Өрісі кең ауыл медицинасы

Аманкелді ауылдық дәрігерлік амбулаториясының ғимараты бірнеше мәрте ауыстырылған. Мұнда 10 орындық күндізгі стационар жұмыс жасайды. Күнделікті дертіне дәру іздеген көпшіліктің тілегін тыңдаған ақ халатты абзал жандар өз ісімен даралануда. Осы күні аудандық аурухана құрылымына кіретін мекемеде 29 маман мен қызметкер еңбек етеді.
– Біздің дәрігерлік амбулаторияның тарихы ертеректен басталады. Осыдан 67 жыл бұрын ауылда аурухана ашылып, халықтың жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жасалған. Бір жылдары сол кездегі аурухананың бас дәрігері Қамарай Рамазанова бастаған ұжым сырқаттың дертіне дауа тауып, ауыл медицинасын дамытуға күш салған. Кейіннен сала ардагерлері қатарын толықтырған стоматолог-дәрігер Шайзада Кайрова, аға мейірбике Әсия Бекетова, медбикелер Әсемкүл Жүсіпова, Мақпал Қосанова, Лаура Әлімбетова, акушерка Саракүл Әбенова, шаруашылық меңгерушісі Бекжігіт Өмірзақов, кіші буын қызметкерлері Қаншагүл Уәлиева, Әлия Қосанова, Орынкүл Уалмева, аспазшы Рахима Рысбаева, автокөлік жүргізушісі Төлеу Бекетов еңселі еңбек ете білген жандар. Өз кезегінде 2022 жылға дейін қажырлылық танытып, жұртшылықтың көңілінен шыққан жалпы тәжірибелік дәрігер Гүлмира Бекпенбетованы ерекше айта кеткен жөн. Бүгінде жаңарған, жасарған ғимаратта саладағы қызмет барысын үйлестіріп келеміз. Күндізгі стационарға жекелеген тұрғынды қабылдап, диагнозы бойынша ем-шара қолданудамыз, – дейді Жанар Аманкелдіқызы.
Жалпы дәрігерлік амбулаториядан өткен жылы 392 адам ем алса, биылғы жылдың 7 айында 147 адамға ем-шара жүргізілген. Дәрігер қабылдауында былтыр 9739 адам болса, осы жылы 4817 науқас болған. 2024 жылы Аманкелді ауылында 46 бала дүниеге келсе, осы күні 14 бала аманкелділік атанған.
– Ауыл медицинасы – елдің денсаулық сақтау жүйесінің ажырамас бөлігі. Біз ауылдық жерлердегі халыққа алғашқы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етуге барымызды саламыз. Негізінен, дәрігерлік амбулаторияда 1 жалпы тәжірибелік дәрігер, 1 акушер-гинеколог, 17 орта буын маманы, 7 кіші буын қызметкері, 1 шаруашылық меңгерушісі, 1 автокөлік жүргізушісі, 1 қарауыл бар. Күнделікті үйден шақыртуларға барып, егде кісілердің, балалардың денсаулығын тексереміз. Тегін дәрі-дәрмек «Д» есепте тұратын азаматтарға беріледі. Аманкелді ауылында қоғамдық іс-шараларға қатысып, ұжым мерейін тасыту мақсатында лайықты еңбек ете береміз, – дейді білікті дәрігер.
Балтабай ОРДАБЕКОВ