Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақша дақылдары егілуде

Бақша дақылдары егілуде

Өткен жылдан бас­тап өңірде азық-тү­лік қауіпсіздігін қам­­тамасыз ету үшін бақшалық дақыл­дарды егуге жер дайындалып беру үрдісі қалыптаса бастады. Мұнда тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп,­ көкөніс, бақша да­қылдарымен қам­тамасыз ету мақсаты тұр. Мұны аймақ басшысы арнайылап тапсырып, халыққа жағдай жасауды мін­деттеді. Соның ая­сында былтыр жұрт­шылық бақша дақылдарын егіп, қыс азығын қамдап еді. Бұл жұмыстар биыл жалғасын ­табуда.

Биылғы жұмыстармен танысу үшін аудан әкімі Берік Сәр­менбаев Айдарлы, Жетікөл, Аман­­келді ауылдарына барды. Елді мекендердегі бақша дақыл­дарын егу жұмыстарын көріп, ауыл тұрғындарымен, оның ішін­де жас­тармен тілдесті.

– Біз халықтың қолын аузына жеткізу қағидаты бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Яғни, бақша дақылдарын егуге жер дайындап, оның су мәселесін ше­­шіп береміз. Ал тұрғындар егін егіп, оны күтіп-баптап, күзде өнімін алуы керек. Сөйтіп, әркім өзін-өзі азық-түлікпен қамтама­сыз ете алады. Дана халқымыз «Ексең егін, ішерсің тегін» демей ме?! Сондықтан еңбек еткеннің еңсесі биік болады, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Негізінен, Айдарлы ауылдық округі бойынша биыл 83 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егу жоспарланса, бүгінде оның 10 гектарына­ картоп, 2 гектарына көкөніс, 48 гек­тарына бақша дақылдары егілген. Сондай-ақ ауылда жас­тар бригадасы 15 гектар жерге 15 жасты қамти отырып егін егуде. Айдарлы ауылының жас­тар бригадасы 3 жылдан бері құрылып, жұмыс жасауда. Жас­тар бригадирі Зейнолла Жүсіпов жастар тынбай еңбек етіп, нау­қанда жақсы өнім алып келе жат­қанын тілге тиек етті.

Ал жетікөлдіктер осы жылы 36 гек­тар жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егуді жоспар­лаған. Бұл ауылда биыл алғаш рет «Жетікөл» жастар бригадасы құрылды. Олар бүгінгі таңда 2 гектар жерге картоп, қауын, қарбыз, асқабақ өнімдерін орналастыруда. Жалпы, ауыл халқы осы күні 10 гектардың үстіне картоп, 3 гектарға көкөніс, 23 гек­тар жерге бақша дақылдарын егіп қойған.

Аманкелді ауылының тұрғын­дары да бақша егін егу ісіне тө­селген. Былтырғы жұмыс қайта жанданғанына қуанып, биыл 25 гектарға картоп, көкөніс, бақ­ша дақылдарын егу жоспарлап, оның 7 гектарына картоп, 4 гектарына көкөніс, 6 гектарына бақ­ша дақылдарын орналастырып үлгірген. Ал 13 жас біріккен ауылдағы жастар бригадасы 5 гектар жерге егін егуде.

Жастармен кездескен аудан әкімі оларға еңбек етіп, табыс табуда мүмкіндіктің көп екенін жеткізді.

– Еңбек етемін деген аза­маттарға мемлекеттен қолдау өте көп. Биыл «Ауыл аманаты», қайтарымсыз гранттар, аграр­лық саладағы несие секілді жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Жастар қазір бірлесіп жұмыс жасаудың тиімділігін кө­ріп отыр. Осы бірлікті ары қарай жалғастырып, коопера­­­тив­тер құрып, кәсіпкерлікті дамы­ту­ға жұмыс жасауды ұсына­мын. Аймақ басшысының қол­да­уымен аяқ су мәселесін шешу бағы­тында каналдар тазаланып, арнайы су насостары берілді,– деді аудан басшысы.

Бұл ретте, ауылдың үлкендері жігерлі жастардың ынтасына риза болуда. Сонымен қатар ха­лыққа егін егуге жағдай жасап жатқандарға ризашылықтарын білдірді.

Айта кету керек, биыл ауданда тұрғындардың өзін-өзі әлеу­меттік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 359 гектар жер дайындалып, 1105 адам егін егуде. Бұл бағытта аудан бойынша Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Бесарық, Шіркейлі, А.Тоқмағанбетов ауылдарынан жастар бригадалары құрылып, қазіргі таңда 150 жас 40 гектар жерге егін орналастыруда.

Е.БЕРКІНБАЕВ
03 маусым 2023 ж. 272 0