Отанның тірегі – отбасы
Елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жарияланып, қыркүйек айында отбасы күніне орай қорытындыланады.
Байқау отбасы институтын, адамгершілікті, руханиятты нығайту, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану мақсатында жыл сайын ұйымдастырылады. Сонымен қатар ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқорлығын дәріптеу және кеңінен насихаттауға бағытталады. Жалпы Қазақстандық жанұяның жағымды имиджін насихаттауды да басты мақсат етеді.
Үш кезеңде, яғни аудандық, облыстық және республикалық деңгейде өтетін байқауға отбасылар өзін-өзі ұсыну жолымен, үкіметтік емес ұйымдар арқылы, жергілікті атқарушы органдар және заңды тұлғалардың ұсынуы бойынша қатысады.
«Мерейлі отбасы-2022» ұлттық конкурсын аудандық деңгейде өткізуді ұйымдастыру бойынша құжаттар қабылдау аудандық ішкі саясат бөлімі арқылы 2022 жылдың 20 мамыр мен 15 маусым аралығында жүзеге асырылуда. Арнайы комиссия жеңімпаздарды анықтап, жүлдегер 2 отбасы облыстық комиссияға жіберіледі.
2014 жылы республика бойынша бастау алған ұлттық байқауға ауданнан қатысуға алғаш 4 өтінім келіп түскен. Одан кейінгі жылдары ауданнан байқауға қатысуға тілек білдіргендер саны артқан. Аудандық іріктеуден өткен өнегелі отбасылардың қатарында Сансызбай Сәдуақасовтар отбасы облыста жүлделі екінші орынмен мараптталса, Шіркейлі ауылынан Зұлпыхар Жұмабеков, Айдарлыдан Роза Әлбатырованың отбасы арнайы номинация иегері атанды.
Сонымен қатар Алтын Нұртаева, Қанатбек Әбілқасымов, Мейрамбек Абдуллаев, Ержан Сәбитов, Айғали Есқараев, Сайлау Мақпалбай, Астархан Қожахов, Өмірзақ Төлебаевтың отбасы әр жылдары аудандық кезеңде топ жарды. Тыл ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Рахымжан қажы Бәйменовтің отбасы 2018 жылы бас жүлдемен марапатталып, мерей төрінен көрінді.
– Отбасы ең қасиетті де киелі ұғым. Жанұяда қалыптасқан салт-дәстүрден бастап барлық құндылықтар рухани қазына болып саналады. Ұлтымыз әуел бастан отбасындағы құндылықтарға, оның ішінде әке мен ананы құрметтеу, бала тәрбиесіне аса мән берген. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы да осындай өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға, отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін арттыруды мақсат етеді. Соңғы 8 жылдан бері тұрақты түрде өтіп келе жатқан байқау соңғы бір-екі жылдың көлемінде әлемді дендеген панедмияға байланысты өткізілмей қалды. Дегенмен байқау 2021 жылдан бері қайта ұйымдастырылып, өнегелі отбасылар үлгі етілуде. Биыл да аудандық комиссияға келіп түскен өтінімдер бойынша іріктеу өтіп, облысқа екі отбасыға жолдама беріледі. Осы жылы да өнегесімен үлгілі болған отбасылар ұлттық байқауға қатысып, мерейлері үстем болады, – дейді «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігін төрайымы Ұ.Жанәлиева.
Бибісара ЖАНӘЛІ