Ауылдың қадірмендісі

Аманкелді ауылына іссапармен барған кезімізде алдымыздан әдеттегідей ауыл әкімі мен бір топ ауылдың көнекөз қариялары шықты. Алыстан ат терлетіп келген тілшілер қауымымен кездесуге асыққан қарттардың арасында жасы үлкен ақсақал болды. Иман Жансейітов деп өзін таныстырған ағамыз көпті көрген, ел-жанның жағдайын жіті білетін, өзі де кезінде қара еңбектің қазанында қайнаған, жасы 85-ке келген қарт екен.
Қашанда қаймағы бұзылмаған ауылдың тыныс-тіршілігі, ел бірлігі кеудесі кенен, дуалы ауыз ақсақалдарына байланысты. Тентегін тезге салып отырған елдің қариялары барда ауылдың ауызбірлігіне сызат түспейді, бір-бірінен ажырамайды. Аманкелділік ақсақал өзінің ісімен, сөйлеген сөзімен, ақыл-кеңесімен, өнегелі өмірімен жастарға айтар өсиетімен қадірлі болып отырған жан.
– Дүние дидарын өткен ғасырдың 1940 жылы Калинин колхозында ашыппын. Соғысқа кеткен әкемнің жалғыз тұяғы болдым. Әкем 1942 жылы соғысқа аттанып, Ленинград майданында 1943 жылы 13 қаңтарда қайтыс болды деген қағаз келген. Бізді боздақтар отбасы дейтін. Мемлекет есейгенімше көмек беріп отырды. Анам Дүйсенкүл Тілеубаева өмір бойы жалғыз баласымен, менімен бірге болды, майдангердің жесірі ретінде адал өмір сүрді. Мектепке барып, білім алғанымда колхоз басшылығы балаларға канал тазартқызатын. Бесінші сыныптың балалары бізге таяқпен жер өлшеп, бекітілген аумақты қолмен тазаладық. Бұл жұмысты сабақтан кейін атқардық. «Қосапан» деген канал халықтың егін егуіне, қарнының тоқ болуына қолайлы болды. Онжылдық мектепті бітіргенімде «Ленин» колхозында жұмысшы болдым, – дейді ақсақал.
Жастайынан жұмысқа жұмылған Иман Жансейітұлы жүргізушілік курс бітіріп, 1964 жылы колхоз қайта құрылымдалғанда совхозда алдыңғы қатарлы жұмысшы болады. Жастайынан оқуға ынталы, көзі ашық, көкірегі ояу азамат Қызылорда қаласындағы политехникалық техникумда оқып, совхозға қажетті автомеханик мамандығын алады. Совхоз жұмысының алға басуына еңбек еткен білікті маман гараж меңгерушісі, машина-трактор стансасының меңгерушісі болады. Кейін совхоздың егін шаруашылығына араласып, егіс бригадирі болып, бұл саланың да жұмысын ілгерілетеді.
Балалық шағы болмаған, жастық шағына ерте жеткен азаматтың еліне, туған жеріне еңбегі сіңді. Бала кезінен масақ теріп, қарашаның қара күзіне дейін жалаңаяқ сыз жерді басып жұмыс істегені бүгінгі ұрпаққа ертегі секілді болғанымен, шын мәнінде сол заманның балалары басынан өткізген ақиқат, шындық. Небәрі он бес жасында сол кезеңдегі жастар ұйымы – комсомолға өткендігі сенім мен жауапкершілікті шыңдатса керек.
– Қиын заманда өмір сүрдік. Бозбала шағымызда колхозда жұмыс істегенімізде бригадир қарап жүретін. Масақ қалып қойса қамшысымен сабайтын. Аяғымызда аяқкиім жоқ, жалаңаяқ жерді басқанымызда жерде ізіміз қалып қоятын. Ауырған бала ауырады, қалғаны жұмыс істейді. Мектепке барғанымызда алғашқы болып ақ көйлек, қара шалбар кигеніміз есімде. Бір класта төрт сыныптың балалары оқиды. Бәрімізге бір мұғалім, солай ауылда төртіншіні бітірдік. Анамның арқасында аш қалмадым. Қолда 4-5 ешкі ұстадық. Екі мезгіл сауып аламыз, 4 литрдей сүт береді. Еңбектің арқасында осындай жасқа жетіп, үбірлі-шүбірлі болып отырмыз. Бұдан асқан байлық та, бақыт та жоқ, – дейді қадірменді қария.
Кемел жасқа жеткен қазыналы қарт өмірлік қосағы Гауһар анамен отасқандарына 61 жыл болды. Өмірге 11 бала әкеліп, 7 ұл мен 4 қызды ұясына қондырды. Ұрпағынан тараған немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр. Тамырын тереңге жайған бәйтеректей әулетінің берекесі болып отырған қос қария ауылдың да құрмет тұтар тірегі. Жансейітовтер әулеті Иман ақсақал бастаған үлкен отбасы жақында аудандық «Мерейлі отбасы – 2025» байқауының жеңімпазы атанып, облысқа жолдама алды. Алдағы уақытта аудан жұртшылығы мен аманкелділік ағайын шаттыққа толы мерейлі сәтке куә болмақ.
Асыл мекен Аманкелді ауылының қарты болып отырған Иман Жансейітұлының алдында өзінен жасы үлкен Тұрғанбай Мамытов ақсақал бар. Қос қария бүгінде ауылдың ардақтысы, қадірмендісі, елдің бірлігін тілеп отырған баталы ақсақалы. Қай кезде де сырттан келген мейманның алдынан шығып, бар білгенін айтудан жалықпайтын үлкен кісілер өз жолынан тайған емес.
Жолсапар барысында атбасын тіреген, діттеген жеріміз Аманкелді ауылы болғандықтан, айналамызға кәсіби дағдымен барлай қарап, ауылдың тірлігіне көз салдық. Сонда шағын ауылдың қамына көз сүйсінді. Бос жатқан, екі қолын қалтасына салып жүрген адам жоқ. Барлығы тынымсыз тірлікте. Мұның барлығы қамын жасаған, түтіні түзу шыққан ауылдың берекесі – қазыналы қарттардың арқасы.
Бибісара ЖАНӘЛІ