Салт пен сән

Сайыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең таныстыру бөлімі болды. Онда әр ауылдың намысын арқалап келген келіндер өздерін таныстырып, сондай-ақ өнерлерін ортаға салды. Бірі сызылтып ән салса, бірі өлең оқып, көрерменін тәнті етті. Енді бірі ұлттық аспапты жанына серік етіп, көрермен көзайымына айналды.
Екінші кезеңде келіндер алдын ала дайындалған сұрақтарға жауап беріп, тапқырлықтары, салт-дәстүрден қаншалықты хабардар екендіктерін аңғартты. Бұл орайда қатысушыларға салт-дәстүр, қазақы ырым-жоралғылар туралы сұрақтар қойылды.
Ұлттық тағам – ұлттық дәстүрдің бастауы. Ал ұмытылып бара жатқан ас мәзірін жас келіндер арасында насихаттаудың мәні мен маңызы зор. Бұл орайда үшінші кезең ұлттық тағам дайындауға бағытталды. Әр ауылдан келген келіндер қазақтың ұмыт болған қарынбүрме, нансалма сияқты тағамдарымен қоса, ұлттық тағам ет асудың да озық үлгісін көрсете алды.
Әр кезеңге тиянақты дайындалып келген келіндер қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Сайыс қорытындысы бойынша І орынды Нағи Ілиясов ауылының қатысушысы Аружан Әлішерова жеңіп алды. ІІ орын Бесарық ауылының қатысушысы Мадина Мамбетоваға, ІІІ орын Тереңөзек кентінің қатысушысы Айдана Мырзахметоваға бұйырды. Сондай-ақ шағандық Ақшолпан Ақбаева, шіркейлілік Сымбат Сәбитқызы, жетікөлдік Айдана Маханбетжанова арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Барлық қатысушыға сайыс ұйымдастырушыларының атынан сый-сияпат көрсетіліп, диплом табысталды.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ