Мемлекет басшысы Отбасы күнімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Отбасы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
Баршаңызды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек. Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады.
Отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды «Адал азаматқа» тән қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады.
Әр отбасының әл-ауқатын жақсарту – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы негізгі міндеттің бірі.
Қазақстандағы әрбір шаңырақтың керегесі кең, босағасы берік болсын!
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!