Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бесарықтағы берекелі отбасы

Бесарықтағы берекелі отбасы

Бесарық ауылының 60 жылдық мерейтойына осыдан 10 жыл бұрын республика көлемінде құрметті қонақтар шақырылған болатын. Сол кездегі облыс әкімі Болатбек Қуандықов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ауданға іс-сапармен келді. Думанға толы торқалы тойда құрметті меймандар бесарықтық үшемнің тұсауын кесті. Биыл 11 жасқа толған үшемнің анасы Роза Орынбаева – бүгінде аудандық мәслихат депутаты.
«Алтын алқа» иегері Роза Бұр­ханқызы осыдан 50 жыл бұрын Арал қаласында дүниеге келген. Көп балалы отбасынан шыққан оның әкесі ертерек бақилыққа аттаныпты. Анасы Қанзираш 1 ұл, 3 қызды тәрбиелеп өсірген. Мектеп қабырғасында белсенді өмірге араласқан бойжеткен Орынбор облысы, Бузулук қаласындағы гидромелиоратор колледжінің «Ауыл шаруашылығы есепшісі» мамандығына оқуға түсіп, отбасылық жағдайға байланысты туған ауылына оралады. Десе де, өзі қалаған мамандықты Қызылорда қаласында жалғастырады.
– Біз отбасында ана мерейірімін көріп өстік. Бауырларымды аяқтан тұрғызу үшін анамыз көп еңбек етті. Әрбіріміздің отбасы болып қалыптасуымызға аяулы жан күш салды. Өз басым 18 жасымда Қартабаевтар шаңырағына келін болып түстім. Отағасы Мырзағали Орынбор қаласында техник-мелиоратор ма­мандығы бойынша білім алған, – дейді көпбалалы ана.
Өз ісінің білгірі Тәуелсіздік жылдары түрлі салада қызмет еткен. Алғашқы еңбек жолын кассир қызметінен бастаған білікті маман 2003-2006 жылдары Бесарық ауылында салықшы болып жұмыс жасайды. Кейіннен «Бөбек» балабақшасы ашылып, есепші қызметіне орналасады. Роза Бұрханқызы – 7 баланың анасы. Отағасы аяулы жарына әркез қолдау көрсетіп отырады. Отбасы құндылығын жіті қадірлейтін ерлі-зайыпты үшімдер дүниеге келер уақытта басқа түскен қиындықтарды еңсереді.
– 3 қыз, 1 ұлдан кейін дәрігерлер «үшем өмірге әкелесіз» дегенде бойымызда толқу мен қорқыныш болғаны рас. Отағасы екеуміз сәбилеріміз аман-есен дені-сау жарық дүниеге келсе екен деп тіледік. Сол кездегі аудан әкімі Сұлтанбек Тәуіпбаевтың отбасымызға жасаған қолдауы ерекше болды. Бізге жаңа үй салдыртып, бұзаулы сиыр алып берді. Ауылымыздың 60 жылдық мерейтойында ел ағалары Мәделі, Марғұлан, Мағауияның тұсауын кесті. Ал үлкен балаларым жоғары білімді мамандар атанды. 7 перзенттен қазір 9 немере сүйіп отырмыз. Бұл ретте, бүгінгі көпшілікті отбасы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, – дейді ардақты ана.
2020 жылға дейін Сайлау комис­сиясының мүшесі болған Роза Орынбаева биыл «Ауыл» партиясы атынан VII шақырылған Сырдария аудандық маслихатының депутаты болып сайланды. Бүгінде халық қалаулысы ретінде елдік мүдде жолында еңбек етуде.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
15 мамыр 2021 ж. 1 035 0