Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 67 газет

06 қыркүйек 2025 ж.

№ 66 газет

03 қыркүйек 2025 ж.

№ 65 газет

30 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Желіде жарқыраған жалған өмір...

Желіде жарқыраған жалған өмір...

Әлеуметтік желінің дәурені басталғалы қашан, бүгінде желі қолданушыларының саны ондаған миллиардтан асып түседі. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, кез келген нәрсенің пайдалы яки зиян тұстары бар. Онлайн сауда, ақпарат көзі, қолжетімділік сияқты ұтымды жағына елітіп жүргенде, құлдырап, тұтылып отқан жағымызды бағамдап жатпаймыз. Әлеуметтік желі миды тұсап, ой-сананы шектеп отыр.

ПРАНК ҮШІН БӘРІНЕ ДАЙЫН...

Әрине, қандай мақсатта пайдалануыңа да көп нәрсе байланысты. Десек те жылт-жылт етіп шыға беретін қысқа видеолардан көз сүрінеді, рас. Орынсыз қылжақ соңы жауапкершілікке апарып соғады. Қазір жастар арасында «пранк» деген нәрсе шыққан. Телефон ұстағанның бәрі «блогер» болып жүрген заманда сырттан келген жаңалықты тез жұқтырып, қайталауға тырысып жатады. Ағылшын тілінен тікелей аудармасы «ойын, қулық, әзіл» деген мағынаға саятын пранк сөзін бұған дейін бірнеше рет естіген боларсыз.

Негізі бұл ұғым бұрын пайда болған. Кезінде, сонау орта ғасырларда, хан сарайында арнайы әзілкештер жалдайтын болыпты. Олар патша мен келген сыйлы қонақтарды күлдіру үшін түрлі қулыққа барып, көңіл-күй сыйлайтын. Былайынша айтқанда, сайқымазақ деуге келеді. Кейін видеокамералар мен интернет пайда бола бастаған соң пранкерлердің де ауқымы кеңейіп, қоғамға кеңінен еніп, енді олар патша үшін ғана емес, көпшілікті күлдіру үшін түрлі құйтұрқылыққа барған. Осылай-осылай пранкерлер көбейіп, бүгінде асқынған дертке ұласып отыр. Біздің елге адамдарды алдауға негізделген пранк түсіру тикток әлеуметтік желісі арқылы көптеп таралуда.

Негізі адамдардың ойлап таппайтыны жоқ. Ақша табу үшін бе, әлде шынымен істеп жүрген істері ұнайды ма, әйтеуір не көрсе, соны қайталап түсіріп шығуға әуес. Пранк деп үйдегі үлкен кісілердің жүрегі жарылардай іс-әрекетті жасап, оны әлеуметтік желіге жүктеп қойғанда «не деген ессіздік» деп жаға ұстайсың. Жақында есірген біреулер лифтіге «мәйіт» алып кіріп, тұрғындардың үрейін ұшырған еді. Яғни тірі адамның бет-аузын бояп, тұмшалап, лифтіге алып кіріп, телефонмен ол туралы біреуге ақпарат айтып жатады. Әрине бей-жай жүрген тұрғынның жүрегі ұстамай, не болады? Қорқып, көзі шарасынан шықса, соған пранкерлер дән риза. Не деген қатыгездік, жауыздық бұл? Жүрегі ұстап қалса не болады сонда? Енді жақында біреуі шығыпты, көрден «сәлем» жолдап. Өмір бар жерде өлімнің бары ақиқат. Десе де оны ойынға айналдыру әсте қателік.

Әрине адамның денсаулығына қасақана зиян келтіру – заңмен жазаланады. Полиция ессіз «еркелік» жасаушыларды анықтап, еріккендерге айыппұл төлетеді, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді, қамауға алу жазасы да қарастырылған. Ішкі істер министрлігі жыл басынан бері пранк жасағаны үшін отызға таяу адам жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеген. Олардың ішінде отыз тәулікке дейін бас бостандығынан айырылғандар да бар.

КОНТЕНТ КӨП, ҚҰНДЫЛЫҚ АЗ

Қазір бәрі асығыс, бәрі тығыз. Соған сай уақыт та, басқасы да қысқарып бара жатқан сияқты. Таң атады, кеш батады, апта басталса, ай ақырына жетеді. Жылдам өмірде жылдам нәрселерге ми әуес болары анық. Әлеуметтік желіде де солай.

Әлеуметтік желідегі қызықты әрі қысқа-нұсқа видео көрерменін жалықтырмайды, бір минуттық видеомен біраз нәрсені қамтиды. Бұндай видеолар уақытыңызды үнемдейді деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ, олай емес. Бірінен соң бірі шыға келетін, шегі де, түбі де жоқ таусылмайтын видеолар адам денсаулығына өте зиян.

Жақында бір танысым өзінің ұзақ күнді қысқартып қысқа видеолардан бас ала алмайтынын айтып шағымданды. «Бала дейміз-ау, өзіміз де сол телефонға жіпсіз байланғанымызды байқамаймыз. Тіпті түн ауғанша осы әлеуметтік желідегі блогерлердің видеосын қараймын да отырамын. Телефон бетіме құлағанда барып, ес жинаймын. Адамның осал жерін біледі ғой, әлеуметтік желіні де соған сай етіп құрастырып қойғандай. Қысқа-нұсқа видеоны әне бітеді, міне бітеді деп көре бере, өміріміз қысқарып, құр босқа өтіп бара жатқан сияқты көрінеді кейде» дейді. Оның үстіне, артқа белгісін бір бассаңыз желіден бірден шығып кетпейді. Керісінше жаңа видеолар шығып, көзіңді қызықтырады. Бұл әл-сіз адамдардың уақытын одан әрі өлтіре береді.

Расында, қолымыз қалт етсе, ұялы телефонның ар жағындағы «бақытты блогер» өміріне тамсана қараймыз. Кейбір контент пайдалы болғанымен, кейбірі құр әурешілік әрі кей адамның өз өміріне көңіл толмаушылығын туындатып, жасандылыққа қызықтыруы мүмкін. Сен бергі бетте қызығып отырғанда, телефонның арғы жағындағы адам «ертең оқырманыма қалай бақытты болып көрінсем екен» деп басы қатып отыруы мүмкін. Ұялыдан көрген көп ақпаратқа қызыға беруге болмайды. Пайдалы тұсын икемге келтіріп, пайдасыз жеріне көп бөгелмеуге тырысу орынды.

Ғалымдардың пікіріне құлақ түрсек, осындай қысқа рилстер адам өміріне өте қауіпті. Әсіресе, тикток және инстаграм желілерінде жиі көрініс табатын қысқа-нұсқа видеолар адамның ойлау қабілетін шектеп, ағзаға адам айтса нанғысыз зиян келтіреді. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, қысқа видеолар адам миына шамадан тыс жүк түсіреді. Арнайы шетелдік сайттың жүргізген зерттеуінде бұндай видеолар психикалық ауру туғызуы мүмкін екендігі туралы нәтиже шығарған. Бұндай видеоны көп көрген адам шыдамсыздыққа бел алдырып, бастаған ісін аяқтай алмайтындай дәрежеге жетуі мүмкін. Яғни мидың қызметі бұзылады, бұл адамның өміріне аса қауіп туғызады. Зерттеуге сәйкес, мұндай видеолардан орталық жүйке жүйесі дамылсыз жұмыс істейді. Соның әсерінен ұйқы нашарлап, есте сақтау қабілеті нашарлайды. Сонымен қатар, сағаттап ұялы телефонға телміру тәуелділікке әкеп соғуы мүмкін.

КӨП КУРС – ПАЙДАСЫ ЖОҚ КУРС

Әлеуметтік желі арқылы ең көп жарнамаланатын нәрсе – ақылы курстар. Беретін ақылы аз, алатын ақысы көп бұндай курстарды шынымен білімді адамдар ілім үйрету мақсатында үйлестірсе, жөн екен. Көбі ақша табуды ғана көздейтінін жасыра алмаймыз.

Жақында бір блогер «қарыздан құтылудың жолын үйрететін» курс ашыпты. Енді қарап отырсаң, расында да күлкің келеді. Иә, дұғада болу, аффирмация жасау деген сияқты психологияны тезге салатын жолдар расында да бар. Бірақ өзі қарызға батқан адам курсты қарызға сатып алса, тағы ыңғайсыз. Біз күлеміз, бірақ бұл көбімізге таныс «қарызды қарызбен жабу» тактикасына қатты ұқсайды.

Ең сорақысы, үй жинауды үйрететін курс та бар екен. Иә, не болса сол. Және оны сатып алып, оқитындардың ойын түсінгім келсе де, түсіне алмадым. Қызық үшін сатып алып көруге құлқым да болмады. Енді ойлаңыз, үй жинау курсын сатып алдыңыз. Оны асықпай көріп отырғанда кеш батып, үйіңіз тағы жинаусыз қалмақ. Басқаны үйреткен үйреткен, дәл бұл ауа­дан ақша жасаудың нақ өзі сияқты.

Білім алуға, жаңа нәрсені үйренуге деген қызығушылықтың артып отқаны, әлбетте, көңілге қуаныш ұялатады. Курстар мен тренингтер көп адамға дамудың жолын көрсетіп, бағыт пен бағдар беріп жатады. Оны жоққа шығаруға және болмайды. «Ғасыр оқып, ғасыр жаса» деген сөз бар ғой. Сол секілді ақылы курс арқылы қай жаста да көп нәрсе үйретуге, үйренуге болады. Бірақ бәрі өз орнымен болса дейсің.

Алайда мәселенің екінші жағы бар. «Аңқау елге – арамза молда» дейді бұндайда халқымыз бір-ақ ауыз сөзбен қайырып. Сапасыз әрі үстірт білім ұсынатын курстар мен тренингтердің жаппай көбеюі біріншіден бағыттың қате берілуіне әсер етсе, екінші жағынан қыруар қаржыны қағып алады. Яғни кей курстар сапаға емес, жарнамаға негізделген. Бүгінгі таңда тез баюдың «құпиясын», қарым-қатынастың кемел болуын, тұрмысты тездейтін мәселелерді қозғайтын ақылы курстар сұранысқа ие болып тұр. Әрине жарыққа шыққан, онымен қоймай, көпшілікті оқытып жүрген курстардың құнын, коучтардың білімін саралап жатқан ешкім жоқ. «Өз парақшамда не айтсам да өзім білемін» деп есіреді блогер-сымақтар.

– Қысқа мерзімге негізделген бұндай курс­тар ақылды шырмап, адамның өздігінен ізденуге деген ұмтылысын шектейді. Көпшілік дайын, жинақталған білімді алуға құштар. Бірақ ол рас па, ойдан шығарылған ба, неге сүйеніп дайындалған ілім екенін біле бермейді. Мәселенің түп-тамыры білім алу тәсіліне ғана емес, білімге деген көзқарас пен адамның ой-өрісіне орасан әсерін тигізуде. Мұндай жүйесіз жүйе жалғаса берсе, адамның дамуына кері әсер етуі де ықтимал. Әрине адам – қоғамның қозғаушы күші. Жалпы миды күнделікті дамытып отыру орынды. Бұл тұста ақпаратты тұтынушы ғана емес, білімді шын мәнінде меңгеруші болуға күш салу орынды, – дейді мамандар.

ШЫНДЫҚ ШЕКАРАСЫ ҚАЙДА?

Ақпарат кімнің қолында болса – билік соның қолында. Бірақ қазір ғаламторда жарияланған ақпараттың қайссы дұрыс, қайссы бұрыс екенін бағамдау қиын. Біріншіден, оны бақылап отырған нақты бір орган жоқ. Екіншіден, «елдің аузына қақпақ бола алмайсың» деген сияқты, ақпарат айдынын түгел мүлт кетпей шолып отыру мүмкін емес.

Десек те жалған ақпарат екені анықталған жағдайда ақпарат таратушыға заң аясында шара қарастырылған. Әкімшілік жауапкершіліктен ешкім құтыла алмайды. Жарияланған ақпараттың жалғандығы дәлелденсе, жеке тұлға мен заңды тұлғаға есебінше түрлі мөлшерде айыппұл салынады. Ал қайталанған жағдайда қамауға алынуы мүмкін.

Ақпаратты тұтынушылардың көбі мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмайды. Әсіресе, шұғыл жағдайлар мен саяси ахуал кезінде жалған хабарламалар желдей еседі. Иә, сөз бостандығы бар. Десек те аузына келгенді айту деген сөз емес бұл. Еркіндікті елірумен, ашықтықты арандатумен шатастырмау керек.

Мемлекет басшысы «Аңдамай айтылған бір ауыз сөз, ойланбай қабылданған бір шешім елге зардабын тигізуі мүмкін» деп ескертуінің астары тереңде. Бүгінде ақпараттың көптігінен оның қайссы дұрыс, қайссы бұрыс екенін бағамдай алмайсың. Әсіресе, егде жастағы кісілер жалған ақпаратқа сеніп қалып жатады. Соның салдарынан ғаламтор небір алаяқтықтың алаңына да айналып отыр.

Әлеуметтік желіні аша қалсақ, негативті жаңалықтар мен пікірлер көптеп кездеседі. «Ұрып кетіпті», «жығып кетіпті», «алып кетіпті», «өртеп кетіпті», тағысын тағы... «Жаман жаңалық тез тарайды» дейді ғой, бұндай жайсыз хабарламалар бір дегенде мыңдаған қаралым жинайды. Қаралым мен тіркелушілер санын табысқа айналдырып отырған әлеуметтік желі қолданушысы үшін бұл тіпті «тамаша». Содан келіп, көбіне жайсыз хабар таратуды құп көреді. Тіпті «жаңалықты» ойдан шығара салады. Бірақ, бұндай мәтіндерді ұдайы оқи беру адам психологиясына кері ықпал етеді. Жаңалықтарға күйінген үлкен кісілердің қан қысымы көтерілсе, жастар жағы ашушаңдыққа бел алдырып жатады. Бұның бәрі ми мен миға қабылданатын ақпараттың адам психологиясына әсерімен түсіндіріледі.

Түйін. «Айта, айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» кері болса да, бұл тақырып бұған дейін қаузалып жүрсе де, айтудан жалықпаймыз. Біреуге ой салса, біреу білсе деген негізгі мақсатымыз бір. Жазылған жайдан нәтиже болып, ең болмаса бір адам бір ақпарат алса – журналист жоспарының жүзеге асқаны. Жаңаны, жақсыны жатсынбаймыз. Десек те әр нәрсенің шегін білу ләзім.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Ашық дереккөзден


06 қыркүйек 2025 ж. 236 0