Трактор тізгіндеген Роза

Роза Әлиасқарқызы – отбасындағы 11 ағайындының үшіншісі. Құндақталған, жасқа толмаған шағында анасынан айырылған сәби жүрек әжесінің мейіріміне тойып өседі. Орта білімді алған соң ер азаматы Бақыт Назаровпен шаңырақ көтерген. Нағи Ілиясов ауылына келін болып түскеннен кейін, сол жылдың наурыз айында жаңа түскен келіндік міндетімен қатар арқасүйер азаматына жердің басына жүгері егуге көмектеседі. Жүгері бригадасында бір жылдан аса еңбек етіп, бала күтіміне байланысты демалысқа шығады.
– Бригадада еңбек еткеннен кейін 2 баланы дүниеге әкелдім. Сол арада совхозға қарасты 150 бас бұзауды бақтым. Одан кейін бала күтіміне байланысты демалысқа шықтым. Үй шаруасымен, бала күтімімен, жолдасымның жағдайын жасадым. Үшінші баламызды күтіп жүргенде ер азаматым дүние салды. 1983 жылы 24 жасында қыршын кетті. «Арқасүйерім өмірден өтті» деп ошағымды тастап, төркініме кетпедім. Үшінші перзентімді өмірге әкеліп, баламның белі бекігеннен кейін еңбекке қайта араластым. Үйдегі ірі-қараға шөп керек болды. Сол малдың жем-шөбіне бола күріш егуге атсалыстым. 1985 жылдың күзінде енем оқуға жіберді. «Балаларды өзім қараймын, оқып ал» деп ауданда орналасқан аграрлық-техникалық колледжде тракторшы мамандығында білім алып, алғашқы тәжірибелік сабақта МТЗ-50
Белорус артына жүктеме тіркейтіні бар трактор айдап бастадым, – дейді аяулы жан.
Оқуын аяқтап, совхоздың жұмысына білек сыбана кіріседі. Бірнеше ай өткеннен кейін су жаңа МТЗ-80 тракторын айдаған. Жастайынан 3 баламен жесір қалған қайсар Роза Сейітованы жеңгелері араға түсіп, қазақтың бұрынғы салтымен қайын ағасына әмеңгерлікпен күйеуге береді. Сөйтіп 1987 жылы қайта шаңырақ көтеріп, бір қызды дүниеге әкеледі.
Дүние есігін ашқаннан бастап өмірдің тауқыметін көрген жан ешқашан мойыған емес. Өжет, турашыл мінезімен кейбір азаматтардан басым тұрады. Кіші қызын өмірге әкелгеннен кейін совхозда жұмысын жалғастырды. Бастапқы жылдары бұзау бақса, артынша бірнеше жыл қатарынан сауыншылық қызмет атқарған.
– Бұзау бағып жүрген кезімде бригадиріміз Лариса деген кісі болды. Сауыншылыққа адам жетпей жатқанын айтып, мені сол жаққа ауыстырды. 32 бас сиыр болатын. Сегіз сауыншы күнде екі мезгіл аппаратпен барлық сиырды сауып алып отыратынбыз. Одан кейін 90-жылдардан өте Үкімет тарап, жұмыссыз қалған шағым да болды. Бос жатпай бірнеше жыл қоймада қызмет атқардым. Артынша бала санымен зейнетке шығып, үй шаруасымен айналыстым, – дейді Роза Әлиасқарқызы.
Жетпіске таяған аяулы жан 6 немеренің әжесі. Ұлдары Қайрат, Мұрат, Төлеген өз отбасыларын құрып, бір-бір шаңырақты түзеп отырған азаматтар. Ал қызы Ләззат аймақта орналасқан №7 емханада психолог қызметін абыроймен атқаруда. Қарттық жасқа таяса да ауласында мал бағып, сиыр сауып, бау-бақша баптаған бейнеткеш Роза Сейітова ауылдың мал шаруашылығына үлес қосқан, трактордың құлағында ойнаған аяулы еңбекқор жан.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ