Қысқа контент өмірімізді қысқартпасын

Мысалы, әлеуметтік желі қысқа видеоларды жүктейді. Қызылды-жасылды қызықты әрі қысқа-нұсқа видео көрерменін жалықтырмайды, бір минуттық видеомен біраз нәрсені ұғындырады. Бұндай видеолар уақытыңызды үнемдейді деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ, олай емес. Бірінен соң бірі шыға келетін, шегі де, түбі де жоқ таусылмайтын видеолар адам денсаулығына өте зиян.
Қазіргі таңда телефон «ауруын» айтқанда «жастар мен балалар» деп жас буынға кінә арта салу орынсыз. Себебі үлкен де, кіші де осы телефонның «құлына» айналған. Иә, біз айтып отырған қалыптан тыс жандар да бар, яғни көпке топырақ шашудан аулақпыз.
Жақында бір танысым өзінің ұзақ күнді қысқартып қысқа видеолардан бас ала алмайтынын айтып шағымданды. «Бала дейміз-ау, балаға ақыл айтқанда қандаймыз, өзіміз де сол телефонға жіпсіз байланғанымызды байқамаймыз. Тіпті түн ауғанша осы әлеуметтік желідегі блогерлердің видеосын қараймын да отырамын. Телефон бетіме құлағанда барып, ес жинаймын. Адамның осал жерін біледі ғой, әлеуметтік желіні де соған сай етіп құрастырып қойғандай. Артқа белгісін бір бассаңыз желіден бірден шығып кетпейді. Керісінше жаңа видеолар шығып, көзіңді қызықтырады. Бұл әлсіз адамдардың уақытын одан әрі өлтіре береді. Қысқа-нұсқа видеоны әне бітеді, міне бітеді деп көре бере, өміріміз қысқарып, құр босқа өтіп бара жатқан сияқты көрінеді кейде» деп жан сырын ақтарды.
Расында, қолымыз қалт етсе, ұялы телефонның ар жағындағы «бақытты блогер» өміріне тамсана қараймыз. Кейбір контент пайдалы болғанымен, кейбірі құр әурешілік әрі кей адамның өз өміріне көңіл толмаушылығын туындатып, жасандылыққа қызықтыруы мүмкін. «Сен бергі бетте бала-шағаңмен миың ашып отырғанда, телефонның арғы жағындағы адам «ертең оқырманыма қалай бақытты болып көрінсем екен» деп басы қатып отырады» деген еді бір әзілкеш. Сол айтпақшы, ұялыдан көрген көп ақпаратқа қызыға беруге болмайды. Пайдалы тұсын икемге келтіріп, пайдасыз жеріне көп бөгелмеуге тырысу орынды.
Ал енді ғалымдардың пікіріне құлақ түрсек, осындай қысқа рилстер адам өміріне өте қауіпті екен. Әсіресе, тикток және инстаграм желілерінде жиі көрініс табатын қысқа-нұсқа видеолар адамның ойлау қабілетін шектеп, ағзаға адам айтса нанғысыз зиян келтіреді. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, қысқа видеолар адам миына шамадан тыс жүк түсіреді. Арнайы шетелдік сайттың жүргізген зерттеуінде бұндай видеолар психикалық ауру туғызуы мүмкін екендігі туралы нәтиже шығарған. Бұндай видеоны көп көрген адам шыдамсыздыққа бел алдырып, бастаған ісін аяқтай алмайтындай дәрежеге жетуі мүмкін. Яғни мидың қызметі бұзылады, бұл адамның өміріне аса қауіп туғызады. Зерттеуге сәйкес, мұндай видеолардан орталық жүйке жүйесі дамылсыз жұмыс істейді. Соның әсерінен ұйқы нашарлап, есте сақтау қабілеті нашарлайды. Сонымен қатар, сағаттап ұялы телефонға телміру тәуелділікке әкеп соғуы мүмкін.
Расында да бүгінгі күннің асқан бір жетістігі де, соған сай аса ауыр дерті де ұялы телефонмен тығыз байланысты болып тұр. Тіпті ұялы телефонсыз өмірді елестету қиынға соғуы мүмкін. Десек те әр нәрсенің өзінің шегі, нормасы болатынын естен шығармау керек. Пайдалы іске қолдана алсақ, осы телефон арқылы үлкен шаруаларды да атқаруға болады. Ал шектен тыс тиімсіз дүние қарап, ретсіз пайдалану өз өміріңе балта шабуға әкелуі мүмкін.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Нұрболат Нұржаубай