Бақша баптап, мол өнім алмақ
Қазақта «Еңбегіне қарай өнбегі» деген тәмсіл бар. Бүгінде жерден ризық-несібесін терген шаруалар еңселі еңбек етуде. Өз кезегінде аудан жастары осы жылдан бастап егін егуге ерекше машықтану үстінде. Ерте көктемде бақшалық жерді дайындап, алажаздай егін еккен жастар диқаншылық кәсіптің қыр-сырына қаныққан. Сырдария ауданының көлемінде бірнеше жастар бригадасы құрылып, жұмыс жасауда.
Шын мәнінде, ауданымызда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында және оларды жұмыспен қамту бағытында аудандық жастар ресурстық орталығының бастамасымен ауданға қарасты 6 ауылдан жастар бригадасы ашылды. Қазіргі уақытта Шіркейлі, Айдарлы, Асқар Тоқмағамбетов, Аманкелді, Бесарық, Жетікөл ауылының жастары егін егіп, бақша өнімдерін күтіп, баптауда. Аталған жастар бригадаларына 200-ге жуық жас тартылған. Оларға 60 гектар жер беріліп, картоп пен бақша дақылдары орналастырылған.
– Бүгінгі таңда елімізде жұмыссыздық деңгейі жастар арасында өзекті мәселеге айналып жатқаны сөзсіз. Ауданымыздың еңбек нарығында жастарды еңбекке тарту, жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында түрлі бағытта жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның бір дәлелі – ауданымызда жастар бригадасының құрылуы болып табылады. Ауыл жастарының егін егуге деген құлшынысы жоғары. Маусым соңында мол өнім алуға үмітті. Бір жағынан NЕЕТ санатындағы және пробация есебінде тұратын жастардың жұмыспен қамтылуы – маңызды рөл ойнайды. Жақында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов және ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, аудан әкімі Берік Сәрменбаев жастар бригадасының егін егу барысымен танысып, жоғары бағаларын берді, – деді Айдарлы ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі маманы Өмірзақ Есболатов.
Айта кетейік, «12 тамыз - Халықаралық жастар күні» аясында Айдарлы ауылында жастар бригадасының мүшелерінің қатысуымен ерекше іс-шара өткізілді. Ауыл әкімі Айбол Ержанов Еңбекқор жастарды мерекеме құттықтап, егістік басындағы сан түрлі іс-шараның куәсі болды. Осы күні Айдарлы ауылындағы 15 жас 15 гектар жерді өз күтімдеріне алған. Мұндай ізгілікті іс-шаралар барлық ауылда жалғасын табатын болады. Мәселен, Жетікөл ауылындағы жастар бригадасының жетекшісі Дархан Әзімханов аталған жұмыстар жөнінде өз пікірін білдірді.
– Ауыл жастарының басын бір арнаға тоғыстырған бригаданың қызметі өз алдына үйлестіріп келеміз. Елді мекендегі әрбір жастың егін егуге, еңбек етуге өз мүмкіндігі бар. Ата-бабамыздан келе жатқан бақша егу кәсібін жандыру – күн тәртібінен түспейді. Алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін халыққа ұсынуға дайынбыз. Маусым соңында егінді бітік жинап, аудан қамбасын астыққа толтыру ойда бар. Әрине, жасалған істің еш кетпегені жақсы, – деді Дархан Әзімханов.
Балтабай ОРДАБЕКОВ