Әулеттің ғана емес, ауылдың ақылшысы
Бауыржан Момышұлы қарттарды шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөледі екен. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, өсек айтатын қартты «шал» десе, өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты «қария» деп атаған. Тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отыратын қартты «ақсақал» десе, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты «абыз» деп атаған. Бүгінде жасы жетпістен асқан Сәрсенғали Созақбаевты ауылына еңбегі сіңген құрметті қария деуге толық негіз бар.
Еңбекке ерте араласып, қырық жылдан астам уақыт бойы түрлі техниканың «құлағында» ойнаған Сәрсенғали Созақбаев 1951 жылы «Құндызды май» ауылында дүниеге келген. Аталған ауыл қазіргі Сәкен Сейфуллин атын иеленген шағын ауыл құрамында. 1971 жылдан бастап ХХІ съезі совхозында, 1975 жылдан бастап С.Сейфуллин кеңшарында автокөлік жүргізушісі болған.
– Ауданға қарасты іргелі ауылдардың бірі Сәкен Сейфуллин елді мекені 1975 жылы құрылған болатын. Сол кезден бастап осы қасиетті елді мекенде тұрып келеміз. Қазақтың көрнекті жазушыларының бірінің есімімен аталатын ауыл көз алдымызда көркейіп, гүлденіп, дамып келеді. Тәуелсіздікке дейін және арайлы азаттық таңы атқаннан кейін бұл мекенді бірнеше басшы, әкімдер басқарып, әрқайсысы қолынан келгенше ауыл жұмысын жандандырды. Біз де өз кезегімізде ауылдың дамуына үлесімізді қосып келеміз, – дейді бүгінде ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп отырған зейнеткер.
Сәрсенғали аға жастайынан түрлі салада жұмыс жасаған. Еңбектің қай түріне болсын бірден икемделіп кететін ол – нағыз шаруаның адамы. Әкесі темірден түйін түйген ұста болған екен. Әке өнері балаға мұра болып, Сәрсенғали аға да темірге, техникаға жақын болған. Зейнет жасында болса да темірден түрлі бұйымдар жасауды ермек ететін ардақты жан үй жайына қажетті темірден жасаған бұйымдарын көрсетіп жатты.
С.Созақбаев өмірлік жары екеуі 5 ұл, 2 қызды өсірген. Балаларының бәрі қатарының алды болып, өмірден өз орындарын тапқан. Бүгінде қызды қияға, ұлды ұяға қондырған Созақбаевтар әулеті тынысты тіршілігі жарасып, айрандай ұйыған үлкен жанұяға айналған. Тамырын тереңге жайған бәйтеректей болған Сәрсенғали аға мен Сібіркүл апа – ұл-қыздан тараған немере мен шөберелердің қызығын көріп отырған ардақты ата мен әже.
Сәрсенғали Әбдікамалұлы 2014 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан. Десе де, қоғам өмірінен қол үзбеген қария – бүгінде ауылдық қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі. Бұл туралы аудандық мәслихат депутаты Бағдат Есназар пікір білдірді.
– Қазақ халқы үлкенге ілтипат көрсетуді тәрбиенің негізі деп біліп, ақсақалдың батасын алуды ерекше құрмет тұтатыны белгілі. Бұл бізге қанмен келген қасиет десек артық айтқанымыз емес. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген. Сәрсенғали ағамыз – ауылдағы үлкеніміз, ақылшымыз. Ол кісі бет түзеріміз ретінде ауылда атқарылып жатқан барлық жұмыстардың басы-қасынан табылып, өзінің ақыл-кеңесін, пікірін, көзқарасын білдіріп отырады. Ардақты ағадан білмеген жерімізді сұраймыз, кеңесін тыңдаймыз. Әр ісімізге жөн сілтеп, ағалық ақ тілек, батасын беріп отырады және сол ағалық пейілі үшін әркез ауыл халқы құрмет тұтады, – дейді №137 орта мектептің директоры Бағдат Мансұрұлы.
Осы жасқа дейін алғаны алғыс болған Сәрсенғали аға «Міркемел кәлпе» ауыл мешітін тұрғызуға көп көмек көрсеткен. Алланың жердегі үйі саналатын мешіт құрылысына атсалысудың сауабы мол екені белгілі. Мешіттің гүлденуіне зор үлес қосып, мәрттігі мен азаматтық келбетін көрсеткен Сәрсенғали Созақбаевқа осы еңбегі үшін ауыл тұрғындары алғыс білдіріп, ауыл әкімі арнайы «Алғыс хатпен» зор ризашылығын білдірген.
– Мешіт – Алланың үйі. Ауыл мешітін тұрғызуда іргетасы қаланғаннан бастап басы-қасында болдым. Бұл мешіттің ашылғанына да біраз уақыт болып қалды. Былтыр Оңғарбек Саймағамбетов деген кәсіпкер азаматымыз осы мешітке жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 130 адамға шақталған асханасын ретке келтіріп берді. Бір айта кетерлігі, мешіт асханасы құдайы, ас берушілерге пайдалануға тегін беріледі. Ыдыс-аяғын, үстелдерін өз қолымызбен түгендедік. Елдегі дертке байланысты адам жинауға рұқсат берілмей тұрғаны болмаса, мешіт асханасы сақадай сай, – деді әулетінің тіреуі, ауылының айнасы болып отырған қария.
Аудан, ауыл ахуалының жақсаруы жолында аянбай еңбек етіп жүрген ел ағасының еңбегі басшылық тараптан еленіп, арнайы алғысқа, төсбелгіге ие болған. Сәрсенғали Әбдікамалұлы «Сырдария ауданының 90 жылдығы» төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ, Сәкен Сейфуллин кеңшарының құрылғанына 45 жыл, ауылдағы білімнің қара шаңырағы №137 орта мектептің іргесі қаланғанына 90 жыл толуына орай өткізілген іс шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқаны үшін 2021 жылы ауыл әкімі мен қоғамдық кеңестің арнайы «Алғыс хатына» ие болған. Мерекеге орай басылған «Сәкен ауылы – ұлағаттың ұясы» атты көлемді жинаққа есімі мен ерен еңбегі енген.
«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген сөз бар. Қарт деген қазына. Олардың әрбір айтқан өнегелі сөзі, тағылымды ісі, елінің, туған жерінің өсіп-өркендеуіне арнаған өлшеусіз еңбегі – тұнып тұрған тарих. Ендеше, елдің ыстық ықыласына бөленген құрметті қария Сәрсенғали Созақбаев тіреу болып отырған құтты шаңырақтың бекем бірлігі, көркем тірлігі көпшілікке үлгі-өнеге.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ