Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ІЗГІЛІК МҰРАСЫ

ІЗГІЛІК МҰРАСЫ


Қазақы дәстүрді бойына сіңірген ибалы келіннің қашанда мәртебесі зор. Ұлтымыздың әдет-ғұрпын жаңғырту жолында өзіндік болмысымен табандылық танытқаны ғажап. Күн сайын отбасы берекесінің шырайын келтіріп, үлкенге ізіттілік көрсетуі кішіпейілділіктің белгісі. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен қазақтың көрегенді, даналығымен дараланған келіндері отбасы құндылығын берік сақтайтыны сөзсіз. Осы ретте бұрнағы күні Тереңөзек кенті әкімдігі және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Тереңөзек кенті клубының ұйымдастыруымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде Қызылорда қаласының 200 жылдығы мен Сырдария ауданының 90 жылдығы аясында «Қазақтың келіндері - ай» тақырыбында аудандық келіндер байқауы өткізілді. Аталмыш байқауға асқарлық Ақерке Жақсылықова, бесарықтық Әсел Көбен, жетікөлдік Құндызай Бажиева, іңкардариялық Рауан Байманова, тереңөзектік Сандуғаш Досмайлова, айдарлылық Әлия Әбубәкірова қатысып, «Тегін білу – тектілік», «Өнерлі келін сүйкімді», «Ойлы болсаң озып көр!», «Сыр – сандық» «Дәм – думан» сайысы бойынша бақ сынады.
Алғашқы кезеңде әр қатысушы түрлі жанрда өздерін таныстырды. Әрқайсысы туған ауылы, отбасы мен әулеті жайлы мол мағлұмат берді. Екінші кезеңде келіндер өз өнерлерін көрсетіп, қолдан тоқыған бұйымдарын көпшілікке тарту етті. Сондай-ақ, ұмыт бола бастаған ескі ғұрыпты қайта жаңғыртуға зор үлес қосты. Ал, үшінші кезеңде «ат тергеу», «бесікке салу», «қыз ұзату», «азан шақырып балаға ат қою», шала туған сәбиді «тымаққа салу», секілді тағы да басқа салт-дәстүрімізді көрініс етіп, қойды. Төртінші кезеңде қатысушылардың білімін тексеру мақсатында сұрақ қойылып, жауап алынды. Соңғы кезеңде келіндер асханадағы шеберліктерін байқатып, қазақтың ұлттық тағамдарын көпшілікке ұсынды.
Байқауға әділ бағасын берген қазылар алқасының қатарында ардагер ұстаз, «Тереңөзек кенті клубы» жанынан құрылған «Ару ана» әжелер ансамблінің мүшесі Алтын Нұртаева, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің әдіскері Гүлжауһар Жалғасова, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Балтабай Ордабеков болды.
Сайыс қорытындысында жүлделі III-орынды Ақерке Жақсылықова, Әлия Әбубәкірова, II-орынды Рауан Байманова, Құндызай Бажиева, I-орынды Сандуғаш Досмайлова, Бас жүлдені Әсел Көбен иеленді. Жеңімпаздарға диплом және бағалы сыйлық табыс етілді.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
21 қараша 2018 ж. 954 0