Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 69 газет

13 қыркүйек 2025 ж.

№ 68 газет

09 қыркүйек 2025 ж.

№ 67 газет

06 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Әулеттің мәуелі бәйтерегі

Әулеттің мәуелі бәйтерегі

2013 жылы «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» туралы Жарлыққа енген өзгеріске орай «Отбасы күні» қыркүйек айының екінші жексенбісіне белгіленді. Биыл он екінші мәрте аталып өтетін мерекеде ең бастысы отбасы құндылығы насихатталады. Атаулы күнмен қатар сол жылы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жарияланған болатын. Жыл сайын ел көлемінде өтетін байқау алдымен аудандық деңгейде ұйымдастырылады. Конкурсқа әрбір елді мекеннен мерейлі отбасылар қатысады. Биыл қатысушылардың арасынан Шіркейлі ауылынан Әбсадықовтар отбасы облыстық кезеңге жолдама алған болатын.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды «Отбасы күні» мереке-сімен құттықтау сөзінде: «Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қарашаңырақтан бастау алады» деген еді. Әрбір отбасы мүшесі үшін ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесі маңызды, ыстық ұясы қадірлі. Сондай мерейі артқан Әбсадықовтар отбасының тірегі Жақсылық Дүйсенбайұлы саналы ғұмырын еңбекке арнаған азамат. Маңдай терін адал еңбек етуге төккен қария бүгінде сексен екі жасқа келіп отырған елдің қадірменді ақсақалы. Жастайынан трактор тізгіндеп Жақсылық аға ауыл шаруашылығының нағыз маманы атанды. Елу жылға жуық уақыт ішінде дала еңбеккері ретінде күріш те егіп, диқаншы да болды. Бала кезінде әкесінен алған тәлім-тәрбиесі Жақсылық ағаның саналы азамат болып қалыптасуына зор әсер етті.

– Әкем Дүйсенбай Әбсадықов соғыс ардагері еді. Ауыл мектебінде бала оқытты. Туған елдің өсіп-өркендеуіне шаруашылықты басқарған Жаңабай Азаматовпен бірге атсалысты. Механизаторлар дайындайтын оқуға барып, бір жыл оқып, ауылға оралдым. 16 жасымнан бастап бел жазбай еңбек еттім. Ерте көктемде басталатын дала еңбегін қара күз келгенше еңсердім. Қарапайым еңбек адамы ретінде трактор айдап, отбасымды асырадым, – дейді байырғы дала еңбеккері.

Жақсылық Әбсадықов техника тілін жетік меңгерген мақтаулы маман, өз ісінің шебері болды. Өзінің еңбексүйгіштігінің арқасында дала кемесі комбайнды да тізгіндеді. Күріш те егіп, егінді жайқалтты. Адал еңбектің арқасында кезінде 50-60 центнерден өнім алды. Жұбайымен үлгілі отбасы болды. Марқұм Гүлжауһар апа да шаруашылықта күріш еккен еңбеккер. Ауылдан шыққан қыз-келіншектердің бригадасында жүріп күріштен тау тұр-ғызды. Жарты ғасырға жуық отасқан жұбайы осыдан 17 жыл бұрын бақилық болғаны өкінішті.

– Ата-анадан екі перзентпіз. Анам Раушан бізді ер жеткізді. Әкемнің жағдайын жасап, үй шаруасымен айналысты. Жалғыз бауырым Шыныгүл мұғалім болды. Қазір Астана қаласында тұрады. Үбірлі-шүбірлі. Құдайға шүкір, 50 жылғы бейнетімнің зейнетін көріп отырмын. Балаларым алақандарына салып отыр. Кенже ұлым қолымда. Немере-шөберелерімнің қызығын көрсеткеніне тәубе деймін. Бұрынғының адамдары өте еңбекқор болды. Елдегі ауызбірліктің арқасында ауылдан талай чемпиондар шықты. Қазір де ауылымыз жаман емес. Техниканың неше түрі бар. Оны меңгерген жастар да жеткілікті. Ынта болса, алынбайтын қамал жоқ. Ауылдың мәселелері шешім табуда. Тақтайдай түзу жолдар салынып, көше самаладай жарқырап тұр, – дейді ауыл ақсақалы Жақсылық Әбсадықов.

Қазыналы қарттың өнегелі өмірін жалғастырып отырған балаларының арасында әке жолымен механизатор болғандары бар. Екі бірдей ұлы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. Кенже ұлы Мақсұт ауылда мәдениет үйін басқарады. Қыздары да бүгінде өрісін жайған бір-бір шаңырақтың отанасы. Құрмет төріндегі қадірлі қария жастық шағында қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Қазір де ауылдың тыныс-тіршілігінен хабардар болып отырады. Ауыл тұрғындары да ақсақалды құрметтеп, батасын алуға асығып тұрады. Ол кісі 2018 жылдан бері ауылдағы қоғамдық кеңестің мүшесі. «Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын» қария аудан, облыс көлемінде өткен бата беру, шежіре айту байқауларына қатысып, жүлдегер атанды.

Шежіреші, батагөй ақсақалдың айтуынша Шіркейлі ауылынан Ұлы Отан соғысына 400-дей азамат соғысқа аттанған. Оның 199-ы оралмаған. Ж.Нұрсейітов соғыстағы ерлігі үшін «Кеңес Одағының батыры» атағын алған. Бейбіт замандағы батырлар Б.Мұстапаева, Б.Синаева Екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне депутат болды. Тағы да басқа еңбек озаттары шықты. Құдайберген Әзбергенов, Орынбек Ахметов «Ленин» орденімен, Орынкүл Сүлейменова 28-съезге делегат болғаны ауыл тарихында қаттаулы.

Осындай шежірелі тарихты қадірлі қария жас ұрпаққа насихаттап келеді. Нағыз еңбектің ортасында шыңдалған ардақты жанның өмірде көргені де, білгені де көп. Жақсы мен жаманның жігін ажыратып, адал еңбек етуді ұрпағына үлгі еткен ақсақал ұрапағынан 30 немере, 44 шөбере сүйіп отыр.


Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
13 қыркүйек 2025 ж. 183 0