеспейміз. Заманының шежірелі тарихын жатқа білетін Бегалы ақсақал 55 жасында зейнет демалысына шыққан. Кейін де шаруашылықта жұмыс жасап, егістік басында сушы болған. Жоңышқа егіп, талай мәрте марапат төрінен көрінген. Чемпиондыққа атаққа қол жеткізіп, сый-құр­метке бөленген. Үйдегі отанасы Әлима Ақжігітова ер-азаматымен бірге 10 баланы дүниеге әкелді. Құдай қос­қан қосағының қасынан табылған ардақты ана егін егіп, сауыншы атанды.

Б.АЯБЕКҰЛЫ


30 қыркүйек 2025 ж. 124 0