Қызылдихандық құрылысшылардың жарқын еңбегі

– Шаруашылықта құрылыс бригадасы 3 жылдан бері жұмыс жасайды. Бұл игі іске бастамашы болған «Қызылдихан» ШҚ төрағасы Алдаберген Бодыбайұлы Құлбаев. Алдекең істің көзін білетін тәжірибелі басшы. Шаруашылықта егін егумен қатар құрылыс жұмыстарын жандандырып, адамдарға қуаныш сыйлауды мақсат тұтқан болу керек, – дейді ол. Иә, айтса айтқандай, шаруашылықта оннан астам құрылысшы келісімді айлық алып, еңбек етеді. Олар – Жомарт Тасберген, Қасым Қожанов, Абзал Сенехан, Ербол Махамбетов, Серік Жұмабаев, Данияр Ысқақов, Алмас Ісқалиев, Яндарбек Абдуллаев, Ғалымбек Самұратұлы, Думан Әбдірұлы, Болатбек Ізтілеуов.
Құрыш қолды құрылысшылар өткен жылы 4 үйді тұрғызып, шаруашылық жұмысшыларының игілігіне пайдалануға берді. Ол үйлер салынып жатқанда көргенбіз. Заманауи үлгіде тұрғызып, газ, жарық, ауызсу – барлығы шаруашылық есебінен кіргізілді. Бүгінде онда көпбалалы отбасылар, шаруашылық озаттары тұрып жатыр.
Биылдан бастап шаруашылық жұмысшылары үйдің құрылыс материалдарын өздері сатып алады. Ал жергілікті құрылысшылар үйді тегін салып береді. Мұндай әдіске де сұраныс көп. Нәтижесінде еңбеккерлер үйлі болады. Қазіргі таңда О.Мәлібаев пен Қалжан ахун ауылдарында бірнеше үй осындай әдіспен салынуда. Алды пайдалануға берілді. «Қызылдихан» шаруа қожалығы еңбеккерлеріне үй соғып берумен қатар жоғарыда аталған елді мекендерде қайырымдылық шаралар жүргізіп келеді. О.Мәлібаев ауылдық кітапханасына жылу жүйесін жүргізіп, газ кіргізіп берді. Бұған ауыл кітапханашысы Кенжегүл Бодыбаева дән риза.
Қалжан ахун ауылындағы мешіттің асханасын еңселі, жарық етіп тұрғызып берген де осы қызылдихандық құрылысшылар. Бұрын жартылай асармен салынған. Оны көрікті әрі жаңа ғимарат етіп аяқтаған шаруашылық құрылысшылары.
Баба ауылында тұратын жеке кәсіпкер, ауыл жанашыры Талғат Пірманов «Қызылдихан» және «БАҚ» шаруа қожалығының Қалжан ахун кесенесіне жасап жатқан жөндеу жұмыстарына ризашылығын білдіреді. Баба ескерткіші толығымен жаңартылған. Намазхандар отыратын орынның төбесіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Кесенеге баратын арық тазаланып, аяқсу жеткізілген. Және де алдағы уақытта да мұнда жөндеу жұмыстары қос шаруашылықтың көмегімен жасалатын болады.
Шаруашылық есебінен құрылысшыларды ұстап тұру оңай емес. Дегенмен халыққа қажетті болған соң, ауылда құрылыс жұмыстарын жандандыру мақсатында олардың еңбегі қажетке жарап отыр. Құрыш қолды құрылысшылар ауылдың көркіне көрік қосып, ауылдастарының алғысына бөлене беретіні ақиқат.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ